Әбен ақынның сырлы әлемі

0
35

«Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да, өтсем дедім өмірден ән сап қана…» Осылайша төгілте жырлаған ақын Әбен Данабекұлы Дәуренбеков ағамыз «қанымызға қағазсыз сіңген» бекзат өнер — поэзияның қасиетіне қылау түсірмей, керісінше оны барынша қазақы қалыппен кестелеп, жүрегінің терең түбінде тұнытып, тау бұлағындай мөлдір қалпы оқырманына қайта ұсынып, жыр сүйер жұртшылықтың мейірін мейлінше қандыра білген қарымды қаламгер – деп жазады ақын Ерғазы Манап «Абай–ақпаратта». Ерғазының жазғандарын оқи отырып, осы қоңыр күздің бір күндерінде ақын ағамыз Әбеннің өмірден озғаны есіме түсті. Бірақ, дәл қай күні екені есімде жоқ. Жаназасына барып, ақын ағамызды соңғы сапарға шығарып салдық. Сол сәттер есте қалды. Жиналған қауым көп болды.

Сүйекке түскендер ішінде Тұрсын Әбдуәлиев ағамыз басшылық етті. Бұл дегеніңіз ешнәрседен, ешкімнен қаймықпайтын бас редактор Тұрсын ағаның Әбен ақынға, оның журналистік азаматтығына көрсеткен құрметі деп түсіндік. Қандай биік парасаттылық десеңізші! Жиналған жұрт Тұрсын Әбдуәлиев ағаға ризашылық сезімдерін білдіріп жатты… Бақилыққа аттанған Әбен ағаны шығарып салған ағайынның көпшілігі жыр сүйер жұртшылық пен журналистер қауымы еді…Жаназасын оқыған да облыстық газеттің сол кездегі фтотілшісі Мират Тахиров болды. Біз таңырқап сұрап жатырмыз ғой Кенжекеңнен: Неге Мират шығарды жаназасын, имамдар жоқ емес қой қалада? — дегенімізде, естігеніміз -Тахировтың әкесі тақуа кісі болғандықтан, Мират та діни сауаты бар азамат. Сондықтан Әбен өзі көзі тірісінде Миратқа «менің жаназамды сен шығарасың,» – деп, табыстап кеткен екен…Қала жұртшылығы Әбен ақынмен Бикен Римова атындағы театрда қоштасты…

Шығыстан қайтқан жайсаңдар

Оқырманға түсінікті болу үшін сәл кері шегініс жасап, Кенжекең деп отырғанымыз кім екенін оқырманға түсіндірейін.
Кенжекеңдермен араласқанымызға қырық жылдай уақыт болып қалды. Кенжекең деп отырғаным біздің әріптес, журналист, Көксу ауданының Құрметті азаматы, аудандағы ақпарат саласына еңбегі сіңген, газет оқығысы келіп, көңілі шөлдеп тұратын зиялы азамат. Бүкіл Көксу ауданында «Қазақ әдебиеті» газетін оқитын азамат екеу болса соның бірі, жалғыз болса соның дәл өзі.
Сол қырық жылдай араласқан уақыт ішінде аузынан тастамай айтып отыратын құрдастары Тоқтасын Сүгірбеков пен Әбен Дәуренбеков сияқты ақын және журналист ағалар еді. Олар өмірден өткенше аралары ажыраған жоқ. Құрдастары туралы әңгімелесе Кенжекең олардың мен білмейтін кәсіби қыр-сырларын айтып отыратын. Тоқтасын ағаймен әріптес болып Талдықорған облыстық телерадиокомпаниясында облыс тарағанша жұмыс істедік. Қазақша сөз қоры мол, ауызекі сөзі де, телесюжеттердің кадрден тыс текстін де қиналмай, уақыт алмай жазып бере салатын жылдамдығы бар кәсіби журналист еді. Көзімен көргенін көкірегіне тоқып, аяқастынан кабинетте отырған бәрімізге арнау өлең жаза салатын ақындығы да бар еді…

Әзілкеш Әбен ақынның ақ көңілі

Ал Әбен ағаны Талдықорған облысында құрылған «Аққұс»деп аталатын әдеби -шығармашылық орта арқылы таныдым. Ол кісі облыстағы ақын-жазушылардың басын қосатын орталықтың басшысы болды. Телеарнаның редакторы Дәния Омашева Әбен ағаны сол шығармашылық орталықтың жұмысына байланысты хабарларға шақырып тұратын. Жақынырақ білгеніміз сол кезден басталды. Ол кезде орысшамыз көп, қазақшамыз аз болғандықтан шығар, Әбекең сияқты керемет ақынның бар екенін мен кейін білдім.
Әзілкеш еді. Студияға келіп-кетіп жүргенде маған «қызыл ерін қыз» деп қалжыңдайтын. Қазір сол кез еске түссе, «помада жағып, боянып жүргендерді жақтырмағаны шығар» деп ойлаймын. «Ауылдағы той» деген әсем әннің сөзін жазған автор екенін білгенімде тіпті таңқалдым. Әннің авторы Әли Алпысбаев екенін де кейін білдім. Ол жылдары облысқа жаңадан келген кезіміз болғандықтан шығар…Ән әр тойда орындалып жатады, сөздерін ел жатқа біледі :
Тойың тойға ұлассын,
Салған әнің қыр ассын.
Сәнін берсін Сәкеннің,
Әнін берсін Күләштің, туысқандар-ай!
— деген бата сөздер әнге айналып шыға келген. Не деген керемет тілек!
Кенжебек Бектемісовтың Әбен құрдасы туралы әңгімелері көп-ақ. Тыңдасаң, күлкіден езу жимайсың…
Кенжекең әңгімесінде Әбен ағаның келіншегі Қайынжамал өте кең адам болған деп отырады. Кенжекеңнің келіншегі Кәмила да Қайынжамалмен өте жақсы араласқандарын, өмірден ауырып, ерте кетіп қалғанын өкінішпен айтып отыратынын талай естідім.
Бірақ сол кезде айтылмайтын бір деректі Кәмила мен Кенжекеңнен жақында ғана естідім. Қайынжамал Сәкен Иманасов сияқты елге танымал қаламгердің қарындасы екен… «Инабатты, тәрбиелі, орта көрген мінезді жан еді» деген жақсы лебіздерін талай естісем де, Иманасовтың қарындасы екенін білмейді екенмін.
Осы орайда Кенжекеңнен сұрап қалдым: — Олай болса Әбен аға Сәкен Иманасов арқылы елге танымал болған шығар? Күйеу баласы ғой дегенмен?..
Тура сөйлейтін Кенжекең: -Жоқ. Бұл жерде ондай әңгіме болмауы тиіс. Сәкен Иманасов Әбенмен бұрыннан таныс, әрі әріптес болды. Ол кезде Әбен оның қарындасымен қосылған жоқ болатын. Сәкен Иманасов Әбеннің ақындық қабілетін ерте көріп, біліп, Әбеннің талантын таныды, оны қолдады. Елге танытты. Сәкеннің адамгершілігі жоғары азамат қой, — деді…
Журналист деген халық өзі ерке халық қой. Еліне де еркелейді, үйіндегі келіншегіне де еркелейді. Соның бір көрінісі — Кенжекең айтқан Әбен аға туралы мына бір естелік.
— Жұмыстан кейін әріптестер бір жерде отырып (мүмкін сырахана болар — Кенжекең оны айтпады), әңгімені біраз бұрқыратып, үйге қайтар кезде Әбен ағамыз стол басында отырған әріптестерінің бәрін үйіне шақырады екен:
— Жүріңдер, Қайынжамалдың шәйін ішіп қайтыңдар! — деп. Әріптестерде «отказ» жоқ, бір топ болып Әбекеңнің үйіне бет алады. Есікті қаққан Әбекең Қайынжамалға айтады екен: — Елдің бәрі қырыла мас, мен ғана сау, — деп, жігіттерді үйге кіргізіп, сыйлап жібереді екен.
Кенжекең Бектемісов айтқан тағы бір әзіл есіме түсіп отыр. «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген жылдары болса керек, Әбен аға газеттің кезекті номеріне кезекшілік етіп отырса керек. Қате көп болып шаршап кетті ме, кім білсін, сонда айтқаны: «Жұмыс істеп Әлиге, барғаным жоқ әлі үйге!» — деп, елді күлдірген сәттері де болыпты. Әли дегені бас редактор болған Әли Ысқабаев ағамыз екен. Әзілкеш Әбен ақын ағамыздың Кенжекеңнің есіндегі тағы бір әзілі:
Облыс қысқарған жылдары болса керек. Жұматай Жақыпбаев пен Әбен аға автобуста келе жатса біреу Әбенге тисіп қоймапты. Автобустан түскен соң әлгіні Жұматай бір соғып жықса, Әбен: «Жұматай-ей, мен оны өзім-ақ соғып жығатын едім ғой!» — деген екен.
— «Тамағының астында қалы бар Мадина» деген өлең кімге арналды екен?- деп сұрағанымда Кенжекең: — Ол өлең Әбен ауырып ауруханаға түсіп қалғанда туған өлең, Мадина деген медбике қыз Әбенге укол салып, дәрісін беріп жүргенде тамағына көзі түскен ғой қудың, несі бар көзі түссе, ақынның жүрегі жұмсақ болғаны ғой, — деп күлді.
Әулиеата жерінен келіп едің, Мәдина,
Екі өзенді тел емген елік едің, Мәдина.
Көлде жүзген мамырлап ақ қаз едің, Мәдина,
Жамалың да, жаның да тап-таза едің,
Мәдина.

Саусағыңды саусағым сипап еді, Мәдина,
Саусақтарың не деген шипалы еді, Мәдина!
Күлімдеген көзіңнен күн көрінген,
Көре алмайды ол күнді кім көрінген.
Ақ тамақтың астында мең бар еді, Мәдина,
Сол бір меңге қадалып нем бар еді, Мәдина!
Қайда жүрсең мен көрген қалпыңдасың,
Мәдина,
Аман болсын аялулы, алтын басың, Мәдина!

Жылы жүзді, жұмсақ мінезді ақын Әбен ағаның досы көксулық журналист Кенжебек Бектемісов екеуінің Қазақстанға келгенге дейінгі тағдырлары ұқсас болатын. Кейін де жоғарғы оқу орнын бітіріп, екеуі де журналистика саласында еңбек етіп, отбасыларымен тығыз аралас болған. Әбен ақынның Света, Гүлзада, Әсия, Жазерке, Айдын атты ұл-қыздары бар. Бүгінде барлығы да үйлі-баранды. Жарынан ерте айрылған ақын осы балаларының қанатының қатаюына ерекше еңбек сіңірді. Әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білді. Қиын жылдарда қайтыс болған жарының орнын ешкімге ұсынбауының басты себебі – ақынның сезімтал жүрегі екінші Қайынжамалды таппайтынын сезген шығар… Әкенің балалар алдындағы жауапкершілік жүгін арқалай білді.

Жыры қалған артында

Мың күн «бала» атанып, бір күн «дана»,
Шыңға шықтым, құладым құрдымға да.
Жалғаса бер тәтті жыр, ащы өмірім,
Мәпелеме, сағымды сындырма да.

Құрағы – гүл, тынбайтын бұлағы – жыр,
Сындырмасын сағымды мына ғұмыр.
Өкінгенмен не пайда өткен күнге,
Мың күн сынбас шөлмек те сынады бір…

Мұңдасам да қартпенен, жігітпенен,
Мұңаям да беталды күліп келем…
Қарамаппын жолдарға күдікпенен,
Әлі де көп нәрседен үміттенем.

Аласұрып бұлданба текке көңіл,
Жыл дегенің – беймаза өткен өмір.
Өткен күнді елжіреп есіңе алсаң,
Кеткен күнге тек мәнсіз кектене біл!

Қуандың ба, күтесің нені көктен,
Басқа әлемнен дәп бүгін келіп пе ең?
Туған айдай тураулы ет – жыл дегенің,
Желмаядай бір өмір желіп өткен.

Өткен күнім түсіме жиі енеді,
Сан көсілді көлігім, үйеледі.
Көңіліңді, көгерткен көсегеңді,
Жыл дегенің не деген киелі еді!

Қуанышты қолпашқа құлай күлсін,
Күлмегендер өмірге былай жүрсін.
Дүниені жасартып жыл келмесе,
Не боларын жалғанның Құдай білсін.

Бір даладан кездескен, бір қаладан,
Қайран жылдар – тәтті өмір сырғанаған.
Қош болыңдар, хош келдің, келе бергін,
Дидарыңды әйбәттап нұрға малам, — деп, жырлаған ақын ағамыз Әбен Дәуренбековтың өміршең өлеңдері поэзия дүниесінде өлең сүйер қауымға рухани азық болып қала бермек. Өйткені оның өлеңдерінде өмір де, қуаныш та, мұң да, сарғайған жапырақтар сияқты сағыныш та, мөлдір сезім де, қысқасы, Әбен ағамыз адамзатқа тән барлық табиғи құбылысты жырлаған ақын . Сондықтан да оның қазақ поэзиясындағы алар өз сатысы бар.
Баян ТАҢАТАРОВА