Жетісудың Үштөбе қаласында жаңарған саябақ ашылды

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында орталық саябақ күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілді. Бұл – биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды. Аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді. Саябақтың лентасы қиылған соң жиналған қауым саябақ ішіне 50-ге тарта ағаш отырғызды. 1936 жылы салынған саябақ 2015 жылы жөндеуден өткен. Оның жалпы аумағы — 6,6 гектар. Саябақта спорт алаңдары, балалардың ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулетті ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылды. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.










