«FELT BOOK — 2025» КІТАП КӨРМЕСІ

19 желтоқсан күні Тіл сарайында «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі Қызылжар шайқасының 327 жылдығына орай «Felt Book – 2025» кітап көрме-фестивалін өткізді. Бұл шара өңір тарихын жаңғыртуға және жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға болды.
Көрмеде бірлестіктің 2025 жылы дайындаған жаңа басылымдары таныстырылды. Атап айтқанда, «Шалғай ауыл шырағы», «Жаркент – киелі мекен», «Қызылжар шайқасына дейінгі Нылқы көтерілісі», «Ермырза батыр», «1916 көтеріліс: баспасөздегі көрінісі» және басқа да кітаптар көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме кезінде «Жетісу» өлкетанушылар орталығының директоры Қажет Андас әр кітаптың шығу тарихын айтып, тарихи оқиғалар мен тұлғаларды көпшілікке таныстырды. Кітап авторлары мен олардың жақындары жаңа басылымдардың қызыл лентасын қиып, шараға ерекше мән берді.
Шара соңында «Кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, жаңа басылымдар кітапхана қорларына тарту етілді. Бұл бастама өлке тарихын насихаттаумен қатар, оқырман қауымның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
