Табиғатпен үндескен ақын
…Жаза алмай менің жүрген өлеңімсің,
Өте алмай жүрген асау тереңімсің.
Қаратал, сенен алыс кете алмадым,
Жаныма сая болған керегімсің, — деп жырлаған ақын Бағила Азанбаева Қаратал өңірінде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақтың Мемлекеттік педагогтық институтын бітірген соң мұғалім, мектеп директоры, университет оқытушысы боп қызметтер атқарған. Бірнеше кітаптардың авторы. Өмір тәжірибесі бай ұстаз, байыпты да қарапайым жан . Жүрегі тазалық пен шындықты қалайды. Өмірлік ұстанымы — «қоғамға қызмет етуде адамның ары таза болу керек» деген қағидаға берік бол. Төмендегі топтама өлеңдерінде Бағила ақын туған жерге деген сүйіспеншілігін Жетісудың тамаша табиғатын суреттеу арқылы жеткізеді. Дейтұрғанмен, Бағиланың бұл беттегі өлеңдер топтамасын ардагерлер байқауында жүлдеге ие болған «Абайға арыз» өлеңімен бастағанды жөн көрдік.
Абайға арыз
(«Сегіз аяқ» сарынымен)
Алыстан сермеп, жүректен тербеп,
Абайдың сөзі тамсантты.
Қымыздай қышқыл, кей жыры — мысқыл,
өлеңі оның бал тәтті.
Мұра боп қалған атадан, айтқаны бейне –
Ата Заң.
Көнбейтін «мықты» қиқарлар шықты,
арындай көріп мансапты.
Ақсақал айтып, көңілі қайтып,
талапсыздардан шаршапты.
«Бойдан қайрат, ойдан сөз»,
жоғалтқандарға болдық кез.
Құрлық алтау, құбылам төртеу –
таршылық көрер жерім жоқ.
Жерімді сатып, елігімді атып,
көк орманды өрт шалды.
Мұртымды майлар мұрама,
келімсек қолын мол салды.
Елестеп бақыт, басымды шатып,
қақпанын құрды несие.
Қазына бар, байлық, болымсыз айлық,
жан қиналды несіне?
Адамдықтың иесіне айтайын шерді көсіле.
Орынсыз ыржаң, жүрісі бұлғаң,
есірткі шекті өренім.
Ащыны жұтты, ұрлығын құсты,
ерлерім құртты беделін.
Жартасқа айқай салам да,
өзімнен бәрін көремін.
Жетімнің күйі, қарттың жоқ сыйы,
үйінен алыс ұзады.
Қызда жоқ қылық, айнала былық, көк өрімдерді бұзады.
Қазағы үшін күйінген Абайдың менде сыңары.
Патшасын даттап, әдептен аттап,
жамбастап жатып шай ұрттап,
Сөздері бұлдыр, тілдерің сынғыр,
жасауда жаңа қойыртпақ.
Зікіріндей бақсының, бұзылды ән де,
тап шыным.
Зауыттан ада, дұшпанға таба,
қалың ел қайда барады?
Күндері – сауда, олжа боп
жауға лақтырғанын алады.
Қойғандар ащы талапты,
мекендеп жатыр қамақты.
Иманын айтпай, кәпірден қайтпай, сандалды талай момыным.
Жат оған мешіт, «жаспыз ғой» десіп,
Құдай-ау түзер оны кім?
Болмаған соң иманы, харамнан болды жиғаны.
Айнала соғыс, күнде қантөгіс,
пендеден кетті мейірім.
Пұл тапқан қашып, шекара асып,
тарылтқан шафхат – пейілін.
Не онда емес, мұнда емес,
менің де күнім күн емес.
Сапсиған сақал, санасы тапал,
көбейді бүгін дүмшелер.
«Мысырға жүр, — деп, — өтеуге міндет»
азғырады тым шебер.
Қаңғымашы, қандасым,
азат басың құл болмасын!
Бітпейтін кеңес, өнбейтін егес,
заманның осы келбеті.
Күнде той-жиын, ашыды миым,
дарақы болдық, әулекі.
Бес дұшпаның көбейіп, болып қалды он жеті.
Батыста — аю, шығыста — дию,
шатырын тікті қасыма.
Шүршіттен құдаң, қойныңда жылан,
сор болды, қазақ, басыңа.
«Өнер, білім бар жұрттар»,
жеткен жерің осы ма?
Болатын қамқор жан болды жемқор,
қашанғы азып-тозамын?
Жүрекке жақын, әй дана, Хәкім!
мен саған арыз жазамын.
Талпынып сонау айға алыс,
үмітпен қолды созамын.
«Зарлауық неме, жыладың» деме.
Ағаттық кетсе, өзіме аз!
Өтпелі кезең тұсына келген
жазмышыма етем наз.
Бұлт ішінен жылтырап,
ертең-ақ жақсы күн туад.
Дөңгеленген дүние
Жастык өтіп, жиғанда біздер есті
Соққан желдей желпінген күндер өтті.
Көктемімнің көңілді бақшасында
Көк жеміс пен хош иіс гүлдер өсті.
Жадыраған жаз келді одан әрі,
Солқылдаған тал шыбық оңалады.
Өзен-судың бойы да шат-шадыман,
Айдын шалқар боп жатыр қала маңы.
Шаруа да мәз-майрам даладағы,
Қыс азығын әзірлеп шамалады.
Оқуы жоқ, асығы алшы түскен
Шапқылайды шадыман балалары.
Сырғып қана келіпті күзім кіріп,
Егін орып, жүгірдік жүзім жиып.
Қарбаласқан шәкірттің қамымен жүр
Жұрт базарда бір-бірін сүріндіріп.
Күздің күні жарқырап жаздан аумай,
Алданбағын алдыға қамдана алмай.
Мінезі оның аумалы-төкпелі екен,
Жомарттығы жағады жанға майдай.
Сөйте-сөйте тақалды аппақ қысым
Ақ қар, көк мұз, сен бекер жатпақпысың.
Тоңдырады, сезімің болдырады,
Кейде қашар көңілден аппақ құсың.
Дөңгеленген дүние осы болды,
Бар өмірің мезгілдер көші болды.
Таң атқанда басталған думаныңның
Аяғы бір «туған күн кеші» болды.
Болсаң-дағы дүниеде неше мықты,
Қысқа ғұмыр кас қағым өте шықты.
Бұйырып төрт мезгілің өтсе жаксы
Жұлып кетпей тағдырың көк өрікті.
Туған ел
Қырға барсам, қызыл гүл теріп кетем,
Құшағына толқынның еніп кетем.
Күлімсіреп алдымнан шықса жеңге,
Сақинамды суырып, беріп кетем.
Дархандықты даламнан үйренемін,
«Шын тарихшы – дала» деп білген едім.
Ақ бәйбіше сапырып қымыз құйса,
Зәмзәм жұтып жатқандай күйге енемін.
Тауларыңнан паңдықты ұғамын мен,
Ақ түндерің сабырға тұна білген,
Туған елім! Өзіңнен нәр алмасам,
Даналықты танырмын, сірә кімнен?
Талдықорған
Жетісудың мақтаны, алды болған
Сұлуым – туған жерім Талдықорған.
Көк майсасы көкорай, көп жемісі
Айналам жасыл кілем, шалғын орман.
Қараталдың ар жағы, бергі жағы
Қарай берсең көзіңді талдырады.
Жағасында қыдырып үлкен-кіші
Сұлулықпен құмарын қандырады.
Көшелері тап-таза, желек киген,
Басқа жақтан келбеті бөлек мүлдем.
Тал-қайыңы тербеліп көше бойы,
Сүйініштен жүрегің өрекпіген.
Таңында бұтақ сайын бұлбұл қонған,
Құлағыңда әсем саз сыңғырлаған.
Қарт пен бала қажетін тауып алған,
Бұл – біздің қамқор қала Талдықорған.
Қайтпаған азаматы арлы жолдан,
Бермеген намысы мен жанды қолдан.
Қысы да, жаз, көктемі, жомарт күзі
Мезгілімен келетін Талдықорған.
Келгендер кете алмайтын Талдықорған,
Кез келген жете алмайтын Талдықорған.
Бау-бақшасы жайқалып тұнып тұрған,
Байлықтан көше алмайтын Талдықорған.
Адамы қартаймайтын Талдықорған,
Қазаны ортаймайтын Талдықорған.
Сұлулары әлемнің осында деп
Жігіттер жар таңдайтын Талдықорған.
Жетісудың жақұты, алды болған
Сұлуым, көк барқытты Талдықорған.
Шықпайтын жемісі жоқ, кемісі жоқ,
Көргенге, көрмегенге мәңгі арман.
Бұл – менің шад-шадыман думан қалам,
Күні жоқ көркемдігі жырланбаған.
Париж де, Анкара да тең келмейді,
Күнә ғой бұл қалада тұрмау маған.
Қараталым
Жанымменен тұтасқан Қараталым,
Үніңді жанға жайлы жаратамын.
Өзіңменен кештерім бірге батып,
Сеніменен атуда ала таңым.
Төсінен Алатаудың жарып шығып,
Тастарын Текелінің алып жығып,
Қолтықтап Қора, Шажа алып шығып,
Тамаша шабысыңды боратарың.
Суарып Жетісудың сай- саласын,
Жайылып жан- жағыңа шайқаласың.
Малынып жағаңдағы көк тоғайға,
Шалқисың да, монтиып жай табасың.
Самал мен сазды қосып әр таңыма,
Қажетсің елімнің жас, қартаңына.
Бойыңда балық тулап, бала шулап,
Айналдың әрбір жанның аңсарына.
Жомартсың айналаңа нұрын төккен,
Жарыса талай ақын жырын төккен.
Мойнақтың мойынынан сипап өтіп,
Жотаның ыстық қанын дірілдеткен.
Аралап Тастөбе мен Тастыаралды,
Бас бөгеттен секіріп шамырқандың.
Егіншінің еңбегін зая қылмай,
Қарбыз, бидай, пияз бен ақ күрішін
Қамбасына толтырып жарылқадың.
Байшегір, Қоржынкөл мен Көпбірлікті
Балық, мал, аң мен құспен еттің мықты.
Қаратал, қас сұлуым, Балқашыңмен
Мәңгілік сарқылмайтын ет тірлікті.
Жаза алмай менің жүрген өлеңімсің,
Өте алмай жүрген асау тереңімсің.
Қаратал, сенен алыс кете алмадым,
Жаныма сая болған керегімсің.
Текелі
Ен жайлаған Алатаудың етегін
Көк жайлаулы, көп өзенді мекенім.
Қойны-мырыш, тұнған ырыс жомартым.
Текеліде тұрсаң қалмас кеселің.
Көк шыршасы, сұлу таудың шатқалы,
Көк тіреген асқар таудың бастары
Аңдары мен қатар өскен арқары,
Бұл – Текелі, Қараталдың бастауы.
Қос бүйірі – Текелінің Қора бар,
Арқыраған, бұрқыраған Шажа бар.
Өзен бойы жұпар шашқан дәрумен,
Доланасы жанға шипа саналар.
Суға төніп шайқалады қайыңы,
Сал қарағай, басында жоқ уайымы,
Секіреді аспанға атып балығы,
Бал жалайды маң-маң басып аюы.
Тоғай толы қой бүлдірген, таңқурай.
Тартып барад сыңғырлаған алтындай.
Етегіңді жібермейді шалғыны,
Сен ол жерде жүре алмайсың аршындай.
Жиып алып қап-қап алма, өрікті,
Аспанға атып қайтасың сен бөрікті.
Тесік қалта, жұмысы жоқ жалқауға
Тегін дәулет құдай өзі беріпті.
Ауасын-ай, Текелінің ауасын!
Жүрек пенен өкпені емдеп аласың.
Үзіп алған гүлің болса қайнатып,
Жазып алғын тән мен жанның жарасын.
Жайлы келер Текелінің тұрғыны,
Жүздері де, үндері де тым жылы
Дау іздейтін, жау іздейтін жайы жоқ,
Қарекетсіз өтпес оның бір күні.
Бір көшемен әлемге аян Текелі,
Сенде туған жанның бағы бес елі.
«Кіммен құда болдың?» — деген жандарға,
«Текелімен» деген жауап жетеді.
Ата көрме Текелінің текесін
Табиғаттың наласын ап нетесің?
Әлем кезіп әсер алған пейзаждың
Текеліден көресің сен көкесін!




