Жүріп келем кейде тоқтап, кейде қатты сүрініп…
Құралай Мусанова, зейнеткер ұстаз, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Құралайдың өлеңдерінен қазақ қыздарына тән байқағыштық, нәзік мінезбен қатар келеңсіздіктерді көргендегі өлең жолдарына айналған мөлдір мұң, қоғамдағы кейбір теріс әрекеттерге немқұрайды қарамайтын сырлы сарын байқайсыз. Оқырманға ұсынып отырған Құралайдың өлеңдер топтамасынан өзге де бір кітап боларлық бірталай өлеңдері жиналып қалған екен. Автордың айтуынша, бір жинақ шығаруға талаптанып жатқандай. Іске сәт!
Тұмшаланып, жатырсың ба сыр сақтап?
Әлде, рухың кезіп жүр ме бұл жақта?
Өкіндің бе Әзірейіл келгенде,
Бекер өткен өміріңе бұлғақтап?
Қанша болды өлшеп берген өмірің?
Не бітіріп, тыныш тапты көңілің?
Өзіме де осы сауал қоярым –
Сендей болам, өтіп барад өмірім.
Жамбылға арнау
Ардагерлер байқауында жүлделі І орынға ие болған, 2026 жыл
«Бай», «кедей» болып бөлінген
Заманды көрдің өмірден.
Шыңдалған еді сол шақта
Жігерің мықты темірден.
Патша билеген заманда
Ашуың қалды санаңда.
Тіліңмен тарттың садақты
Дәлдеп бір тиген «жаманға».
Сүйінбай сынды данадан
Сеніммен үлгі ала алған.
Сен де бір семсер болатсың
Қадалған жерден қан алған.
Қамшылап сөзбен момынды,
Қамқор боп жаптың тоныңды.
Күштіге қарсы тұра алдың,
Кескенде заңсыз жолыңды.
Айтыста сені таныпты ел,
Жырыңды төктің шабытпен.
Аққа жақ құдай болған соң,
Теңесті бойың алыппен.
Ерлермен жауға бір шаптың –
Дем беріп тылдан үн қаттың.
Жеңістің туы желбіреп,
Соңғы деміңде жырлапсың.
Тыныштық заман күн кештік,
Тауыпты ұлттар үндестік.
Бүгінгі таңда ерікті ел,
Болмасын тілде дімкестік.
Өзіңдей біз де жырладық,
Қазақтың оты тұр жанып.
Қазақ деген Жамбыл ғой,
Жамбыл деген, бұл – халық.
Сенен алдым өнеге
(Мұқағали Мақатаевқа)
Сен де өлең жазбап едің ермек үшін ерігіп,
Жетектеген жері де жоқ салдық пенен серілік.
Мұқағали, өлеңіңді жастап жатып жаттағам,
Қуат алған хакімімнің от тіліндей көрініп.
Жүріп келем кейде тоқтап, кейде қатты сүрініп,
Ізіңізге жетелейді үкіліген бір үміт.
Сіз илеген теріңіздің бір пұшпағын ұстап ап,
Олай-бұлай жұлқылаймын, кетпесе екен жұлынып.
Адастырмай ізіңізден алып шығар өлеңің,
Ұрпақ үшін еңбек етіп, тілеу тілеп келемін.
«Бұралаңға түсіп кетпей, тура жолмен жүрсе» деп,
Жатататамын өлеңіңді – «қызықсын, – деп, – өренім».
Болашаққа алаңдаймын, ұйқы бөліп түнде де,
Ұрпағыма қалдырамын, сара жол бар үйде де.
Қазақ тілім жоғалмасын – елдігімнің белгісі,
«Өлең – сөздің патшасы» деп сенен алдым өнеге.
Мәңгілік ел, мәңгілік жер –
Қазақстан – Ұлы елім.
Қойнауында тарихи сыр,
Тылсымы көп киелім.
Тілі балдай ұлы қандай,
Шамшырағы сөнген жоқ.
Күн мен айдай, жоғы – бардай,
Рухы тірі өлген жоқ.
Өлең пірі, жырдың нұры –
Мұқағали – бір дастан.
Тоқтамастан тоқсан асқан
Жыр сапары тынбастан.
Әлі сенің айтарың бар
(Бағила анаға)
Жыр жазуға жаңа дәптер бастадым,,
Бағила ана берген бұйрықты құп алып,
Қолға қалам ұстатқан-ды жас шағым,
Кейінгі күн бара жатқан суалып.
Шарықтасын шабытыңыз, Бақана!
Жыр — әлемде құра берші салтанат!
Айналаңа нұр шашқаннан жандана,
Ұшқынынан бізге тиген шапағат.
Ақыл түнған ой-өрісің кең екен,
Жүрегіңе сыйып тұр ғой кең далам.
Алла сүйген сабырлы жан — сен екен,
Әр ісіңе салиқалы таңданам.
Тәрбиелі ұрпағың да бар сенің,
Ғұмырлы етіп берсін Алла жалғасын!
Ата-аналар артқан екен бар сенім —
Балабақшаң бал күлкімен жандансын!
Ұзақ жасап, жүре берші алдыда,
Ақыл-кеңес бізге сізден керек-ақ.
Оятасың ұйқыдағы жанды да —
Әлі сенің айтарың бар терең, нақ
Өмір жалғастығы
Қызықтым бүгін төркіндеп жатқан қызыма:
У да шу болған ұрысты ұл мен қызына.
«Өмірдің қызық шақтары осы» дедім да
Тоқтата алмадым көңілді кеткен бүзыла.
Балалық шағым еске бір түскен шақ болды,
Көңілім толқып, көзіме менің жас толды.
Сабырлы анам араға түспей, бағатын,
Бөлісе алмай талассақ пальто, ақ тонды.
Есіме түсті он екі жасқа келгенім,
Кластастарға шала той жасап бергенім.
Анашым сыйлап кигізген жібек көйлектің,
Қоңырқай түсі елестеп, исін сезгенім.
Сағыныш кернеп, көкірек сыздай, өксідім,
Қос қызым келіп, жұбатып жатыр.
«Кеш, күнім!»
«Не болды, апа?» дегендей жиен-немерем
Таласты қойып, күйінде отыр естінің.
Сағыныш, сүю сезімі болсын – ұтқаның,
Жақсыға берер сыйы бұл Алла-ұстаның.
Аналар жолы жалғасып келед, Мың шүкір!
Балалық көңіл мәңгілік екен – ұққаным
Жүрмедік ауылында бекердің
(1977 жылғы түлектерге 50 жыл болмақ)
…Өмір — осы, төрт мезгілі алма-кезек өтеді
Талаптанса, мақсат еткен арманына жетеді.
Қиял қуған жастық шақты
еске алайық бүгін біз,
Балалықтың бақшасында
аунап-қунап кешегі.
Ортаға сал — ұзақ жолда не тындырдың,
не көрдің?
Жүрмедік қой сайран салып
ауылында бекердің.
Болашақтың балалары үлгі тұтсын біздерді,
Ақыл менен жақсы істер қалсын бізден,
өтер күн.
50 жылдық кездесуге аман-есен жетейік,
Тағы да бір жастық шақтың базарынан өтейік.
Немеренің, шөберенің қылықтарын тауыса алмай,
Таң атырып әңгімемен, мақтанайық, бөсейік




