Жұмыссызды тіркеудің жаңа тәртібі

0
34

Ел бойынша жалпы жұмыссыздар саны шамамен 450 мыңнан астам адамды құрайды. Жетісу облысының жалпы халық саны шамамен 682-683 мың адамды құрайды, оның ішіндегі жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту үшін өңірде түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр.
ҚР статистика бюросының соңғы ресми мәліметтері бойынша Жетісу облысындағы жұмыссыздар саны 14138 адамды құрайды
(2026 жылдың II тоқсанындағы көрсеткіш). Жұмыспен қамту органдарында ресми түрде есепте тұрған азаматтар саны — 16 809 адам (2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша)

Биылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды тіркеудің жаңа пилоттық тәртібі күшіне енді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген бұл өзгерістердің негізгі мақсаты — азаматтарға бірден жұмыссыз мәртебесін бере салмай, оларға лайықты жұмыс тауып беруге көбірек уақыт бөлу.
«Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Мансап орталығы» филиалының басшысы Кілтбаева Ақжайық Мұратқызымен жұмыссыздарды тіркеудің жаңа тәртібі туралы бірнеше сұрақтарға жауап алдық.
— Жұмыссыз болып тіркелген азамат өтініш бергеннен кейін қанша уақыт кетеді?
— «Жұмыс іздеушілерді тіркеу» және «Жұмыссыздарды тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерінің пилоттық жобасы аясында 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеушілер мерзімінің ұзақтығы 2 жұмыс күн ішінен 13 күнтізбелік күнге ауыстырылды.
Бұл азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру мүмкіндігін арттыруға және еңбек нарығындағы нақты жағдайды анықтауға бағытталған.
— Ұсынылған жұмысқа келіскені, я келіспегені туралы қанша уақытта жауап беруі керек.
— «Мансап» орталығының қызметкері бос жұмыс орны пайда болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде лайықты жұмыстың бар екені туралы жұмыс іздеп жүрген адамға және (немесе) жұмыссызға және (немесе) өзге де жүгінген адамдарға:
1) ол «мансап» орталығына өзі келген кезде;
2) enbek.kz порталы арқылы «жеке кабинет» -тен;
3) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы хабарлайды.
Егер жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз немесе өзге де жүгінген адам ауылдық жерде тұрса, «мансап» орталығының қызметкері лайықты жұмыстың бар екені туралы оларға АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) бойынша ассистент арқылы хабарлайды.
Жұмыс іздеуші ретінде тіркелген азамат – 1 жұмыс күні ішінде жауап береді.
Жұмыссыз ретінде тіркелген азамат – 3 жұмыс күні ішінде жауап береді.
— Қандай жағдайда есептен шығарылады?
— Еңбек мобильділігі орталығы «Еңбек нарығы» ААЖ(автоматтандырылған ақпараттық жүйе) арқылы халықты мансап орталығынан тиісті ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыссызды мынадай жағдайларда:
1) жұмыссыз үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар түскен кезде;
2) «Мансап» орталығы ұсынған лайықты жұмыстың үш нұсқасынан бас тартқанда немесе мансап орталығын, ал ауылдық елді мекендерде тұратын адам кент, ауыл, ауылдық округ әкімін лайықты жұмыстың ұсынылған нұсқаларымен келісетіні немесе олардан бас тартатыны туралы уақтылы хабардар етпегенде;
3) жұмыссыздың дәлелсiз себептермен:
— мансап орталығы хабардар еткен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу орнына немесе оқу орнына келмегенде;
— шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты мансап орталығына келмегенде;
— жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
4) жұмыссыз мансап орталығына барудың немесе оны хабардар етудің осы Қағидалардың 44-тармағында көзделген мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
5) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
6) мансап орталығына:
— тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
— тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмысқа орналасуды;
— кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
— ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
— мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
— зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынбағанда;
7) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде есептен шығарады.
— Тіркелудің негізгі жолдары қандай?
— Жұмысы немесе табысы жоқ, лайықты жұмыс іздеп жүрген адам жұмысқа орналасу үшін жұмыссыз ретінде тіркелу тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы арқылы, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, «Электрондық еңбек биржасы» арқылы жүзеге асырылады.
Рахмет! Халыққа қызмет көрсету барысындағы істеріңіз сәтті болғай! Газет оқырмандарына айтарымыз, кеңес алғыңыз келсе сұрақтарыңызды 8-705-190-91-70 телефонындағы бөлім бастығы Кәмшат Жұмабекқызына жолдаңыз. Оқырмандардың бізге жолдаған сауалдарын біз «Мансап орталығы» филиалының басшысы Кілтбаева Ақжайық Мұратқызына жеткізіп, жауабын сіздерге жеткіздік.

Сембек Солтанұлы

«Алатау»