Жөргекпұлға қашан жаримыз

0
1108

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың басты міндеті болғандықтан көпбалалы отбасына таңданыспен қарайтынымыз жасырын емес. Тіпті, бүгінгі таңда бір баланың өзін асырау үлкен мәселеге айналды. Оның үстіне берілетін жәрдемақылар да мардымсыз. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны айтудың өзі ұят. Себебі, сараңның берген садақасындай тиын-тебенге бір баланың жөргек пұлынада жетпей қалады.

Жалпы Республика бойынша аналардың бас көтеруінен кейін (әрі бес баланың өрттен көз жұмғанынан соң) ана мен бала мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Бұған, қоғам белсендісінен бастап, саясаттанушылар мен ақпарат құралдары наразылықтарын білдіріп жоғарғы билікке үндеу тастайды. Аналар қауымының бас көтеруінен кейін Қазақстанның демографиясын көтеру керек деген Елбасының сөзі қағаз жүзінде қалып қойғанына көзі жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы үкіметтегі ұйқылы ояу отырған шенділерге тапсырма берді. Ал, шын мәнінде 20-25 миллионды мұрат еткен үкімет кешенді шаралар қабылдауға дәрменсіздіктерін көрсетіп алды. Оның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова да бар. Бір жетінің айналасында бір ғана Астана емес, Павлодар, Қызылорда облыстарында балалардың өртке орануы, қазақ қоғамында көп балалы аналардың әлеуметтік жағдайын әшкерелеп берді. Осы орайда Еңбек және халықты қорғау министрі қандай қадамдарға барды деген сауалға жауап таба алмаймыз. Бір кездері қорасындағы бір сиыр мен тауығын санап, жәрдемақы алуға құқы жоқ деген министрлерді де көргенбіз. Тәуелсіздік алғалы 27 жылдың ішінде ана мен балаға және көпбалалы аналарға деген қамқорлықтың исін де сезбеппіз. Сыздауық пісіп жетіліп жарылғанда ғана, оның үстіне Елбасы өзі араласып бағдарлама жасап «ал жүзеге асырыңдар» дегенде ғана атқа қонған министр мен қаржы министрі жылаған баланың аузына су тамызғандай жаңалықтарымен бөлісуде. Мұнай мен алтын хромның үстінде отырып, кедейшіліктің кебенегін киіп жүрген қазақ мемлекетінде ана мен баланың мұң-зары жетіп артылады. Осындайда ғой айналаңа қарап өзге мемлекеттерде ана мен баланың ахуалы қандай екен деп сараптайсың. Көздерінен жас емес қан сорғалап жүрген көпбалалы аналарды көргенде еріксіз қалам тербейсің. «Менің 5 балам бар. Үлкенім 5-сынып оқиды, кішісі 1 жаста. Жалпы үш балам мектепке барады. Өзім жұмыс істемеймін. Ал, 1 жасқа дейін берілетін ақшамыз жақында тоқтады. Бірақ, ол ештеңеге де жетпейді. Мектепке баратын балаларыма тамыз айында айтарлықтай қиналып қаламыз. Мектеп формасы, дәптер, қаламдары, спорт киімдері бар. Мектепте көпбалалыларға арнайы көмек ретінде киім-кешек беріледі, бірақ олардың сапасын айтудың өзі ұят. Сондықтан барлығын өзіміз алуға тура келеді. Кішкентайлардың өзіне ай сайын бірталай қаражат керек. Қазір балалардың иммунитеті де нашар, жиі ауырады. Дәрі бағасын мен айтпасам да білесіздер. Қыста бар табысымыз осы дәрілерге кетеді. Министрлік берген 16 мың теңгемен қай жыртығымызды жамаймыз. Елбасының Жолдауынан кейін жәрдемақыны да көбейтер деген үміт болған. Енді тіпті, қынжылып отырмыз. Бала санын көбейт дей бермей бірінші халыққа, батыр аналарға жағдай жасау керек» – дейді көпбалалы ана Перизат Садақбаева. Бұл бір ғана ананың сөзі емес барлық аналардың пікірі деуге болады. Демек, демография – кез келген мемлекеттiң іргетасы, болашағы, тiрегi. Қайсыбiр мемлекет болсын, өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Шыны керек, демографиялық серпiлiстi бiздiң ел күткелi қашан?! Сонау ашаршылық пен репрессияға толы зұлмат жылдардан берi қазақтың қарасын көбейту зор арманға ұласты. Әйтеуiр, осы тақырып аясында басқосулар мен пiкiралмасу өрби қалса, тас лақтырсақ жетпейтiн 20-25 миллионды тiлге тиек етемiз. Сөз бен iстiң алшақтығы жер мен көктей. Тiптi, ұлан байтақ мекенiмiзде қоныс тепкен жұрттың, оның iшiнде қазақтың қарасының көбеймей отырғандығы жанкүйер қазақ тұрмақ, бөгде елдiң қаймана саясаттанушы-сарапшыларының да тақырыбына тамызық болып тұр. Оның денi қазiргi таңда ана мен бала өлiмiнiң азаймай отырғандығын тiлге тиек етсе, ендiгi бiрi – 20-25 миллионға жетудi мұрат тұтқан қазақ елiнiң әлеуметтiкдемографиялық жағдайына терең талдау жасап, бұл межеге жетудiң жолдарын ұсынуда. Ал, жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, олар көп балалы отбасылардың неге мұқтаж екенін анықтап, олардан ұсыныстар жинап жатырмыз деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова басқа да ұсыныстардың қарастырылып жатқанын мәлімдеді. «Барлық ұсыныс жұмыс тобында қаралады. Жұмыс тобының кезекті отырысы осы бейсенбіде өтеді деп жоспарланды. Оған жұртшылық өкілдерін, сарапшыларды шақыру ойымыз бар. Жұмыс тобында әлеуметтік қолдауды жақсарту мен мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларды қорғауға қатысты кешенді шешімдер ұсынылады деген ойдамын», – деді министр. Бізде бұрындары 4 баласы бар ана көпбалалы деп есептелетін. Оны да алып тастаған осы Мәдина ханым еді. «Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын Сабыр Адай айтпақшы, сонда 3 баланы дүниеге әкелген аналар жәрдемақыларға неліктен ілінбейді? Министр Мәдина Әбілқасымова бізде «миллионер» аналардың бар екенін айтқан. Бұл дәлелді қайдан алғанын өзі білер. Алайда, бізден өзге елдердің ақпаратына зер салсақ, ана мен бала тағдыры Қазақстанмен салыстырғанда аспан мен жердей екенін аңғаруға болады.

Ирландияда бала 16-ға толғанша (ал кейбір талаптарды сақтаған жағдайда 18-ге дейін) айына 140 еуро жәрдемақы төленеді. 2 баласы барға – 280 еуро (119 мың теңге), 3 баласы барға – 420 (178 мың), 4 баласы барға – 560 (237 мың теңге), 5 баласы барға – 700 (295 мың теңге), 6 баласы барға – 840 (355 мың), 7 баласы барға – 980 (414 мың), ал 8 баласы барға 1120 еуро (475 мың теңге) жәрдемақы береді екен.

Австрияда жәрдемақы баланың жасына қарай өзгеріп отырады. Туғаннан үш жасқа дейін айына 111,80 еуро (48 мың теңге) төлейді. Үш жастан он жасқа дейінгі аралықта – 119,60,(51 мың) он жастан он тоғызға дейін – 138,80, (59 мың), оқуын жалғастырған болса он тоғыздан жиырма төртке дейін 162 еуро (70 мың теңге) жәрдемақы алады. Үйдегі бала саны біреуден көп болса, мұның үстінен үстемақы қосылады.

Швейцарияда бала 16-ға толғанша орта есеппен 200 франк (78 мың теңге) жәрдемақы алады. Оқуын әрі қарай да жалғастырған болса 16-дан 25-ке толғанға дейін 250 франктан кем алмайды. Ал, министр Мәдина Әбілқасымова болса, «Көп балалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады. Бізден басқа бірде-бір елде мұндай үрдіс жоқ» деген болатын. Тіпті, экономикасы төмен, көршілес Өзбекстанда 3 балалы отбасы көпбалалылар есебіне кіріп, мемлекеттен тегін үй де алады. Өзі де ана бола тұрып, аналардың тағдырына бей-жай қараған министрге қазақстандағы барлық аналардың өкпесі қара қазандай. «Жығылғанға жұдырық тиіпті» дегендей енді лашықтар мен саяжайларда көшіп-қонып жүрген отбасылардың тұратын мекендеріне тиым салынса, қазақ қайтіп бала санын арттырады!

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.


ПІКІР ЖАЗУ