ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

0
35

Жаздың үш айы да өте шығып, күздің алғашқы күндері жақындады. Тамыз аяқталар тұста ата-ананың да әдеттегі қарбаласы басталған. Бірі баласына мектеп формасын іздеп, енді бірі аяқ киім, сөмке, дәптер-қаламын түгендеп жүр. Әсіресе, бірнеше баласы мектепке баратын немесе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар үшін бұл кезеңнің шығыны аз емес. Осындай отбасыларға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өтетін «Мектепке жол»

жалпы республикалық қайырымдылық акциясы да жүріп жатыр.

 

Бұл ретте жаңа оқу жылына баланың ғана емес, мектептің де дайындығы маңызды. Қыркүйек жақындаған сайын жаз бойы жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі де көріне бастайды. Осы орайда, Ақсу ауданында «Мектепке жол» акциясының қалай өтіп жатқанын, қанша балаға көмек көрсетілгенін, бірінші сыныпқа қабылдау мен мектептердегі жөндеу жұмыстарының жайын аудандық білім бөлімі маманынан сұрап білдік.
– Асель Көшербайқызы, Ақсу ауданында биылғы «Мектепке жол» акциясы қалай өтіп жатыр? Қазіргі таңда қанша бала акция аясында көмекке мұқтаж деп анықталды және қанша оқушыға көмек көрсетілді?
– Ақсу ауданы бойынша «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясына дайындық шілде айының соңында басталды. 2026 жылдың 30 шілдесінде аудан мектептеріне акцияны ұйымдастыру туралы ресми хат жолданды. Сонымен бірге 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары мен акцияның тұжырымдамасы таныстырылды.
Соның негізінде аудан мектептерінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың тізімі жасақталды. Биыл акция аясында барлығы 1218 оқушыны қамту жоспарланып отыр. Оның 1217-сі әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балалары болса, бір оқушы қамқоршылық және қорғаншылықта тәрбиеленіп отыр.
1–24 тамыз аралығында 609 балаға түрлі бағытта көмек көрсетілді. Балалардың қажеттілігіне қарай мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарлары беріліп жатыр.
Атап айтқанда, 98 бала мектеп формасымен қамтылды. Бұл мақсатқа 1 миллион 695 мың 500 теңге жұмсалды. 74 балаға 793 мың 700 теңге көлемінде аяқ киім алынды.
Кеңсе тауарларымен қамтылған балалар саны көбірек. 398 оқушыға дәптер, қалам және сабаққа қажетті басқа да оқу құралдары берілді. Оған 3 миллион 42 мың 660 теңге жұмсалды.
– Акцияға демеушілер де қатысып жатыр ма?
– Әрине. «Балаларды мектепке дайындауға демеушілер де қолдау көрсетіп отыр. Бүгінге дейін олардың көмегімен 39 бала қамтылды. Демеушілер тарапынан көрсетілген көмектің жалпы көлемі 990 мың теңгені құрады.
Осылайша, мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары және демеушілік көмек бағыттары бойынша 1–24 тамыз аралығында барлығы 6 миллион 521 мың 860 теңгенің көмегі көрсетілді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды қажетті заттармен қамту жұмысы әлі де жүргізіледі.
–- 2026-2027 оқу жылында Ақсу ауданындағы мектептерде барлығы қанша оқушы білім алады? Биыл бірінші сыныпқа қанша бала қабылданды? Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда қалай өзгерді?
– Ақсу аудан бойынша білім бөліміне қарасты 32 білім беру ұйымы қызмет атқарады. Оның 26 орта, 7 негізгі орта мектеп. 2025–2026 оқу жылын аудан бойынша 7187 оқушы аяқтады.
2026–2027 оқу жылына бірінші сыныпқа бүгінгі таңда 619 бала қабылданып отыр. Құжат қабылдау 30 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан қабылдау аяқталғаннан кейін бала саны нақтыланады.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп ғимараттарын жаңарту мәселесі де маңызды. Биыл ауданда жөндеу жүргізілген білім ошақтары бар ма?
– Биыл Ақсу ауданындағы екі білім беру ұйымының ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Оған жалпы 176 миллион 60 мың 920 теңге бөлінді.
Жөндеу жүргізілген нысандардың бірі – Суықсай ауылында орналасқан мектепке дейінгі шағын орталығы бар Юрий Гагарин атындағы орта мектеп.
Мұндағы жұмыс биылғы 25 маусымда басталды. Жөндеуді «Жақсымбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мердігермен жасалған келісімшарттың сомасы – 120 миллион теңге. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 25 тамызда аяқталуы тиіс болатын. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 100 пайыз орындалып, толық аяқталды.
Екіншісі, Матай ауылындағы Матай орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары маусым айында басталды. Мердігер – «Jussan Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Келісімшарт сомасы 56 миллион 60 мың 919 теңге 87 тиынды құрайды.
Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 26 шілдеде аяқталуы керек еді. Бүгінгі күнге жалпы жұмыстың 85 пайызы орындалды. Қалған жұмыстарды аяқтау жалғасып жатыр.
– Жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтып, нақты мәліметтермен бөліскеніңіз үшін рақмет. Балаларға көрсетіліп жатқан қолдау мен мектептердегі жұмыстардың сәтті аяқталуына тілектеспіз.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ

«Алатау»