ШЫРША САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

0
18

Жаңа жыл мерекесі десе, көпшіліктің көз алдына ең алдымен жарқыраған ойыншық пен көмкерілген, жасыл желекке оранған шырша келеді. Ол – тек безендіру құралы емес, жаңа жылдың басты нышаны, жаңару мен үміттің белгісі. Сондықтан шыршасыз жаңа жылды елес-тету мүмкін емес. Шырша әр үйге мерекелік сән беріп қана қоймай, адамдардың көңіл күйін көтеріп, бірлік пен жылулыққа жетелейді.

Желтоқсан айы басталысымен Талдықорған қаласында да мерекелік қарбалас айқын сезілуде. Қала көшелері мен сауда орындары жаңа жылдық әшекейлерге толып, тұрғындар алдағы мерекеге қызу дайындыққа кіріскен. Әсіресе шырша саудасы жанданып, базарлар мен арнайы нүктелерде жасыл ағаштың түр-түрі ұсынылуда.

ҚАЛАДАҒЫ ШЫРША БАҒАЛАРЫ

Шырша бағасын білу мақсатында бірнеше сауда орындарын аралап көрдік. Қаладағы базарлар мен арнайы сауда орындарында табиғи шыршаның бағасы шамамен 5–12 мың теңге аралығында екен. Баға ағаштың биіктігіне, қылқанының тығыздығына және сыртқы көрінісіне байланысты өзгереді дейді саудагерлер. Сатушылардың айтуынша, мереке жақындаған сайын сұраныс артқандықтан, баға да біршама құбылып отырады.
Ал жасанды шыршаның бағасы 10 мың теңгеден басталып, сапасы мен көлеміне қарай 30–90 мың теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар, бүгінде көптеген тұрғындар интернет дүкен арқылы шырша сатып алуға да көшіп жатыр екен. Онлайн сауда платформаларындағы ұсынысты базардағы бағамен салыстырып көрсек, айырмашылықтың ауқымы кең екенін байқауға болады. Интернет дүкендерінде ең арзан жасанды шырша 2 990 теңгеден басталып, ал биіктігі ұзын, көлемі ірі, әрі сәндік элементтері мол үлгілердің бағасы 170 мың теңгеге дейін барады.
Айта кету керек, жаңа жылдық дайындық тек шырша сатып алумен шектелмейді. Шыршаның өзі белгілі бір қаражатты талап етсе, оны безендіретін ойыншықтарға да қосымша шығын жұмсалады. Қала дүкендері мен базарларында шырша ойыншықтарының түрі де, бағасы да әртүрлі. Қарапайым шарлар мен гирляндалардың шағын жиынтықтары 1–3 мың теңге аралығында сатылса, орташа деңгейдегі ойыншықтар топтамасының бағасы 5–10 мың теңгеге дейін жетеді. Ал сапасы жоғары, дизайнерлік немесе жарықтандырылған ойыншық құны 15–30 мың теңге шамасында.
Жоғарыда тек шырша бағасын айттық. Ал жаңа жылдық дастарқанды жаюдың өзіне қанша қаржы кететінін есепке алмадық. Мереке қарсаңында азық-түліктің қымбаттайтынын бәріміз білеміз. Өткенде әлеуметтік желіде бір депутаттың жаңа жылдық үстел дайындауға 100 мың теңгем кетеді деген сөзін көріп қалған едім. «Жоғары лауазымды шенеуніктер шынымен солай қарапайым дастарқан жая ма? Бір мейрамханаға отырып кешкі ас ішкенінің өзі қымбатқа түсетін депутат елді неліктен алдап тұр?» деген сұраққа жауап таппадым. Мысалы, жалақысы төмен 5-7 адамнан тұратын қарапайым отбасының өзі жаңа жылдық дастарқан жаюға 50-70 мыңның айналасында қаржы жұмсайтыны анық қой. Одан бөлек кішкентай балалары бар отбасылар отшашу алады. Оның 10 рет атылатын түрінің бағасы да 3 мың теңгеден кем емес. Соған қарамастан тұрғындар бұл мерекені атап өткенді ұнатады екен.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕРЕКЕНІ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛАДЫ?

Жұмабике: Жаңа жыл түн жарымында келетін қияли мереке. Адамның табиғаттан, жаратушыдан жақсылықты күтетін сәтінің дәлелі іспеттес. Біреулер «сендер қазақтар, шырша тігіп, өзге елдің мерекесін тойлап жатырсыңдар», — деп кінәлайды. Бұл дұрыс емес. Өйткені бұл біздің мемлекетіміздің ғана емес дүниежүзінің көптеген елдерінің заңды мерекесі. Жылдың ауысу күні. Қиял деген жүйрік ой. Кім жақсы өмір сүргісі келмейді? Сол үміті барлар ғана түн жарымында ұйқысын қиып жаңа уақытты қарсы алады. Баланың көңіліндей кіршіксіз таза ниетпен қарсы алсаңыз – жаңа жыл сізге сәттілік әкеледі. Сағат 12-ден кейін мен дастархан басында отырған сәбилерімізді беттерінен сүйемін де, Жаратушыдан осылардың таза, ашық қоғамда өмір сүруін тілеймін!
Ерлан: Жаңа жылды әрдайым отбасыммен бірге қарсы аламыз. Үйде шырша тігіп, балалармен бірге ойыншық ілеміз. Теледидардан мерекелік бағдарламалар көріп, түн ортасында тілек тілейміз.
Марат: Біз үшін Жаңа жыл демалыс пен тынығу уақыты. Көбіне достармен жиналып, шағын отырыс жасаймыз. Кейде қала орталығындағы мерекелік кешке барып қайтамыз.
Бағила апа: Бұрынғыдай думан қуалай бермейміз. Үйде немерелерімізбен бірге отырып қарсы аламыз. Бастысы – амандық пен тыныштық.
Тұрғындардың Жаңа жылды тойлау тәсілі әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – отбасы, жылулық пен жақын жандарыңмен бірге болу. Көпшілік үшін Жаңа жыл – салтанатты кештен бұрын, жүрекке жылу сыйлайтын мереке.
Жаңа жыл құтты болсын, оқырман!

 

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ