КӨКСУДЫҢ ӨНЕРЛІ ӘЖЕЛЕРІ

0
36

Ақ жаулықты әжелер қазақ қоғамында қашанда тәрбиенің темірқазығы, отбасының берекесі мен ұрпақтың өнегесі болған. Бүгінде сол дәстүрлі жолды жалғаған әжелер алқасы ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт-дәстүрді дәріптеуге, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруге белсенді атсалысып келеді. Олар тек ақылын айтып, батасын беріп қана қоймай, ұлттық өнерді сахнада жандандырып, халық әндерін әуелетіп, дәстүрлі мәдениетті кейінгі буынға жеткізудің өзіндік мектебін қалыптастырып отыр.

Еліміздің әр өңірінде құрылған мұндай қоғамдық және шығармашылық ұжымдардың атқарар жүгі салмақты. Әжелер бас қосқан жерде ұлттық әдет-ғұрыптың мәні айтылып, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасылық тәрбие мен ел бірлігі секілді құндылықтар кеңінен насихатталады. Ал өнерлі әжелерден құралған ансамбльдер халық әндері мен дәстүрлі шығармаларды орындап, ұлттық нақыштағы кештер мен мәдени шаралардың көркін келтіруде. Әсіресе, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарында әжелердің белсенділігі ерекше байқалады.
Осыдан 5-6 жыл уақыт бұрын Көксу ауданында әжелер ансамблі құрылып, оның көркемдік жетекшісі Айнагүл Байсақова мен музыкалық жетекшісі Нұри Сүлейменов ағамыз бірталай тер төккен еді. Нұри ағамыз өмірден озған соң ансамбль 1-2 жыл музыкалық жетекшінің жоқтығынан жұмысы тоқтап, қараусыз қалған еді. Сол кезде оның құрамында 25-30 адам болған. Араға уақыт сала жағымды жаңалықтар болып, 2025 жылы музыкант Сәкен Бүрлібаевтің жетекшілігімен ансамбльдің жұмысы қайта жанданды.
Өткен жылдың соңында «Халықтық» атаққа ұсынылған әжелер ансамблін талапқа сай дайындау барысында музыка жетекшісі Сәкен Бүрлібаевтың зор еңбегі болды. Ансамбльді осы жауапты атаққа дайындау жолында ол өнерпаз әжелермен тығыз жұмыс істеп, олардың шеберлігін шыңдауға, репертуарын қалыптастыруға көп күш жұмсады. Нәтижесінде 2025 жылы ансамбльге «Халықтық» деген атақ беріліп, сол жылдың желтоқсан айында ансамбль есеп беру концертін қойды.
Осы есеп беру кешінде Сәкен Бүрлібаевтың мәдениет пен өнер саласына сіңірген еңбегі еленіп, оған «Қазақ мәдениетінің қайраткері» құрметті атағы берілді. Бір өкініштісі, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Айнагүл Байсақова кенеттен өмірден өтіп, бұл қуанышқа ортақтаса алмады. Әруағы риза болсын! Айнагүл апайдың да ансамбльдің қалыптасып, биік белестерге жетуіне қосқан өзіндік еңбегі, маңдай тері бар еді.
Бүгінгі күні ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Көксу ауданының «Құрметті азаматы», аудандық мәдениет үйінде 40 жыл қызмет атқарған ардагер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұраталинова Бақтыбала Рахметолдақызы. Өнер саласында талай жыл еңбек етіп, мәдениеттің дамуына өзіндік үлесін қосқан Бақтыбала Рахметолдақызы бүгінде ансамбльдің шығармашылық жұмысына жетекшілік етіп келеді. Ал ансамбльді баянмен сүйемелдеуші – Ержан Бекжан.
Осындай өнерпаз әжелер бас қосып, Көксу аудандық «Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан орын алып, «Шағала» домбыра ансамблін құрып, өнер жолындағы жаңа бастамаларын бастап кетті. Өнерге деген ықыласы мен домбыраға деген қызығушылығы бір арнаға тоғысқан әжелер аз уақыттың ішінде бірнеше жерде концерт беріп те үлгерген.
Соның ішінде ерекше ескеретіні – «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты концерттік бағдарламасы. 2026 жылғы 5 тамызда Текелі қаласындағы «Қарттар үйінде» өткен бұл концерт қарттардың көңілін бір көтеріп тастады. Өнерлі әжелердің орындауындағы ән-күйлер қариялардың жүрегіне жылу сыйлап, бір сәтке болса да күнделікті өмірдің күйбеңінен арылтып, көңілдеріне қуаныш ұялатты.
Ансамбльдің орындауында Тастановтың «Би күйі», халық күйі «Кеңес» күмбірлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бектемирова Нұрташтың орындауындағы «Досым – досым», «Қолшатыр» әндері де көрерменнің көңілінен шықты. Капкова Софияның орындауындағы татар әндері кештің мазмұнын байытып, түрлі ұлт өнерінің үндестігін көрсетті. Ал Балабекова Аңсабала апайдың орындауындағы «Тойбазар», Әмренова Гүлсара апайдың орындауындағы А. Қоразбаевтың «Елге сәлем», Нұрманбетова Әсият апайдың орындауындағы «Туған өлке» әуендері шарықтап, қарт ата мен әжелердің көңіл күйін көтеріп, бір шаттыққа бөледі.
Өнерпаз әжелердің әрбір орындауына риза болған қарттар ду қол шапалақтап, өздерінің ақжарма тілектері мен алғыстарын білдірді. Концерттің әсерлі болғаны соншалық, кейбір қарттар ортаға шығып, вальс билеп, жастық шақтарын еске алғандай көңіл көтерді. Бір сәтке залдың іші ән мен күйге, күлкі мен қуанышқа толып, қарттардың жүзінен ризашылық пен шаттық анық байқалды.
«Шағала» домбыра ансамблінің жетекшісі Мұхаметқалиев Ержаннан ансамбльдің құрылуы, әжелердің өнерге келуі және алдағы жоспарлары жөнінде сұрақтарымызды да қойдық.
— Ержан мырза, ардагер әжелерден «Шағала» домбырашылар ансамблін ұйымдастырып, құрыпсыздар. Құтты болсын! Бұл істі қалай бастап кеттіңіздер? Әжелердің өнерсүйгіштігін қалай танып білдіңіз?
— Алғашында осы орталыққа келіп жүрген «Ақкимешек» халық ансамблінің мүшелері Аңсабала, Қарлығаш, Рашида апайлар ұсыныс жасап, ой салды. Осы ұсыныстан кейін домбыра аспабында ойнай алатын әжелерді іздестіріп, орталыққа шақырдық. Әрине, жастары келген үлкен кісілерді домбыра аспабына бейімдеп, дайындық жүргізу оңайға түскен жоқ. Себебі домбыраны қайта қолға алып, оны дұрыс меңгеру үшін уақыт пен төзім керек болды. Бір айдай уақыт тек аспапты меңгеру барысында дайындық жүргіздік. Әжелердің әрқайсысы ынта-жігерімен келіп, үйренуге талпынды. Қазір жағдайымыз түзелді. Бұрынғыға қарағанда дыбыстарды да тез қабылдайтын халге жеттік. Бір-бірімізді түсініп, ансамбль болып ойнауға бейімделіп келеміз. Әлі де көптеген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта репертуарымызды кеңейтіп, түрлі мәдени шараларға қатысып, өз өнерімізді көпшілікке көрсетсек деген ойымыз бар.
— Осы құрамдағы, сізді қосқандағы, 13 ансамбль мүшесі түгелдей «Ақкимешек» әжелер ансамблінің мүшесі ме?
— Осы құрамдағы 13 адамның төртеуі ғана «Ақкимешек» ансамблінен. Қалған тоғыз апай жаңадан келген. Орталыққа келіп жүрген басқа да апайлар көп. Бірақ біз домбыра ойнауға икемі бар, дыбысты ажыратып білетін, яғни музыкалық есту қабілеті жақсы апайларды таңдап алдық. Әрине әр адамның қабілеті әртүрлі. Бірі домбыраны тез меңгерсе, енді бірі біраз уақыт дайындықты қажет етеді. Дегенмен, барлығының өнерге деген қызығушылығы мен ынтасы жоғары. Сол себепті аз уақыттың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз.
— Бүгінгі әңгімеңізге көп рахмет! Алдағы жоспарларыңыз сәтімен іске асып жатуына тілектеспін.

Сембек АБДРАХМАНОВ