ДОСТЫҚ ВОКЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Алакөл ауданында Қытаймен шекарада орналасқан Достық станциясының теміржол вокзалы қайта жаңартылып, пайдалануға берілді.
Вокзал 1961 жылы салынған. Достық станциясындағы орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 158 адамды құрайды. Станция арқылы Алматы, Ақтоғай, Балқаш, Қарағанды және Астана бағыттарында жүретін 14 жолаушылар пойызы өтеді.
Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараты, шатыр және инженерлік желілер жаңартылды. Нысанның ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, перрон қайта жөнделді, сондай-ақ вокзал маңы абаттандырылды.
Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Жоба ҚР Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Қайта жаңартылған вокзал жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған.
Rаіl-nеws.кz
