4,5 миллиард теңгелік жолдың жолы болмады

Жетісу облысында 4,5 миллиард теңгеге салынған жол әлі ресми пайдалануға берілмей жатып сыр бере бастаған. 7 шақырымдық айналма жолдың асфальты үгітіліп, көпірдің бекіткіш темірлері ажырап кеткен. Ал жауаптылар құрылыс әлі толық аяқталмағанын айтып отыр, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Сарыөзек кентін айналып өтіп, Жаркентке, одан әрі Қытайға апаратын республикалық маңызы бар жолмен жеңіл көліктер ғана емес, ауыр жүк машиналары да күндіз-түні қатынайды. Алайда жүргізушілер жаңадан төселген асфальттың қазірдің өзінде қопарылып жатқанына наразы. Олардың айтуынша, жолдың кей тұстары үгітіліп, көпірдегі бекіткіш темірлер ажырай бастаған.Тіпті көпірге орнатылған кейбір темір бөлшектерді қолмен-ақ жұлып алуға болады екен. Жол сапасына қатысты сынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Жетісу облыстық филиалы «Құрылысқа жауапты компанияға кемшіліктерді жою талабы қойылған, мердігер ұйым ақауларды өз қаражатына жөндеп жатыр» — деп жауап берген. Дегенмен түсініксізі, қабылданбаған, сапасыз салынған , ақауы бар жолмен көлік неге тоқтаусыз жүріп жатыр?










