Майдангерлердің Халықаралық іздеу экспедициясы хабарлайды!

0
41

Ұлы Отан соғысында «хабарсыз кетті» деген жауынгер Жылысбаев Авдувалидың (Әбдуәли) мүрдесі табылды.

Экспедицияның іздеу жұмыстары кезінде 1941 жылы 25 маусымда қаза тапқан 157 кеңес жауынгерлерінің мүрделері(сүйектері) және соның ішінде 49 кеңес жауынгерінің медальоны табылған. 21 жауынгердің есімдерін қасынан табылған қағаздардан, құжаттардан анықтаған. Жауынгерлер мүрделері Польшаның Поляск воеводствосының Гайновка қаласындағы кеңес жауынгерлерінің зиратына 2014 жылы қайта жерленген.
Осы күнге дейін аттары белгілі болған жауынгерлердің ішінен 13 жауынгердің туған-туыстары табылған. Жерленген, аттары табылған жауынгерлердің туыстарын іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Солардың бірі 1917 жылы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданына қарасты «Қызыл балық» ауылдық кеңесінде дүниеге келген ЖЫЛЫСБАЕВ Абдували әскерге жауынгерлік міндетін өтеуге 1939 жылдың 20 мамырында шақырылып, 333 атқыштар полкының 6-шы дивизиясының 3-ші батальоны, 9-шы ротасында жауынгерлік міндетін атқарып жүргенде, соғыс басталар алдында аталған дивизия Брест қамалында орналасқаны белгілі.
Жауынгердің сүйегін Польшаның Подляск воеводствосындағы «Күміс жота» деп аталатын халықаралық экспедициясының «Әскери археология» іздеу отряды тапқан. Жылысбаев 1941 жылдың 25-ші маусымында, соғыстың төртінші күні Белосток қаласындағы шайқаста қаза болғанмен, ол «хабарсыз кетті» — деп есептелген.
Оның сүйегінің қасынан табылған медальонда анасы — ЖЫЛЫСБАЕВА Кумасай, Бөрлітөбе ауданы, «Қызыл балық» ауылдық кеңесі, «Жаңа Ундрус (өндіріс)» колхозы деп жазылған.
Қазақстандағы «Ерлік. Даңқ» іздеу отрядының командирі, Қазақстандағы іздеу жұмыстарының үйлестірушісі Арман Мұқановқа көрсетілген нөмірі 8 705 507 86 71 телефоны арқылы ЖЫЛЫСБАЕВТАР әулетінен өмірде бар туыстары немесе жекжат-жұраттары, осы әулетті танитындар болса хабарласады деген үміттеміз.
Қазір «Қызыл балық» ауылы Қаратал ауданының аумағына жататын ауыл екенін анықтадық.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»