ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ
Ескелді ауданы, Б. Жолбарысұлы атындағы орта мектеп
Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектеп Жетісу облысы, Ескелді ауданына қарасты республикалық үлкен жолдың бойындағы табиғаты мен сән-салтанаты жарасқан Бақтыбай (бұрынғы Крупская) ауылында орналасқан қазақ, орыс тілдерінде білім беретін орта мектеп. Мектеп директоры Құрманова Рауан Иманмұхаммедқызын жұмыс орнынан тауып, жаңа оқу жылына дайындық барысы, мектептің бүгінгі жағдайы жөнінде төмендегідей мәліметтер алдық.
Мектеп ғимараты 1968 жылы 640 орынға арнап салынған, 2012 жылы күрделі жөндеу жұмысы жасалған. Бүгінгі күні ғимаратқа жүргізілген ағымдық жұмыстар толық бітіп, ауласындағы жұмыстар да аяқталуда. Білім ордасының оқу жылына дайындығы барысында қажетті жұмыстардың рет-ретімен атқарылып жатқандығы байқалады. Дегенмен, ауладағы спорт алаңына көбірек көңіл бөлу қажет екендігі көрініп тұр. Күрделі жөндеу кезінде неге спорт алаңы қоршалып, көгалдандырылып, жүгіру жолы жасалынбаған деген сұрақ келді ойыма. Өйткені оқушылардың дене шынықтырумен айналысып, спортқа қызығушылығын арттыруы үшін мектеп ауласындағы спорт алаңының да талапқа сай болуы маңызды ғой.
— Рауан Иманмұхаммедқызы, биылғы жаңа оқу жылында мектепте қанша оқушы білім алады? Оның қаншасы қазақ сыныбында, қаншасы орыс сыныбында оқытылады?
— Биылғы келер оқу жылына 950 бала келеді деп жоспарлануда. Соның ішінде мектепке дейінгі дайындық тобының 4 сыныбына 63 бала келеді. 1-11 сыныптар арасында 42 сынып-комплект болады. Оның 31-і қазақ сыныптары, 11-і орыс сыныптары.
Төменгі буында (1-4 сыныптар) – 377 оқушы.
Орта буында (5-9 сыныптар) – 436 оқушы.
Жоғарғы буында (10-11 сыныптар) – 107 оқушы.
Осы балаларға барлығы 88 мұғалім сапалы білім бермек. Ұстаздар қауымы оқушыларға білім берумен қатар, олардың тәрбиесіне де көңіл бөліп, жан-жақты дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Олардың: 46-сы – модератор мұғалім, сарапшы мұғалім – 25, зерттеуші мұғалім – 6, шебер мұғалім – 1.
Мұғалімдердің білім сапасы – 88,6 пайыз. Көрсеткіш мектеп ұжымының білім беру бағытындағы жұмысының нәтижесін көрсетеді.
— Биылғы жылы бітірген түлектердің қаншасы мемлекеттік грантпен ЖОО-ға қабылданды?
— Биылғы 11-сыныпты бітірген 51 оқушының 29-ы мемлекеттік грантпен ЖОО-ға түсті. Бұл мектеп ұжымы үшін де, түлектер мен олардың ата-аналары үшін де үлкен қуаныш.
— Республика көлемінде барлық мектептерде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жүріп жатыр. Сіз басқарып отырған осы Б. Жолбарысұлы атындағы мектепте де қызу жүріп жатқандығы байқалады. Осы жөнінде нақтырақ айтып берсеңіз.
— «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына 116 бала қамтылған. Оның ішінде аз қамтылған отбасы балалары – 77 бала, толық емес отбасы – 39 бала. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар жоқ. Әр балаға 15-20 мың теңге шамасында демеушілер тарапынан көмек беріледі. Бұл көмек жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлкен қолдау болып отыр. Демеушілердің осындай қайырымды іске атсалысуы балалардың қажетті оқу құралдары мен керек-жарақтарын алуға мүмкіндік береді.
— Жаңа оқу жылына жан-жақты дайындалыпсыздар. Мектептің оқу жылына дайындығы барысында қажетті жұмыстардың барлығы рет-ретімен атқарылып жатқандығы байқалады. Әрбір істеріңізге сәттілік тілеймін! Жастарға білім беру барысында жақсы нәтижелі істеріңіз көп болсын. Ұстаздар қауымының еңбегі жемісті болып, жаңа оқу жылында биік белестерден көріне берсін!
Сембек АБДРАХМАНОВ
«Алатау»



