ЕР БОЛМЫСЫ — ЕР БОЛАШАҒЫ
Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласынан 100 адамның қатысуымен 07 қараша күні өңірлік «Ер болмысы-ел болашағы» тақырыбында әкелер форумы өткізіліп, үздік әкелер марапатталды. Форум әке институтын қолдауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және ұл бала тәрбиесіндегі маңызды қағидаларды дәріптеуге бағытталған басты шаралардың бірі болды. Форумға әр аудан мен қаладан арнайы делегаттар – ұсынылған, беделді, белсенді әкелер, мектептер мен колледждердің ата-аналар комитеттерінің өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері және жергілікті билік мүшелері қатысты. Әр ауданнан келген әкелер форум аясында баяндамашылардың баяндамасын тыңдап, өз пікірлерін білдірді. Форумның негізгі мақсаты: қоғамдағы жауапты әке болу мәдениетін күшейту; отбасындағы ер адамның рөлі туралы қоғамдық пікір қалыптастыру; ұл тәрбиесіндегі заманауи сын-қатерлерді талқылау; аймақтағы үздік әкелерді ынталандыру және отбасылық тәрбиедегі озық тәжірибелерді тарату; ата-аналар мен қоғам арасындағы бірлесе әрекет ету тетіктерін дамыту. Форумға қатысқан әкелер: өз отбасылық тәжірибелерімен бөлісті, бала тәрбиесінде қолданатын әдіс-тәсілдерін ұсынды, ұл баламен арадағы байланысты қалай нығайтуға болатыны туралы ойларын айтты, басқа аудандардағы озық тәжірибелермен танысты. Пікірталас бөлімінде қатысушылар еркін форматта сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді. Бұл бөлім әкелер арасындағы ынтымақтастық пен ортақ мәселелерді бірлесіп шешу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Форумның бағдарламасы мен қатысушылар тізімі, сауалнама жауаптары қосымшада көрсетілді.
Марапатталған әкелер ішінде: Жетісу облысының 8 ауданы мен 2 қаласының қарапайым қоғамдық жұмыс мамандарынан бастап, көп балалы әкелер мен ауыл әкімдері болды. Әртүрлі қызмет өкілдерінің басы қосылып, марапат бұрын соңды алмаған әкелер форум соңында қуаныштан көз жасына ерік берді.
Арайлым МҰХИТҚЫЗЫ
