162 МЕКТЕПТЕ САНИТАРИЯЛЫҚ ТАЛАП БҰЗЫЛҒАН

0
32

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Баласын мектепке дайындап жүрген ата-ана үшін сыныптың жай-күйі ғана емес, асхананың тазалығы, ауызсудың сапасы, санитариялық талаптардың сақталуы да маңызды. Осы мәселелер Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте сөз болды.

Жиында Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов білім беру ұйымдарында жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды.
– Биыл мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы әдеттегіден ертерек назарға алынған. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №2 қаулысына сәйкес жалпы білім беретін мектептер мен мектеп-интернаттарға арнайы мониторинг жүргізіліп, мамандар 1 маусым мен 1 шілде аралығында облыстағы білім беру нысандарын аралаған. Бір айға созылған бақылау барысында 312 мектеп, 286 мектеп асханасы және 9 мектеп-интернат қамтылды, — дегенді айтты ол.
Брифингте айтылған деректерге қарағанда, тексерілген мектептердің жартысынан астамында талапқа сай келмейтін тұстар анықталған. Нақтырақ айтқанда, 312 мектептің 162-сінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды.
– Мониторинг қорытындысы бойынша санитариялық талаптардың бұзушылықтары анықталған 162 мектепке оларды жою жөнінде нұсқама берілді. Сонымен қатар, 10 мектепте санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмағандықтан, жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулы шығарылды, – деді Самат Ахметов.
Асхана — мектептегі баланың күнделікті өмірімен тікелей байланысты тағы бір маңызды орын. Сондықтан, мониторинг барысында мамандар ас блоктарының жағдайына да жеке назар аударған. Облыстағы 286 мектеп асханасының 81-інен санитариялық талаптарға қатысты кемшіліктер табылыпты. Олардың барлығына тиісті нұсқама берілген. Ал 8 мектептің ас блогын жалға алып отырған жеке кәсіпкерлерде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған. Осыған байланысты оларға да жедел ден қою шаралары қолданылған.
Мектеп-интернаттардағы жағдай да назардан тыс қалмады. Облыс аумағындағы 9 мектеп-интернаттың барлығы мониторингпен қамтылып, оның 7-еуінде талап бұзушылықтары анықталған. Нәтижесінде, мекеме басшыларына кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама берілді.
Әрине, мониторингтің мәні кемшілікті анықтап, нұсқама берумен ғана шектелмейді. Оның қаншалықты орындалғаны да маңызды. Осы ретте брифинг барысында атқарылған жұмыстардың кейінгі нәтижесі де айтылды. Мектептерге берілген 162 нұсқаманың бүгінде 147-сі орындалған. Төрт мектеп нұсқаманың орындалуы жөнінде ақпарат ұсынбаған болса, тағы бесеуінде көрсетілген талаптар ішінара ғана орындалған. Ал алты нұсқаманы орындау мерзімі қыркүйек айына белгіленген.
Асханалар мен мектеп-интернаттардағы жағдай біршама көңіл көншітеді. Спикердің айтуынша, мектеп асханаларына берілген 81 нұсқаманың барлығы орындалған. Сондай-ақ, жеті мектеп-интернатта анықталған кемшіліктер де толық жойылған.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы мұндай бақылаудың түпкі мақсаты – қағаздағы көрсеткішті түгендеу емес, бала күн сайын бірнеше сағатын өткізетін ортаның қауіпсіз болуын қамтамасыз ету. Өйткені мектептің дайындығы сырланған қабырға мен жаңарған партамен ғана өлшенбейді. Таза асхана, санитариялық талапқа сай ғимарат пен тиісті рұқсат құжаттарының болуы да оқушы қауіпсіздігінің бір бөлігі. Ал әзірге орындалмай тұрған нұсқамалардың жайы жауапты мамандардың бақылауында қалмақ.

Гүлнұр Баймұхан