ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ

Бильярд спортының дамуына сүбелі үлес қосып, «Жетісу» командасының капитаны болған Мизамбеков Талғат Темірбекұлын еске алуға арналған дәстүрлі турнир Жетісу облысында өтті.
Аталған спорттық дода «Звезды» бильярд клубында ұйымдастырылып, екі күнге созылды. Жарыстың ашылу салтанатында Жетісу облысы Бильярд спорты федерациясының президенті Тоқтар Есімов сөз сөйледі. Марқұмды еске алу мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі турнирге 64 спортшы қатысып, өзара бақ сынасты.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша 1-орынды Ермек Тынысбаев иеленді. 2-орын Асхат Қасымбековке, 3-орын Қуат Бахарамұлына, ал 4-орын Өскен Қалтаевқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, турнирге қатысқан өзге ойыншыларға да ынталандыру сыйлығы беріліп, еңбектері ескерусіз қалмады.
Айта кетерлігі, жарысқа жас спортшылардың да белсенді қатысуы турнирдің маңызын арттыра түсті. Атап айтқанда, 10 жастағы Камила Трубгиникова мен 11 жастағы Савелин Трубгиников ең жас қатысушылар ретінде өз өнерлерін көрсетті. Аталған турнирді ұйымдастыру және төрешілік ету жауапкершілігін Асхат Қасымбеков пен Самат Оразбаев өз мойындарына алып, жарыстың жоғары деңгейде, әділ әрі жүйелі өтуіне атсалысты. Жалпы, бұл бильярд турнирі Талғат Темірбекұлының жарқын есімін ұлықтап қана қоймай, жас спортшыларды қолдап, Жетісу өңірінде бильярд спортының дамуына тың серпін берді.
Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ
