ОБЛЫСТЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ БАЙҚАУЫ
Ұлы ақын, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының мол мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы, ұрпаққа жол сілтер асыл қазына. Ақынның тағылымды ойларын жас буынның санасына сіңіріп, шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2026 жылғы 25 тамызда Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай ілімі – рухани қазына» атты облыстық Абай оқулары байқауы жоғары деңгейде өтті.
Руханият пен өнерді тоғыстырған тағылымды шараға Жетісу өңірінің әр аудан, қаласынан келген білімді де өнерлі жас өрендер қатысты. Жас талапкерлер Абай әлеміне терең бойлап, ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, ар-ұят, елдік пен бірлік туралы ой-тұжырымдарды көрермен жүрегіне жеткізе білді.
Байқау барысында қатысушылар Абай шығармаларын мәнерлеп оқып қана қоймай, ұлы ойшылдың мұрасын өзіндік таным-түсініктері арқылы зерделеп, шығармашылық қабілеттері мен сахналық шеберліктерін танытты. Әрбір жас ұрпақтың өнер көрсетуінен Абай сөзіне деген құрметі мен ұлттық руханиятқа деген сүйіспеншілігі айқын аңғаруға болады.
Облыстық деңгейде өткен байқауға «Талдықорған қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-не қарасты 3-бөлімшедегі №7 кітапхана филиалының тұрақты оқырмандары да белсене қатысып, өз өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Атап айтқанда, С. Мұратбеков атындағы №9 мектептің 10-сынып оқушысы Жанбота Алмасқызы байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал №27 орта мектеп -гимназиясының 7-сынып оқушысы Рақымжан Мадияр белсенділігі мен өнерге деген ерекше қызығушылығы үшін Алғыс хатқа ие болды.
Жас өрендердің бұл жетістігі- олардың тынымсыз ізденісі мен талпынысының, өнерге деген құштарлығының жемісі. Сонымен қатар бұл – Абай мұрасын жүрекпен қабылдап, ұлы ақынның өнегелі сөздерін өмірлік ұстанымға айналдыруға деген ынтаның жарқын көрінісі.
Абай: «Адам болам десеңіз…» деп ұрпақты үнемі білімге, еңбекке, талап пен адамгершілікке үндеді. Бүгінгі жас ұрпақтың осындай тағылымды байқауларға қатысып, ақын мұрасын дәріптеуі – Абай арманының жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Осындай рухани мәні зор шаралар жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Абай ілімі-уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік рухани мұра. Сондықтан ұлы ақынның тағылымын дәріптеу- баршамызға ортақ парыз.
Күміс ЖҰМАДІЛҚЫЗЫ,
3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана
Филиалының кітапханашысы,
Талдықорған қаласы
