Қазақта «сарқыт» деген сөз бар

0
36

Сарқыт — бұл тойдан, қонақасыдан немесе үлкен жиындардан үйдегі балаларға немесе жиынға қатыса алмаған кісілерге дастарханнан ет, бауырсақ, тәтті, құрт, кәмпит ырымдап әкеліп, ауыз тигізу дәстүрі.

Дәстүрдің мәні мен маңызы:

— Ырым және ниет: Той мен қуаныштың жақсылығы, берекесі мен қасиеті шаңыраққа жұғысты болсын деген жақсы ниеттен туған.
— Қамқорлық пен құрмет: Жиынға келе алмаған балаларға, келіндерге немесе үйде отырған үлкендерге сыйласым мен қамқорлықтың белгісі ретінде беріледі.
— Тәрбиелік мәні: Үлкендердің жолы мен абыройын сыйлауға, ас қадірін білуге баулиды.

Маңызды ережелері мен
тыйымдары:

— Айырмашылығы: Сарқытты арнайы қонаққа тартылатын сыбағамен шатастыруға болмайды.
— Қаралы үйден сарқыт алынбайды: Этнографиялық дәстүр бойынша, қаралы астан немесе жаназадан сарқыт әкелуге болмайды («асты бөліп алудың ырымы жаман» деп саналады).
Өкінішке орай, қазір ондай тыйымдар еленбей жатыр…Өмірден қайтқан адам жас болса да, қария болса да рухына арналған дастархан «тоналып» жатады. Кейде сол сәтті бақылап отырып ойлайсың – бұл әдепсіздік емес пе? – деп.
Бірақ, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, елдің оңтүстік өңірінде жас өлімнің құран оқылған дастарханынан ауыз тиіп қана қояды да, пакет көтеріп кету деген жоқ. Ал үлкен адам қайтқандағы дастарханнан «үлкен адам қайтса — той ғой, сол кісінің жасын берсін» — деп, пакетті көтергенше толтырып әкетіп жатады…

Кәсіпкерлерге құлаққағыс

«Сарқыт» дегендегі айтпағымыз басқа еді, енді соған көшсек. «Сарқыт» сөзінің екінші мәнісіне үңілсек, ол — бір жағынан адамға ысырапшылдық пен үнемшілдік туралы ой салады. Себебі аста болсын, тойда болсын, басқа да тамақтану орындарында өтетін атаулы дастарханда болсын «сарқыт» алу әдеті кеңінен етек алып жатыр. «Босқа қалғанша» – деп сыпырып кетеміз ғой дастарханды…Бір қарасаң столда тек тарелкалар ғана қалады.
Негізінде, айтпағымыз дастарханға кеткен қаржы туралы еді. Дастарханға сатып алып әсемдеп қоятын тағамдарды дайындайтын кәсіпкерлер туралы. Басқаша айтқанда тамақ бағасы, оның сапасы және тұрып қалған өнімнің арзандамайтын құны.
Қазір аспаздықпен айналысатын кәсіпкерлер аз емес. Бұл өте пайдалы қызмет. Базар немесе дүкен сөрелерінде кәсіби аспазшылар жасаған өнімі үнемі сұранысқа ие. Тұрақты тұтынушысы бар кәсіп.
Қазір шәйдың дәмінің түрі сауда нүктелерінде толып тұр. Қонақ шақырғанда бұрынғыдай пысылдап газ плитасының жанында бауырсақ, торт немесе түрлі күлше пісіріп тұрмайсың, тапсырыс бересің де базардан барып ала бересің немесе тапсырыспен үйінен алып кетесің. Қазір бәрі бар. Жеті наның — шелпекке дейін сатылады. Етті асып қойып, дастарханыңа барыңды салып, дайындала бер қонағыңа.
Дегенмен сөреден сатып алған дәмдерің түрі жағынан алуан түрлі болғанмен, сапасы жағынан кейде кемдеу болып тұрады, өйткені бірнеше күн тұрып қалған «тауар». Ал тұрып қалған «тауар» бағасы жаңа пісірілгеннен арзандау сатылмайды — қақшиған тұрақты баға…
Аспаздық дүкендердегі тоңазытқыш – сөрелеріндегі (витриналар) торттар, піскен балық, піскен ет-тауық, жұмыртқа, котлет, бауырсақ-тоқаштары, көкөніс салаттары, тағы да басқа тағам өнімдері қанша күн тұрса да сол бағаға сатылады. Тоңазытқышта тағам бұзылмайды дегенмен, әр тамақтың сақтау ережесі мен мерзімі бар емес пе? Бұл жерде сатушы ол өнімдерді арзандату туралы ойына кіріп те шықпайтыны сөзсіз. Шыққан шығынының орнын толтырғысы келетіні түсінікті, әрине. Бірақ… Сатылмай қалған өнімнің, яғни өтпей қалған тағам түрлерін арзандатыңқырап неге сатпасқа?
Осы орайда Германияның базарларында болған көршім Ваня ағайдың әңгімесі еске түседі. Ол кісінің айтуынша, неміс елінің сауда орындарындағы тағам түрлерінің бағасы өзгеріп тұрады. Етке, құс етіне, майларға, кондитерлік тағамдардың түр-түріне, тіпті нанға дейін. Сөрелердегі тауар түрі де, бағасы да жиі өзгеріп тұрады. Ал базарларындағы көкөніс пен цитрусты жемістердің бағасы бір күннің ішінде үш рет өзгереді екен. Оларда «таңертеңгі баға», «түскі баға», «кешкі баға» деген ұғым бар. Таңертеңгі сатып алған мандариніңнің бағасы кешке барсаң, екі есе арзан сатылады. Бізде ше? Көкөністі шірігенше бағаны ұстап тұрады да, шіріген өнімді қоқысқа тастайды… Әңгімемізді «сарқыт»сөзінен неге бастадық? Енді соған келейік.

Алматыда «Сарқыт» деген жоба пайда болды

«Жас Алаш» газетінің 8 қазандағы нөмірінің соңғы бетінде осы жоба туралы жазылған мақаланы қызыға оқып шықтым. Үйренетін көп пайдалы жақтары бар жоба екен. Біз жоғарыда жеке кәсіпкердің кәсібіне байланысты өндірген тамақ өнімдерін айтып өттік.
Алматылық жобада қоғамдық тамақтану орындары, басқаша айтқанда асханалар мен кафелер, лағманханалар сияқты көпшілік тамақтанатын орындарда тағамдардың, салаттардың, тіпті нанның өтпей қалған жағдайындағы туындап жатқан ысырапшылдық аталады. Жасыратыны жоқ, қалып қалған тамақ көпшілік тамақтанатын орындардың бәрінде бар мәселе. Тамаққа жұмсалатын азық-түліктің қаншамасы ысырап болып жататыны өтірік емес. Тамақтың сақталуы жөнінен санитарлық нормаларды кім және қанша тексеріп жатқанын құдай білсін.
Аталған ысырапшылдықты жою үшін не істеу керек деген сұраққа жауап іздеп, оның жолын тапқан IT мамандығына оқып жатқан қарағандылық студент Қараұл Шыңғыс өтпей қалған, бірақ жеуге жарамды тамақты жеке бір боксқа жинап, төмен бағамен сатуды ұсынады. Қазір ол «Сарқыт» қосымшасын ашып, оны ғаламторға қосты. Оған тамақтану орындарынан тіркелгендер саны күн санап өсуде. Жобаның бастапқы мақсаты ысырапшылдықты болдырмай және арзан тамақ орнын белгілеу болса, нәтиже қандай болатыны уақыт еншісінде. Тамақ қымбаттап жатқан уақытта жобаның бұл мақсаты көңілден шығады, нәтижелі болады деген үмітте жоба авторы. Ал бізде, әзірше, тамақтану орындарындағы қалған тамақтар ит пен шошқа асыраушы иелеріне жинап беріледі немесе қоқысқа кетеді.
Сондықтан дәмханалардан астанатын адамдардың (Тиктоктағы бейне көрініс) Нағима Есқалиева сияқты өзі тамақтанған столындағы дастарханнан желінбеген тамақты жинап алуы сөкет емес деп ойлаймын. Бұл сарқыт емес, ысырапшылдықты болдырмайтын үнемшілдік. Қарағандылық студенттің де жобасы үнемшілдікті мақсат етіп отыр.

Баян Таңатарова
«Алатау»