ЖАҢА ЖЫЛ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

0
18

Жаңа жыл – қыстың қақ ортасында келіп, табиғаттың салқындығына қарамастан, адамдардың жүрегіне жылу, жүздеріне күлкі сыйлайтын ерекше мереке. Ол әрбір жан үшін жаңа үміттің, жаңа бастаманың, алға қойған арман-мақсаттардың қайта жаңғыратын шағы. Жыл бойғы тынымсыз тірліктен бір сәтке дамыл алып, өткенге көз жүгіртіп, келер күнге сеніммен қарауға жетелейтін осынау мейрамды жұртшылық асыға күтеді. Әр үйде шырша тігіліп, шамдар жарқырап, дастарқан қамы жасалады. Балалар Аяз атаның келуін тағатсыздана күтсе, үлкендер үшін отбасы мен жақын жандардың басын қосатын қастерлі сәт.

Жаңа жыл қарсаңында қала мен аудан орталықтары да ерекше кейіпке енеді. Көшелер мен алаңдар мерекелік жарыққа малынып, жаңа жылдық мүсіндер орнатылып, алып шырша бой көтереді. Мұның барлығы тұрғындардың көңіл күйін көтеріп, ортақ қуаныш сезімін қалыптастырады. Осындай сәтте тұрғындарды «биыл қаламызда қандай шаралар өткізілмек?» деген сауал толғандырмай қоймайды. Осы орайда алдағы жаңа жылдық шаралар жайын қалалық әкімдіктен сұрап білдік.
Биыл Талдықорған қаласында Жаңа жыл мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге бағытталған кешенді шаралар жоспары әзірленіп, мерекелік безендіру мен мәдени-көпшілік іс-шаралар қала тұрғындарына да, қонақтарына да ерекше әсер сыйламақ.
Соның бірі, 20 желтоқсан күні орын алып, Орталық алаңда мерекелік думанның бастамасы ретінде Жаңа жылдық бас шыршаның шамы салтанатты түрде жағылды. Бұрынғы жылдары қаладағы бас шырша жай ғана, концерттік бағдарламасыз қосылып келген еді. Ал биыл алғаш рет бұл рәсім кең ауқымды мерекелік шарамен, концертпен, театрландырылған көріністермен бірге өтті. Оған қала тұрғындары мен қонақтары – еңбектеген баладан, жасы үлкен ақсақалдарға дейін қатысып, ортақ қуанышты бірге бөлісті.
Мерекенің сәнін кіргізген ең әсерлі сәттің бірі қала тұрғындарының қатысуымен ұйымдастырылған Аяз ата, Ақшақар және ертегі кейіпкерлерінің шеруі болды. Бұл шараға 200-ге жуық кейіпкер қатысып шараны ерекше ықыласқа бөледі. Алайда, іс-шара аяқталған соң әлеуметтік желіде тұрғындардың бір бөлігі: «Өте керемет әрине, бір бірақ болып тұр — өзіміздің қазақ тілінде жүргізуге болмай ма?», «Шыршаны жағарда неге орысша санады? Бұрын қазақша санатушы еді. Қазақстанда тұрып қазақпыз ғой қазақша санамай ма. Біртүрлі екен» деген реніштерін білдірді.
– Биыл орнатылған бас шырша да айрықша сипатқа ие. Ол жаңадан әзірленіп, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген. Биіктігі 23 метрді құрайтын алып шырша Орталық алаңның сәнін кіргізіп, қаланың басты мерекелік символына айналды. Шыршаның әрбір элементі ұлттық рухты сезіндіретіндей етіп ойластырылған. Сонымен қатар, қала аумағында 30-дан астам жаңа жылдық сәулеттік мүсін қойылды. Олардың алтауы бұрын-соңды қолданылмаған, заманауи әрі тың форматта әзірленіп отыр. Қаланы жаңа жылдық безендіруге барлығы 27 миллион теңге бөлініп, жұмыс жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, — дейді әкімдіктің мәдениет бөлімі.
Жаңа жылдық безендіру мен мерекелік шаралар тек Орталық алаңмен ғана шектелмейді. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – «Жастар» саябағында да биіктігі 18 метрлік әсем шырша орнатылып, саябақ аумағы түрлі жарық шамдарымен, сәндік элементтермен безендірілді. Бұл жер жаңа жыл қарсаңында серуендеп, мерекелік көңіл күйді сезінгісі келетін тұрғындар үшін тағы бір тартымды орынға айналмақ.
Биылғы Жаңа жылдық дайындықтың тағы бір маңызды ерекшелігі – қала маңындағы Өтенай және Еркін ауылдық округтерінде алғаш рет жаңа жылдық шыршаның орнатылуы. Бұған дейін бұл округтерде мұндай көлемдегі мерекелік безендіру болмаған. Биіктігі 14 метрлік шырша қойылып, оған қоса 15 мерекелік мүсінше орнатылды. Бұл жаңалық ауыл тұрғындары, әсіресе балалар үшін үлкен қуаныш сыйламақ. Жарқыраған шамдарды қызықтаған балалардың шат күлкісі, ауыл тұрғындарының ортақ қуанышы елді мекеннің келбетіне ерекше көрік бермек.
29 желтоқсан күні әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар да назардан тыс қалмай, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өткізіледі. Мерекелік шараға әлеуметтік осал санаттағы шамамен 1500 бала қатысады деп күтілуде. Балалар үшін арнайы аниматорлардың қатысуымен мазмұнды мерекелік бағдарлама, ертегі қойылымдары ұйымдастырылып, сыйлық табыс-талады. Мұндай кеш балалардың жаңа жылды шынайы қуанышпен қарсы алуына, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Эльдорадо» циркінің қойылымы көрермендерге ерекше әсер сыйламақ. Ал 31 желтоқсан күні «Жастар» саябағында жаңа жылды қарсы алуға арналған үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылып, қала тұрғындары ескі жылды әсем әуенмен шығарып салып, жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алады. Өткен жылғыдай әсерлі әрі көркем отшашу ұйымдастырылып, Талдықорғанның түнгі аспаны сан алуан түске боялмақ.
Осылайша, қала төрінде ұйымдастырылған жаңа жылдық шаралар тек сән-салтанат пен көңіл көтеруге ғана емес, қала мен ауыл тұрғындарының бірлігін бекемдеп, ортақ қуаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған. Жарқыраған шырша мен мерекелік әуен, балалардың шат күлкісі мен үлкендердің ақ тілегі – мұның барлығы жаңа жылды шынайы жылылықпен қарсы алудың көрінісі. Қалалық әкімдік тарапынан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі де қатаң бақылауда болып, адам көп жиналатын орындарда және отшашу кезінде барлық сақтық шарасы сақталмақ. Бұл азаматтардың мерекені алаңсыз, қауіпсіз жағдайда қарсы алуына мүмкіндік береді. Осындай мазмұнды да мағыналы шаралар арқылы Талдықорған жаңа жылды жаңаша леппен, жарқын үмітпен қарсы алады.
Жаңа жыл әр шаңыраққа тыныштық пен татулық, береке мен молшылық әкелсін. Балалардың күлкісі тыйылмай, үлкендердің ақ тілегі қабыл болсын. Алда тұрған әр күн жарқын жаңалыққа, игі істер мен сәтті бастамаларға толы болып, қала мен ауылдың дамуына, ел бірлігінің нығаюына жол ашсын. Жаңа жыл баршаңызға қуаныш, денсаулық және ең бастысы – жүрек жылуын сыйласын!

 

 

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ