Грантқа «жоғары баллмен өтпей қалдым» дегендердің өкпесі қара қазандай

0
35

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік грант алғандардың тізімі жарияланғаннан кейін жоғары балл жинап, тегін оқуға өте алмаған талапкерлер арасында сұрақ көбейді. Біздің редакциямызға келіп шағымданған қыз бала 96 балл жинағанымен, ол тапсырған институтқа 75 балл алғандар қабылданып, ол өтпей қалғанын айтып, ақыл-кеңес сұрады. Оған қоса, талапкер Семей полигонынан зардап шегуші отбасынан болғандықтан, ол жеңілдік те ескерілмеген. Дәл қазіргі уақытта талапкердің отбасы жаны шығып арызданып, жүгіріп жүр. Білетінімізді айтып баланы шығарып салдық.

Бірақ «неге?» – деген сансыз сұрақтың негізі — 75 баллмен грантқа қабылдайтын жоғарғы оқу орны неліктен 96 баллы бар талапкерді грантқа қабылдамай жатыр? Бұл кімнің қатесі: университеттің бе, әлде министрліктің бе? Жауап іздегенде тапқанымыз — «Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттың ҰБТ баллымен ғана емес, нақты мамандықтағы бәсекемен анықталатынын түсіндірді» деп жазады Democrat.kz. сайты. Олай болса, ҰБТ тапсырып неге шаршап жүрміз? Емтихан деген еске түседі-ау осындайда…
Мысалы, 120 балл жинаған талапкер өте танымал мамандықты таңдаса және сол бағытқа грант аз бөлінсе, конкурстан өтпеуі мүмкін. Ал 100 балл жинаған үміткер талапкері аз, бірақ гранты жеткілікті бағытта тегін оқу мүмкіндігін иеленуі ықтимал. Дұрыс деуге де болады. Алайда, талапкер өзі таңдаған мамандыққа биылға белгіленген нақты грантқа өту баллын білмейді. Бұған қоса конкурсқа қатысуға болатын «шекті балл», сонымен қатар «өту баллы» деген ұғымдардың мәнісін білу керек. Соны талапкерлер ұғына қоймағандықтан түсініспеушілік туындайды екен. Алайда, сол ұғымды түсіну үшін талапкер сол оқу орны немесе мамандықтың шекті баллы мен өту баллын алдын ала білуге мүмкіндігі жоқ. Осы мәселені қалай шешуге болады?
Дегенмен, грант ұта алмаған талапкерлердің заңдастырылған бірнеше мүмкіндіктері бар екен. Олар қандай мүмкіндіктер? Әкімдік пен қорлардың гранттары: Жыл сайын әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен бірнеше мың білім грантын ұсынады. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының да арнайы гранттық бағдарламалары бар. Кейбір гранттар қайта бөлінеді: Кейде грант иегерлерінің бір бөлігі түрлі себептермен өз грантынан бас тартады. Сол кезде бос қалған гранттар ҰБТ нәтижесі бойынша келесі үміткерлерге берілуі мүмкін. Ақылы бөлімнен грантқа ауысуға болады: Грантқа түсе алмаса ақылыға түсіп, оқу барысында босаған мемлекеттік грант иегерінің орнына ие бола алады. Бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсыру да тиімді шешім болуы мүмкін. Колледж де тиімді жолдардың бірі: Колледжде мемлекеттік гранттардың көп екенін және еңбек нарығында техникалық мамандарға сұраныс жоғары болуына байланысты колледжге де түсуге болады.
Бұл жазылғандардың бәрін «грантқа түсе алмағандарды жұбату» деп түсіндік.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, университеттер беретін гранттар мен жеңілдіктерді тағайындауда ҰБТ нәтижесі, талапкердің академиялық жетістіктері, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Биыл «бакалавриатқа» грант мөлшері көп деген еді, көбі сол ма, талапкерді арыздантып, жүгіртіп қойған?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, жылдағыдай, биыл да талапкерлерге арнап Үндеу жариялады. Онда мемлекеттік білім гранттарының нәтижесі жарияланғаннан кейін талапкерлер мен олардың ата-аналарына, грант иелене алмаған түлектерге қолдау білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz. Министрдің айтуынша, биыл мемлекеттік білім грантын 75 мыңнан астам талапкер жеңіп алған. Сонымен қатар, конкурс өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болған. Егер 2025 жылы грант конкурсына 113 мың өтініш түссе, биыл олардың саны 127 мыңға жеткен.
Саясат Нұрбек грант ала алмаған талапкерлерге мемлекеттік грант жоғары білім алудың жалғыз мүмкіндігі емес екенін атап өтіп, бұрыннан белгілі ректорлық грант, әкімдіктердің грантына қоса ірі компаниялар мен қоғамдық қорлардың білім гранттары бар екенін хабарлады. Министр «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдық жерлерден шыққан түлектерге 350 грант ұсынатынын, ал KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа ұйымдар да өз білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып жатқанын еске салды. «Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз. Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ, бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді», – деп жұбатты министр мырза грантқа іліне алмағандарды. Саясат Нұрбек ата-аналарды балаларына қолдау көрсетуге шақырып, грант нәтижесін өмірлік үкім ретінде қабылдамауға кеңес берді. Оның айтуынша, бүгін мемлекеттік грант иегерлері қатарынан өз есімін таба алмаған талапкерлер үшін де жоғары білім алудың басқа мүмкіндіктері сақталып отыр.
П.С. Түсінгеніміз, грантқа өте алмағандарға мүмкіндік ұсынылып жатыр. Алайда грантқа қанша талапкер тапсырып, оның қаншасы өте алмады? Сол санды да білгісі келетіндер аз емес…

Баян ТАҢАТАРОВА