Алтын қазық, асыл ана

0
24

Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз — заманында Сарқанның сұңқары, Қараталдың қыраны атанған, көрнекті шаруашылық басшысы, азамат ердің баласы Шәкербек Оспановтың (1941-2006) жан жары Бәтимаш Еспенбетқызы Оспанова.

Сәл шегініс

    Жер жанаты Жетісудың Басқан өзенімен іргелес жатқан Екіаша ауылының тумасы. Жастайынан майдангер ардақты әкесі Еспенбет, ғазиз анасы Рухан мен асыл әжесі Биғайшаның тәлімді тәрбиесін алып өскен. Білім қуып, арман жетегіне ілесіп оқу оқыған. Қиырдағы сонау Тараз топырағындағы Жамбыл мәдени — ағарту училищесінің түлегі. Үш баланың (Асхат, Саят пен Қызғалдақ) анасы, төрт немеренің сүйікті әжесі. Елдің сыйлысы, ағайын-туыстың құрметтісі. Ақ жаулығы басынан, Алласы мен ақ батасы аузынан түспеген жан. Тіл- аузымыз тасқа тисін, жаратушының сахилықпен берген күш-қуатының арқасында сеңгірлі сексеннің белесіне көтерілсе де, әлі де ширақ, тың зерделі. Арамыздан сәл ертерек кеткен (бүгінгі күн өлшемімен алсақ) небәрі алпыс бес жас жасаған ел ардақтысы Шәкербек ағамыздың қара шаңырағы отын маздатып отырумен қатар жарқын іс-қызметімен көзі тірісінде ел ағасы деген атақты иеленген өмірлік жарының өнегелі өмірін кейінгі жасқа үлгі ету, есімін ұлықтаудағы қарекеті барынша құптарлық әрі тағылымды. Нақ осы тұсқа келгенде сәл кідіріп, өткенге оралып, ой елегінен бір сәт өткізейінші…
Өткен ғасырдың жетпісінші жылының соңында іргелес жатқан Сарқан ауданының экономикалық жетістігімен атақ даңқы Талдықорған өңіріне кеңінен тараған «Қарабөгет» совхозы директоры, білікті басшы, дала академигі Н.Алдабергеновтің шәкірті К.Жанатовтың орынбасары (алдымен бас инженер) лауазымынан жоғарылап, қасиетті Қараталдың мал өсіру мен егіншілігі қатар дамыған, алайда соңғы жылдары басшы тұрақтамай шаруасы шатқаяқтаған шаруашылықтың тізгінін ұстау бақыты бұйырды. Сырт көз сыншы дегендей, еңбек жолын қатардағы колхозшыдан, басшылық қызметті бөлімше меңгерушісінен бастап, сатылап көтерілген. Шұбар ауыл шаруашылығы техникумында алған білімін (қызыл диплом иегері, кейінде Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын сырттай тәмамдаған) өндіріс барысында шебер іске жарата білген көреген басшы табиғи байлығы мол, кадрлары сайдың тасындай болса да ішкі және сыртқы ресурсы толықтай игерілмей отырғандығын аңғарды, сезді. Жарқын келешекті дөп басып, бағамдай білетін Шәкең алғашқы жұмыс күнінен бастап осы олқылықтың орнын толықтыруға білек сыбана кірісті. Іс тетігін шешетін кадрды сырттан емес, өз ішінен іріктеді.

Дотациядан —
миллионерге айналу

«Мешкей деген жақсы ат еместен» артта қалған совхоз атағынан құтылып, әйтеуір не керек, айналдырған бес-алты жылдың бедерінде бұған дейін шығынға батып, үкіметке алақан жайып отырған орта деңгейдегі шаруашылықты рентабельді, миллионер дәрежесіне жеткізді. Енші алып шыққан, тікелей қой өсірумен айналысатын «КСРО-ның 60 жылдығы» совхозы бөлінгеннен соң, кеңшар ұжымы енді күш-қуаты он мың ірі қараны бордақылап, етке өткізу саласымен айналысты. Өндірісі өрге басты. Бірінші май (қазіргі Көкпекті) ауылының ажары кірді. Жаңадан заманауи дәрігерлік амбулатория, бала бақшасы, орта мектеп, Мәдениет үйі, тұрмысқа қолайлы тұрғын үйлер көптеп салынды. Шаңы бұрқыраған көшеге асфальт төселді. Қожбан бөлімшесі ескерусіз де қалмады. Міне, аталған шаруашылықтағы өркенді істер, берекелі өзгерістер, серпінді қимылдар, күллі жаңалық атаулы сол тұстағы аудандық партия комитетінің органы «Коммунизм жолы» («Қаратал») газеті журналистерінің қаперінде болды. Ілгері басқан әр қадамы қалам ұшына арқау болды. Облыс пен республика басылымдарының да назарына ілікті.
Сол жылдары танымал журналист М.Өсербаева басқаратын алақандай газеттің редактор орынбасары әрі ауыл шаруашылығы бөліміне тікелей жауапты болғандықтан кабинетте қамалып отырмай, іссапарға жиі шығатынбыз. Мінгеніміз редакцияның су жаңа «Уазик» көлігі. Жанымызда шебер фототілші С.Жанғабылов бар. Таңертеңгілік ертелетіп жетіп, директор Шәкеңе жолығамыз. Біздің жақсылық ниетпен жиі келетінімізді аңғарған ол бас мамандарға көзімізше: «Көрем деген жерін көрсін. Аралатыңдар! Мәліметті толық беріңдер. Қарындары ашып қалмасын», – деп ескерткендіктен әр сапарда түрлі тақырыпты (мал мен егіншілік, құрылыс, мәденеит т.б.) қамтуға ұмтыламыз. Әйтеуір блокнотымыз жапырлаған цифрға толып шығады. Еңбек азаматтарымен әңгіме сәл ұзарады. Коммунистік тәртіптің қатаңдығы, сыйластық болар, этикасын сақтағандықтан басшы үйіне шақырмаса, аяғыңды аттап баса алмайсың. Бұған қоса Шәкеңнің жанкештілігін көре алмайтын алакөздер отырған, тұрғанын аңдып, түймедейді түйедей етіп, жоғарыға арыз борататыны тағы бар. Осындай қисынды себептен он екі жылдың бедерінде ағамыздың өмірлік жары Бәтимашпен дидарласудың бір сәті түспеді. Ал оның есесіне етене араласып, сыр-сипатын білетіндердің айтуымен жеңгеміздің өте қарапайым, көпшіл, инабатты, зерделі, қолы ашық екендігінен хабардар болдық. Сол он екі жылдың ішінде «Мен бастықтың жұбайымын» деп кеуде керген, жұрттан ерекшеленіп киінген, күйеуінің билігіне араласқаны сезілмепті. Есесіне мамандығы мәдениет қызметкері болғандықтан ауылда өтетін әртүрлі мәдени-көпшілік шараның, әсіресе Наурыз мейрамы мен көркемөнерпаздар байқауын өткізерде белсенділік танытатыны көпке үлгі екен.
Уақыт шіркін жүйрік қой! Тәуелсіздігіміздің беташар жылында жаңаша ойлайтын, аграрлық сектордың білгірі, азаматтық көзқарасы орныққан Шәкеңе жоғарғы басшылар зор сенім артып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы міндетін (1992) жүктеді. Бауыр басты Қараталымен қимай қоштасты. Талдықорғанға ірге тепті. Социалистік қоғам құрылымынан мүлдем бас тартып, өтпелі кезеңнің нарықтық қатынастарына көшердегі ие бермес асау аттай аңдыздаған қиындықтарды еңсеру барысында темірдей төзімді, болаттай берік денсаулығы сыр берді. Зейнеткерлікке ерте (1999) шықты. Айналдырған ауру ақыры жеңіп тынды. Үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Оған қаскүнемдердің қолынан небәрі 22 жасында қаза тапқан ет жүрегі Саят баласының қайғысы да қосылды. Отбасындағы қос бірдей қиындықты сабыр сақтап көтере білген Бәтимаш жеңгеміз күрт мұқалып жасымады. Дүниеден баз кешіп кетпеді. Асхат пен Саятынан өрбіген немереге бас-көз болды. Қызғалдақ қызының тілеуін тіледі. Асхаттың ұлы, болашағынан мол үміт күтетін Ерасылы Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің үздік студенті атанды. Ал немере қызы Әйгерім Сүлейман Демирел университетін (Алматы) үздік тәмамдап, жемісті еңбек етуде. Қызы Қызғалдақ нарық пен бизнес талабына сай негізгі мамандығы бухгалтерлікпен қатар заңгерлікті, салық ісін жетік меңгерді. Бүгінгі күні Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубай қаласында авиация бизнесі саласында аудит және салық департаментінің басшысы қызметін атқаруда. Қисыны келген бұл деректерді тектінің ұрпағы да тегіне тартатынын, өмірдегі лайықты орнын тапқанын өнеге етіп келтіріп отырмын.

Сөзбен сомдалған ескерткіш

Айтпақшы, Бәтимаш жеңгемізді осыдан он жыл бұрын Талдықорғанның «Қаратал» мейрамханасында өмірден озған Шәкербек ағамыз бен Саят ініміздің аруағына арнап берілген ас дастарханында сыртынан көргенмін. Абыр-сабыр кезінде әңгімелесудің сәті түспеді. Әдеттегідей Шәкеңнің қызметтес аға-інілері: Өкітай, Болатқали және басқалар сөз алып, ел игілігі үшін қажырлы еңбек еткен азаматтың жақсы қырларын ортаға салды.
Арада жылжып жылдар өтті. Биылғы жылдың сәуірінде ұялы телефонмен хабарласқан бейтаныс жан өзін: «Шәкербек ағаңның жұбайы Бәтимашпын», – деп таныстырды да 10 мамырда Талдықорғанда ағаның дүниеден озуының жиырма жылдығына арналған асқа шақырды. Естеліктер топтастырылған «Нартұлға» кітабына менің де жазбамның енгенін айтты. Белгілі себептермен (ұлымның ауруына орай) бара алмадым. Телефон қоңырауы тамыздың соңында қайталанды. Тұтқаны көңілсіздеу көтердім. Жеңгей Алматыға келгенін, немерелерінің жанында екенін айтты. «Қолыңыз тисе, ағаның кітабын алып кетерсіз», – деп өтініш білдірді. Мен болған жағдайды, ұлымнан айрылып қалғанымды қинала отырып жеткіздім. Мұндай суық хабарды күтпегендіктен абдырап қалғаны сезілді. Мүмкіндігінше қырқына қатысуға тырысатынын айтып, көңіл жұбатуын жеткізді. Көліктің реті болмай, келе алмады. Оның есесіне сенбіде (26.09) таңертеңгілік немересі Ерасылмен келіп, көңіл хошын жеткізді. Мұндай қасіретті халді өз басынан өткізгенін қынжылыспен жеткізді. Марқұмдар аруағына арнап құран оқылды. Бізді сабырға, төзімділікке шақырды. Ағаның кітабын табыстады. Өз басым жасының егде тартқандығын елеместен арнайылап келіп, көңіл жұбатуын айтуын теңдессіз ерлікке баладым. Себебі, Алматы шаһарында тұратын жайшылықта көзсіз патриот, ақылман менің көптеген жолдастарымның (арасында курстастарым да бар) аяғы мен сөзі жетпеген жерге үлкен басымен келіп, қолтығымыздан демегеніне риза болмай қайтерсің?! Жөн білетін адамда мін болмайды деген осы шығар…
Уақыт тауып, кітап мазмұнымен таныса бастадым. Сүйген жарына, елдің азаматына «Айбозым менің, жампозым менің!» деп баға берген Бәтимаш жеңгем құнды еңбектің құрастырушысы болумен қатар тұтас бір бөлімді (85 бет) қамтитын естеліктің де иесі. Оған қырық екі автор тартылған. Қатарында Ә.Ысқабаев, Н.Қылышбаев, Т.Ғалынов, Ә.Әрін, Р.Өтегенов, С.Кенішбаев сынды танымал азаматтар да бар. Мазмұнын толық баяндаудан қашып, оны оқырманның өзі іздеп, тауып алып оқуына жол сілтегенді абзал санап отырмын. Айтпағым, берекелі отбасының алтын қазығына айналған Бәтимаш жеңгей жасампаз істер тындырып, өмірден сәл ерте озған Шәкеңдей атпал азаматтың есімін ұмыттырмай, жаңғыртып отырудағы атқарған игі істері, әсіресе «Нар-тұлға» кітабы жас буын қажетіне жарайтын тасқа бастырылып, сөзбен сомдалған ескерткіш десе жарасады. Бұл уәжімізге ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен дүлдүл ақын А.Пушкиннің мәңгі өлмес поэзиям арқылы халық жүрегіне жақын Александриялық мұнара іспеттес ескерткіш орнаттым деп ағынан ақтарылғаны дәлел.
Асылында «Жақсы сөз жүрекке шуақ» екендігі бесенеден белгілі. Танымдық жазбаның жартысын дерлік қатардағы инженерден, заманында Жетісу өңіріндегі озат шаруашылықтың көрнекті басшысы дәрежесіне көтерілген Шәкербек Оспановтың іскерлік еңбегіне арналуы – бірі өндірістің, ал сыңары отбасының алтын қазығы болғандығын баса көрсету ниетінен туды. Қалай десек те, бүгінгі шуақты күнге дін аман, мінсіз жетіп отырған жақсының жары – Бәтимаш Еспенбетқызы Абай аударған А.Пушкиннің «Онегиннің сипаты» жырындағы жақсы ұғымдағы «Жасынан түрін билеп, сыр бермеген», сөзі сара, жаны таза, ісі дара тобына жатады десек, қателеспес едік. Қазағымда азаматын әрдайым пір тұтатын Бәтимаштай асыл жар, аяулы аналар көбейе берсін!

Қараша Қараман,
журналист, қаламгер
Алматы облысы