ӘДЕПТІЛІК ӘЛІППЕСІ НЕДЕН БАСТАЛАДЫ?

0
26

Елдің бір үлкен оқымыстысы сол елдің өте бай адамымен сөйлесіп тұрыпты. Қастарынан бір жарлы, өте қарапайым адам өтіп бара жатып елге белгілі оқымыстының алдына келіп, басын иіп сәлем береді. Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.

Сонда ғалымның қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша біліміңізбен ел танитын ғалымсыз. Сөйте тұрып жарлы адамға соншалық басыңызды иіп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? – деп сұрайды. Сонда ғалым тұрып:
– Ешбір ғылым – білім үйренбеген қарапайым адам әдептілік көрсетіп маған басын игенде мен одан әдепсіз болып көрінсем, ол маған лайық па? – деген екен.
Осы әңгімеден байқаға-нымыздай, әдептілік әліппесі амандасудан басталады екен. Жалпы алғанда қазақтың тұрмыс-салтында «әдеп сақтау» деген қанмен сіңетін тәрбиенің бастауы ғой. Бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан жастар отбасынан қандай әдептерді үйреніп шығады? Көшеден қандай әдеп көреді? Әдеп деген мәдениеттің, ізгіліктің көрсеткіші болса, біздер, бүгінгі жастар мәдениеттіміз бе?
Мақсат, жас маман — эколог: – Әрине, мәдениеттіміз. Біз жоғары білімді маманбыз. Талапқа сай жұмыс істеп, өмір сүруге ұмтыламыз. Сырт келбетіміз де, киіміміз де, гаджеттеріміз де заманға сай.
Сұрақ: Бұл енді сенің сыртқы бейнеңнің мәдениеті дейік. Ал көпшіліктің арасындағы сенің өзіңді көрсетуің, ұстауың, сәлемдесуің — сені әдепті жігіт деуге бола ма? Мысалы, көпшілік орындарда кикілжің туып жатса, біреу-біреумен жанжалдасып жатса, өзіңді қалай ұстайсың? Қоғамдық көлікте аяғы ауыр келіншекке отырған орныңды берер ме едің? Көшеде заттарын әрең көтеріп бара жатқан апаға көмектесер ме едің?
Мақсат: Сіздің сұра-ғыңыз маған ұнап тұрған жоқ. Автобуста орнымды бергім келсе беремін, бергім келмесе отыра беремін. Ал екі адам жанжалдасып жатса, онда менің не шаруам бар? Өздері шешіп алады да мәселелерін.Біреуге ақыл айтқанды жаным сүймейді, кешірерсіз. Ары қарай маған сұрақ қоймай-ақ қойыңызшы…
Бұдан кейін өзгелерге сұрақ қойғанды мен де құп көрмедім… Қазіргі әдептің өзгергені ме, уақыттың салдары ма? Әлде әдеп деген түсінікке көзқарас өзгерді ме? Ойланып қалдым…

Автобуста үлкендерге орын беру әдебі

Алысқа бармай-ақ қоялық – автобус ішіндегі әдепті айталықшы.
Жұмысқа барып-келу автобуспен қатынайтын жерде болған соң қала тұрғындарының көлігі көпшілік мінетін транспорт. Ал сол автобустағы үлкендерге орын ұсыну әдебі қандай?
Орын беру әдебі өте төмен. Орындықта отырған өрімдей жастың ешқайсысы ұшып тұрып үлкенге орын бергенін көрмеппін. Тіпті кейде оларды түртіп, – Әй, бала, қасыңда тұрған үлкен кісіге орныңды берсейші! – деп айтуға тура келеді. Соның өзінде жақтырмай тұрады орнынан. Ойланатын жай. Сонда үйде балаларға автобуста орын беру әдебін үлкендер айтып, үйретпей ме?
Құлақтарына сіңірмей ме? Кей жүргізушілерге риза боласың. – Автобустағы үлкен адамдарға, жастар, орын беріңдер! – деп ескертіп отырады. Енді сондай ескертулер автобус ішінде жазылып тұрса да дұрыс болар еді.
Есіме осы орайда бір әзіл түсіп кетті. Автобуста отырған бала жасы келген әжеге орын берсе, ол кісі отырмапты.
– Отыра бер, балам, кейін мен сияқты болғанда түрегеп тұрасың, соған дейін жас кезіңде отырып ал! – деген екен.

Көшеде жүру әдебі

Неге екенін өзім де білмедім, көшедегі жастардың өзін ұстауына көңіл бөле бердім. Байқағаным, жеке, жалғыз жүргендерден гөрі, тобырымен жүрген жастарда әдепсіздік көп байқалады екен. Жан-жағындағы адамдарды елемей айғайлап сөйлеу, қарқылдап-шиқылдап күлу, бірін-бірі тыңдамай сөйлеу, төмпештеу, ойнағансып артынан барып аяқпен тебу, алысу-жұлысу, топтасып тұрған жерде түкіру-қақыру, мұрынды да аямай босату, боғауыз сөздерді борату сияқты жиіркенішті қылықтар көп-ақ. Қолындағы қағаз қоқыс пен сусын ыдысын кез келген жерге лақтыра салудың олар үшін ешқандай сөкеттігі жоқ. Тәрбие қайда? – деп ойлайсың…

Әже тәрбиесіндегі біз естіген тиымдар

Осы орайда жас кезімізден үйдегі тәрбиенің ықпалын күні бүгінге дейін есімізден шығармай тәрбиеленгендігіміз еске түседі. Дөңгелек үстел басында бала-шаға, ата-әжемізбен отырғанымызда әжеміз бізге нанды қалай жеуді үйрететін. Ол кісінің айтуынша, «Нанды тістеп жеуге болмайды. Нанды қолыңмен аузыңа сиятындай мөлшерде үзіп алып аузыңа салу керек. Ал нанды тістеп жегенде, нанды тістеген жағын өзіңе қаратып қою керек. Әйтпесе нанды опырайтып жеген аузыңның ізі қалып басқа адамдар қарағанда өте ыңғайсыз көрінеді», – дегеніне ол кезде күлсек те, айтқанын істейтінбіз.
Бой жетіп, көшедегі жігіттер қыздарға қарап әзілдейтін кездерде қыздардың ерсі жауабын әжеміз құптамайтын.
– Атың кім, қарындас? – деген сұраққа, – атымды неғылайын деп едің, мінейін деп пе едің, – деп жауап қайтарған қызға әжем бетін сызып:
– Ұят-ай, олай жауап беруге бола ма екен, көргенсіз, – дегені бар.
– Енді не деу керек?
– Қатты білгіңіз келсе атым ешқайда қашпайды, білерсіз атымды деп қана қою керек. Танымайтын адамға зіркілдеп ұрысу дұрыс емес, – деуші еді.
– Қыз деген жай жымиып қана күлуі керек, қарқылдамай, өңеші көрінгенше күлу болмайды қыздарға, – деп ескертетін.
– Су ішкенде қылқылдатпай, дыбыссыз ішіңдер, – деп тағы ескертетін.
– Қазандағы сорпаның дәмін көрген қасықты аузыңа салған соң қайта қазанға салып араластырма, қарап отырған адам жиіркенеді, – деуші еді.
– Орныңнан тұрғанда атып тұрмай, жай тұрып кет, – дейтін.
Қарап отырсаң әдептің негізі қазақи тәрбиеде екен ғой.
Жоғарғы оқу орнында оқып, кешке мейрамханада жұмыс істейтін Бекарыс:
– Өздеріңіз білесіздер ғой, мейрамхана дегеніңіз театр болмаса да, еркін отырып демалатын жер. Қазақта той көп. Мейрамханаға келгенде бәрі керемет болып келеді де, кетерде сол бір ыздиған мәдениетті адамның тұлғасынан түк қалмай, сүйретілген маскүнем болып шығады. Әсіресе, қазір жас қыздар мен әйелдер көп ішетін болыпты. Жігітке асылып бара жатқан мас қыздар сондай жиіркенішті көрінеді. Жасыратыны жоқ, біз жұмыс аяғында мейрамханалардың дәретханасын да тазалаймыз.Ондағы көріністі айтсам, әйелдер дәретханасы ең лас орын… Қайта ерлер дәретханасы таза.
Міне, осындай ерсі қылықтар бойына сіңген жастар жоғары білім алып немесе бір мамандық иесі атанған соң жұмыс істейтін ортада өзін қалай ұстайды? Кеңсе этикасына қалай бейімделеді?

Кеңсе этикасы

Қызметтік ортаңдағы ұжым үлкен болса да, шағын болса да әр ұжым мүшесінен кеңсе этикасын талап етеді. Ол неден басталады? Жұмысқа келу, кету, түскі асқа шығу уақыты қатаң сақталатын мекемелер бар. Жұмыс режимі босаңдау мекемелер бар. Қандай мекемеде жұмыс істесең де өзіңді сол кеңсе режимінің талабына сай ұстауға әдеттенуің керек.
Азды-көпті өмір тәжірибесінде байқағанымды ортаға сала отырып айта кетейін дегенім, кеңсе этикасының тамырында қазақи ибалық пен отбасы тәрбиесінің ықпалы көп байқалады екен. Сонымен, кеңсе этикасында байқағандарымды ортаға салсам:
– Жұмысқа басшыдан кейін ешқандай себепсіз және ұдайы түрде кешігіп келуің – ол нағыз әдепсіздік.
– Кешіккен себебіңді ыржиып немесе күлімсіреп жеткізу ол да кеңсе этикасына қайшы әдет. Күлімсіреу жағымды эмоция белгісі болғанымен, сенің жұмысқа ұдайы кешігіп келуің — жағымды қылық емес.
– Басшының кабинетіне келген себебіңді табалдырықта тұрып айту — ерсі қылық. Айтатыныңды қысқа және нұсқа түрінде жақындап жеткізіп, нәтижесін біліп шығу керек. Жалпы алғанда, ең аз қашықтықты сақтау әдетте жақсы этикет болып саналады.
– Басшының алдындағы шағын жиналыста столға жатып тыңдау — өте өрескел әдет. Ауырып отырсаңыз рұқсат сұрап шығып кеткен жөн.
– Басшы сөйлеп жатқанда керіліп-созылу – үлкен әдепсіздікке жатады. Жарысып сөйлеу де жақсы әдеп емес.
– Кеңседе асығып-аптықпай сөйлеп үйрену керек. Сөз мәнерін, дауыс ырғағын бірқалыпты етіп жеткізуге ұмтылған жөн. Әдепті болып көрінем деп тым әсірелемеген жөн. Ұстамдылық пен нақтылыққа үйренген дұрыс.
Әдептілік – тәрбие белгісі. Жұрт алдында әдептілікті сақтау – мәдениетті болудың басты белгісі. Мәдениетті адам ешқашан дөрекі мінез танытпайды, ерсі қылық жасамайды. Әдептіліктің кеңседен басқа жерлердегі белгісін де назарда ұстаңыз.
– Театрда т.б. мәдени орындарда танысыңды кездестіріп қалсаң, көрермендерге кедергі келтірмес үшін басыңды изеп немесе жымиып амандассаң жеткілікті. Сондай-ақ, театр спорттық киіммен баратын қоғамдық орын емес екенін ұмытпаған жөн.
– Көпшілік арасында аяқ-киім тазалау, қоқыс тастау, дауыс көтере сөйлеу, кезекке қарамау, бояну мен тарану сияқты әрекеттерді жасамаған жөн.
– Үлкен адамдардың ортасында ұқыпты киініп жүр. Қолдарыңды тізеңде, не үстел үстінде ұстаған жөн.
– Үстел басында өзіңді дұрыс ұста. Дастарханға қойылған қасық, шанышқыны дұрыс пайдалана біл. Сорпаны қасықпен бір ұрттағанда, ауызға сыятындай мөлшерде алу керек. Көпшілік арасында отырғанда, тамақ ішу тәртібін білгенің жөн.
– Қолды қалтаға салып жүруді ешқашан әдетке айналдырма. Бұл – мәдениеттілікке жатпайды.
Әдеп – ол адамдардың жүріс-тұрысы мен өзара қарым-қатынастың ережелері. Олай болса, әдептілік – әдеміліктің басты белгісі екенін ұмытпаған жөн.

 

Баян ТАҢАТАРОВА