Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан

0
25

Тәуелсіз мемлекет болған Қазақстан азаматтарының жер шарының біраз елдерінде бар екені қазір таңқаларлық мәлімет емес. Осы Тәуелсіздікке дейін де ел шекарасы өзге елдерге жабық болғанда да шет елдерде қазақ диаспорасы өмір сүрген.Теңіз бен мұхит асқан қазақтарымыз сол елдердің азаматтары болып кеткен. Шетелдегі қазақтар демекші, қолымызға кездейсоқ тиген «Казахи в России» деп аталатын екі томдық кітапта атына сай, Ресейдегі қазақтар туралы жазылыпты. Оқи келе оның ішінен біраз қызықты мәліметтер таптық. Онда біраз Жетісудың жігіттері де аталған. Кітапты шығарған 2007 жылдардағы Ресейдегі Қазақстан елшілігі екен. Ал кітапты құрастырушылар алқасы ішінде қазір Талдықорған қаласында тұрып жатқан сол жылдардағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Төребек Ермағамбетовпен танысудың сәті түскен еді. Әрине, журналист мұндай кездесуден сұрақ қоймай кетпейтіні түсінікті емес пе? Сол сұқбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

— Төребек мырза, сіздер шығарған «Казахи в России» кітабында 600-дей Ресейде тұратын қазақтардың өмірдерегі жазылыпты. Осы кітапты жазып шығарудағы мақсаттарыңыз қандай еді?
— Жалпы статистика бойынша Ресей федерациясында тұратын этникалық қазақтардың саны миллионнан асады. Олардың көбісі ежелден тұрып келе жатқандар. Ал кейбіреулері жұмыс бабымен немесе оқып жүріп қалып қалғандар. Қазіргі кезде біздің ұлттың адамдары туралы деректерді халықаралық деңгейде деп айтайыншы, басқалар да білгісі келеді. Біз туралы, қазақ туралы білгісі келетін аудитория шеңбері аз емес. Сондықтан біздің отандастарымыз туралы ақпараттық мәліметті шығаруды жөн санадық.
Анығын айтқанда, біз шығарған Ресей қазақтары туралы анықтамалық еңбек толыққанды емес. Бұл туралы сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нұртай Әбіқаев та атап кеткен болатын. Кітап екі томнан тұрады.
Бірінші томында Ресейде тұрған ел тарихында өшпес із қалдырған, сол үшін еңбектері ерекшеленіп, түрлі марапаттарға, атақтарға ие болған қазақтың атақты тұлғалары жазылған. Олардың арасында қазақтың хандары мен сұлтандары, кеңесшілері, тарихшылары, Дума депутаттары, студенттер, ғалымдар, саясат, қоғам, немесе дін саласындағы белсенді де есімі белгілі қазақтар туралы берілген.
Екінші томдағы анықтамалық өмірдеректер қазіргі Ресейдегі танымал қазақ тұлғалары туралы. Ресей қазақтарының әлеуметтік статусын қарасаңыз, жоғарғы оқу орнының оқытушылары, кәсіпкер, бизнесмен, түрлі мекеме-ұйымдардың, кәсіпорындардың басшылары.
— Сіздің Мәскеудегі елшілікке қызметке алынуыңызға не әсер етті? Елшілікте қызмет ету үлкен абырой болғанымен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді емес пе? Оған қоса елшілікте қызмет еткісі келетіндер аз емес шығар. Таңдау неге Сізге түсті деп ойлайсыз? Дипломатия жолына бет алғанда бірінші ойыңызға не келді?
— Қиын сұрақ… Елшілікке жұмысқа алынуда іріктеу болатыны рас. Сені ол қызметке алса, ел сенімін ақтауың керек. Қазақта мақал бар ғой «елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген. Осы сөздер бекер айтылмаса керек-ті. Сенің әр сөзің, әр қимылың , әр қылығың екі ел татулығы деген таразының басында тұрады.
Дипломатиялық қызметке таңдап алынуым кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Себебі мемлекеттік органдар мен үкіметтік салалардағы еңбек тәжірибем аз емес. Сол қызметтерді атқара жүріп мемлекеттік қызметті атқару үшін қажетті қасиеттерді игердім. Жан-жақты даму, кәсібилікті игеру, біліктілікті арттыру, сауатты және әдепті болу, тағы сол сияқты талаптарға сай болу керектігін үйрендім. Ең бастысы – елге қызмет ете білу деп ойлаймын. Елшіліктегі бірінші хатшы ретінде білім мен ғылым, экономика саласына жауапты болдым. Әрине, саясат саласы бірінші орындағы талап болып есептелді.
Менің кандидатурамды бірінші хатшылыққа таңдап алғанда ойыма келген сұрақ мынау болды: — Мен бұл қызметті алып жүре алам ба? – деген.
Екі ел арасындағы экономика, білім және ғылым саласын дамытуға қандай үлес қоса аламын? — деп ойладым. Ресейде оқып жатқан қазақ студенттеріне құқықтық және дипломатиялық қолдау көрсетуде ауқымды жұмыстар тұрды алдымда. Ресейдегі қазақстандық студенттер мен аспиранттардың, ғалымдардың ғылыми жұмыстарын жүргізудегі ғылыми байланыстарды дамыту сияқты жұмыстар маған тапсырылды. Бұдан басқа Ресейдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату арқылы олардың қазақстандық қазақтармен, шығармашылық интеллигенция өкілде-рімен ғалымдар мен студенттердің кездесулерін ұйымдастыру сияқты жұмыстар атқару менің міндетіме кірді.
Әр дипломаттың негізгі қызметі – екі ел арасындағы халықаралық қатынастарды дамытып, мемлекетіміздің сыртқы саясатын қолдап, соны жүргізіп отыру.
— Осы дипломатия қызметіндегі ең алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Танысу ауқымы жылдар өткен сайын кеңейген болар?
— Әрине. Ұмытылмайтын күндер ғой олар. Елшіліктегі бірінші күні-ақ орыстың атақты ақыны Сергей Михалковтың шығармашылық кешіне шақырылып, ол жерде көптеген сырттай аттары белгілі болғанымен жақын таныстығым жоқ танымал адамдармен таныстым. Олардың қатарында атап айтсам, актриса ретінде атағы жер жарған Наталья Аринбасарованы айтар едім. Басқа да қазақ интеллигенция өкілдерімен жүздестік.Әсер деген керемет болды.
Ондай кездесулер мен танысулар көп болатын ол жылдары.Солардың бірі – Кеңес және Ресейдің ғалымы, физик, бүкілодақтық телеарнадан берілетін, бәріміз асығып, қызыға көретін «Очевидное — невероятное» хабарының тұрақты жүргізушісі С.П.Капица еді. Аз ғана тілдесудің өзінде ол кісі Алматыдағы обсерваторияның жұмысын сұрастырып, Қазақстан ғалымдарының америкалықтармен ғылыми байланыстары туралы қызыға сұрап қалды…
Алғашқы күн ғана есімде қалған жоқ, дипломатиялық жұмыста жүргенімдегі әр сәт есімде. Мысалы, Мәскеуде жүріп ондағы тарихи, дүниежүзіне белгілі мұражайлардың бәрін, тарихи орындарды көріп, рухани дүниемді толықтырдым десем қателеспеймін. Көптеген танымал орыс ғалымдарымен, қоғам қайраткерлерімен, Ресей жоғарғы оқу орындарының ректорларымен – МГУ-дің сол жылдардағы ректоры В.А.Садовничий, Мәскеу Халықаралық институтының сол кездегі ректоры А.В. Торкуновпен, Халықтар достығы университетінің сол жылдарғы ректоры В.М.Филиппов және басқалармен достық қатынаста болғанымды айтуға болады.
— Елшілікте іскерлік жағынан біраз тәжірибе жинап қалдыңыз. Дипломат саласы қызметкерінің іскерлік көрсеткіштері қандай болуы керек?
— Анығын айтсам, дипломатиялық ортада қызметкер өз жұмысы туралы көп айтпайды. Қысқаша айтсам, біз көпсөзді адам емеспіз. Дипломатия дегеніңіз жазбаша жұмысқа бейім сала. Уақыттың негізі ақпараттар дайындау, кездесулердің жобасын дайындау, отырған еліңдегі мемлекеттік және үкіметтік органдармен хат алмасу сияқты шаралармен айналысу. Дипломаттың тілі, әсіре-се халықаралық қатынастарда қарапайым да түсінікті, қысқа-нұсқа және деректер расталған болғаны шарт.
Елшілік қызметкері саясатқа жүйрік, экономика, құқыққа жетік және сол елдің тілін меңгеруі керек. Сонымен қатар адами қасиетің және жауапкершілік, сауаттылығың жоғары, тіл табыса білу, төзімді және ішкі мәдениетің мен сыртқы әдебің бар болуы шарт. Отбасында берілетін отансүйгіштік қасиет дипломаттың ең басты қасиеті екенін ұмытпау керек.
Дипломатиялық қарым-қатынасты жүзеге асыруда — 4 түрлі принциптерге сүйенеді:
— а/келісімге келу;
— б/байланыста болу;
— в/қарым-қатынасты орнату;
— г/өз мемлекетіңнің мақсат-тарын жүзеге асыру.
Бұдан басқа да ұлттық мүдде үшін анықтық, сенім, жан-жақтылық, түсіністік, зерделеу, байқампаздық, сенімге кіру, батылдық сияқты қасиеттер қажет.
Меніңше, бұдан басқа да, мысалы, физиогномикалық әдіспен, яғни, адамның бет әлпетін зерделеу арқылы оның мінез-құлқының ерекшеліктерін зерттей алу сияқты ғылыми емес әдістермен сөйлесіп отырған адамыңды тануға болады. Бұл да дипломатқа керек әдіс.
— Мәскеуде жүріп қазақшаңызды ұмытып қалған жоқсыз ба? Сіздер, қазақтар бас қосқанда ру сұраушы ма едіңіздер? Өйткені бұл біздің қанымызға сіңген ұлттық кодымыз деп жүрміз ғой қазір?
— Жоқ. Қазақшамызды ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. Біздің артықшылығымыз сол, біз орыс тілін жетік меңгерсек те, қазақшамызды орысшаға айырбастаған жоқпыз. Елшілікте қазақша сөйледік. Жаңа жоғарыда айтып кеттім ғой, елшінің басты мақсаты — мемлекет және ұлт мүддесін, ел намысын қорғау деп. Өз тіліңді білмесең – елдің мүддесін қалай қорғайсың?
Ал енді ру сұрасу деп қалдыңыз, онда тұрған не бар? Ру сұрасу қазақтың амандасудан кейінгі бейтаныс адамға қоятын екінші сұрағы болып табылады. Бұл сұрақ адамды бірін-бірі жақсырақ білуі үшін артық сұрақ емес. Ру сұрасу феодализмнің қалдығы дегендермен келіспеймін. Керісінше – сұрау керек. Қай рудан боласыз? – деп. Біз руға бөлінбейміз, қазақ рудан құралады – деген тұжырыммен келісемін.
— «Казахи в России» деген екі томдық кітаптағы бүгінгі қазақтарды қалай таптыңыздар?
— Жақсы сұрақ. Іздеп жүріп таптық (күлді). Әрине, оңай болған жоқ. Әсіресе, кітаптың екінші томындағы адамдарды табу. Олардың бәрі біздің заман адамдары ғой. Бірін телеарнадан көріп қалып, іздеп тауып аламыз. Тағы бірін кездескен адамдардың айтқан деректерімен табамыз. Енді бірін Ресей қалаларын іссапармен аралап жүріп кездестіреміз. Соларды іздеп тауып, әңгімелескенде таңқалады: «қайдан таптыңыз» – деп. Іздегенге маржан табылады деген осы шығар. Тірнектеп жүріп осы кітаптарды шығардық. Мәскеуде жүргенде қазақтардың бет-жүзін көрсек қуанатынбыз. Кейде біз «қазақ» деп танығанымыз «қырғыз» болып шығады.
Айта кететінім, Мәскеуде қазақтан кырғыздар көп. Елдеріндегі экономикалық жағдайға байланысты Мәскеуден жұмыс іздеп келгендер көбісі.
— Соңғы сұрақ. Қазір Қазақстанда әр жоғарғы оқу орнында «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша оқытып жатыр. Ақылысы бар, гранты бар. Жылына бәленше жүз студент диплом алып шығады. Бұл – олардың бәрі бітірген соң елші болады деген сөз емес шығар. Қалай ойлайсыз, осы мамандыққа оқытуда мемлекеттік тапсырыс болу керек пе?
— Әрине, мемлекеттік тапсырыс міндетті түрде керек деп ойлаймын. Өйтпеген күнде жоғарғы оқу орнын бітірген студент дипломын құшақтап, жұмыс таппай кез келген жұмысқа кете береді. Ал алған білім жайына қалады. Дипломат жұмысы тек дипломға байланып қалмайды. Әңгімеміздің басында айттым ғой, оған өте байсалды дайындық керек. Білімнен басқа да қасиеттер бойынан табылатын адам елшілік қызметтерін игере алады. Ол қандай қасиеттер екеніне де тоқталып өттім. Сондықтан саны бар да, сапасы жоқ мамандарды оқыта берген дұрыс емес сияқты…
— Төребек мырза, мағыналы да қызық әңгімеңізге рахмет.

Сұқбатты жүргізген Баян Таңатарова