БАЙҚАУ ТАЛАП ҮДЕСІНЕН ШЫҒА АЛМАДЫ

0
23

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы қадамы 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан басталған болатын — деп қазір еш алаңсыз айта алатын болдық. Өткен күн – тарих десек, Желтоқсан тарихы қазақ жастары үшін ұмытылмас ауыр күндер. Өйткені ол күндердің зардабы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін созылды.

Алматы алаңындағы тоталитарлық режимге деген жастардың қарсылығын білдіруге арналған желтоқсанның ызғарлы күндеріндегі бейбіт шеруіне келесі жылы 40 жыл толады. Ол шерудің соңы жастарды және жастарды қолдаушы азаматтарды жазалауға, қудалауға, ұрып-соғып, өлтіруге, қамап-соттауға дейін барғаны белгілі.
Қазір Желтоқсан желінің суығын бас-тан өткізген ұрпақтың тірі қалғандары 50-60 жаста. Қазақтың басынан өткен желтоқсанның қаншама жастың тағдырын талқандап кеткенін бүгінгі ұрпақ біле ме? Мектеп оқушыларының кітаптарында бұл тарих жазылмаған. Тек тәрбие сағаттары, ашық сабақ немесе естелік сабақтары сияқты оқудан тыс сағаттар болмаса пән сабақтарында Қазақстан тарихының бұл күні жазылмаған.

НӘТИЖЕ

Ұлт тарихындағы ең бір тағдырлы кезеңдердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Бұл оқиға қазақ жастарының әділетсіздікке қарсы тұрып, ел болашағы үшін бас көтерген батылдығының айқын көрінісі еді. Осы тарихи шындықты жас ұрпақтың жадында жаңғыртып, тәуелсіздікке бастар жолдың оңай болмағанын түсіндіру мақсатында «Алатау» қоғамдық-саяси газеті 24 қазан күні мектеп жасындағы оқушылар арасында «Желтоқсан – 86» тақырыбында шығармашылық байқау жариялаған болатын.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың тарихи танымын кеңейту, елдік санасын қалыптастыру, Желтоқсан көтерілісінің маңызы мен мәнін өз көзқарастары арқылы жеткізуіне мүмкіндік беру еді. Осы мақсатта жарияланған байқауға 27 қазан мен 8 желтоқсан аралығында Жетісу өңірінің әр түкпірінен – Көксу, Ескелді, Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарынан және Талдықорған қаласынан барлығы 22 шығарма келіп түсті.
Қатысушылардың жас ерекшелігі де әртүрлі болды. Байқауға 3-сынып оқушысынан бастап 11-сынып түлектеріне дейін қатысып, әрқайсысы Желтоқсан оқиғасы туралы өз білгенінше, өз деңгейінде ой толғады. Әсіресе Көксу ауданынан келіп түскен шығармалар санының көптігі өңірдегі оқушылардың тарихқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
Жазылған жұмыстарда оқушылар 1986 жылғы Алматыдағы бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарының ерлігіне тоқталып, сол кездегі әділетсіз саяси шешімдер мен ұлт намысына тиген қиянаттарды сипаттауға тырысқан. Сонымен қатар, өлең шумақтарын шығарған дарынды балалар да болды. Кейбір шығармаларда Желтоқсан көтерілісін тәуелсіздіктің бастауы ретінде бағалап, бүгінгі егемен ел болуымыздың сол оқиғамен тығыз байланысты екенін атап өткен.
Сонымен қатар, байқауға келген жұмыстардың барлығы бірдей мазмұндық және тарихи тұрғыдан мінсіз болды деуге келмейді. Кейбір оқушылар Желтоқсан оқиғасын Қазақстанның тәуелсіздік алған 1991 жылмен шатастырып алған, ал енді бір шығармаларда ой қысқа жазылып, тақырып толық ашылмай қалған. Бастысы бір-біріне ұқсас, жаттанды жазылған шығарма көп. Бұл жағдайлар оқушылардың жас ерекшелігі мен тарихи деректерді толық меңгермеуінен туындағаны анық. Осы себепті байқау қорытындысында қатысушыларды жүлделі орындарға бөліп, жарыстыруды жөн көрмедік. Әр оқушының жазба жұмысы газетіміздің №45-49 сандарында жарияланды.
Дегенмен, келген шығармалардың арасынан мазмұны терең, көркем тілмен жазылған, тарихи оқиғалар желісін нақты әрі жүйелі баяндаған жұмыстар да ерекшеленіп көзге түсті. Атап айтқанда, Алакөл ауданынан 11-сынып оқушысы Әмір Арайдың және Ескелді ауданынан 6-сынып оқушысы Нұрәли Әсетханның шығармалары Желтоқсан көтерілісінің себеп-салдарын ашып, сол кездегі ішкі әділетсіздіктерді нанымды түрде көрсете алғанымен дараланды. Бұл жұмыстарда авторлардың тақырыпты сезіне отырып, тарихи оқиғаға азаматтық көзқараспен қарағаны аңғарылады.
Жалпы, байқауға ұсынылған әрбір шығарма – жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығының, тәуелсіздікке деген құрметінің белгісі. Оқушылардың өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, өткенге үңілуі – рухани тәрбиенің маңызды көрінісі.
«Алатау» қоғамдық-саяси газеті байқауға қатысып, бабалар аманатына бейжай қарамай, Желтоқсан рухын ұлықтауға атсалысқан барлық оқушыларға шынайы алғысын білдіреді. Тарихты білу – өткенді ғана тану емес, болашаққа дұрыс бағыт алу. Сондықтан азаттық жолында жанын қиған боздақтардың ерлігі жас ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН