21 мың теңге кімге бұйырады

0
1477

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтті. Партияның 20 жылдығына арналған съезге өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, азаматтық қоғамның, жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты.

Мемлекет басшысы республикалық бюджет шығындарының едәуір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталатынын атап өтті. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту жөнінде, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көтеру тұрғысында нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берді. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда шамамен 340 мың отбасыда балалар саны 4-тен көп. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңгеден астам сома жұмсалады. Бұл отбасылардың табыс деңгейі де әртүрлі. Сондықтан бірінші кезекте, мемлекет табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық пен көңіл бөлуге тиісті. Қазір 111 мың отбасы немесе 571,6 мың адам мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алады екен. Үкіметке аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қамту өрісін кеңейту үшін АӘК көрсету критерийлерін күнкөріс шегінің 70 пайызына (яғни қазіргі 14 мың 849 теңгеден 20 мың 789 теңгеге) дейін көтерді. Есігінен көп бала өрген отбасылардың жиынтықты табысын есептеу кезінде әртүрлі жәрдемақыларды, стипендияларды табыс ретінде тану тәжірибесі жойылады. Осының арқасында 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мыңдай бала АӘК-пен қамтылады. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға және отбасыларға берілетін жәрдемақы 30 пайызға көбейтілетін болды. Сонымен қатар Елбасы әлеуметтік төлемдерді алуды қиындатпауды тапсырды. «Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сонан соң, мұндай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау керек. Әйтпесе, соның барлығын санағанда отбасылар бай азаматтар болып шыға келеді». Есігінің алдындағы алма ағашын, қорадағы тауығын «табыс көзіне» қосу дағдысы тоқтаса, жақсы болар еді. Атаулы көмекті алу үшін азаматтар арасында уақытша ажырасу әрекетіне дейін баратындар да ұшырасатын. Ендігі таңда мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы талан-таражға ұшырамай, мұқтаж отбасылар игілігіне айналса дейміз. Cонымен қатар «ақша қосылды» деген желеумен бағаның жөнсіз шарықтауына жол бермеген дұрыс. Бюджеттің әрбір тиыны халыққа жетуі керек», – деді Мемлекет басшысы. Алайда, «Азаттық» сайтына сұхбат берген белсенді азаматша, көп балалы ана Ақмарал Басирова «Ол ары қарай наразылық жалғасып кетпес үшін халықты тыныштандырғысы келеді. Сыбайлас жемқорлық кесірінен мұндай көмектің мұқтаж отбасыларға жетпейтініне сенімдімін. Көбейетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті осындай жәрдемақыны алып жатқан, тіркеуде тұрған отбасылар ғана алады. Ал ала алмай жүргендер тағы да құр қалмақ. Көп балалы аналардың басты талабы – осындай есепке алынбай қалған отбасыларға көмек беру» деп пікір білдірген болатын. Расында, бұл жаңалық ел арасында тарағалы бері қуанғаннан гөрі күдік пен күмән танытқандардың саны басым. Ақмарал Басирова – ақпанда болған оқиғадан соң көпбалалы аналардың белсенді акцияларына қатысып, үкіметтің отставкға кетуін талап еткендердің бірі. Ол еліміздегі көпбалалы аналардың басты мәселесі: жәрдемақы мөлшерінің көлемі, тұрақты тіркеу мен кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан аналардың әлеуметтік төлем мен несие ала алмайтынын жазған. Осыған орай съезд барысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға арналған 40 мыңнан аса жалдамалы тұрғын үй салып, ол үшін жыл сайын қосымша 50 миллиард теңге бөлінетіндігі сөз болды. Тағы бір қуантарлығы, жұрт бір жапырақ анықтама алу үшін табанынан таусылып, мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Қоғамда орын алған осы бір өзекті жайтты Елбасы еске салды. Көпбалалы аналар осы уақытқа дейінгі жәрдемақыларын қалай алып келгендігі туралы сұрауды да жөн көрдік. «4 балам бар. Үшеуі мектепке барады. Кішкентайым бір жаста. Осы уақытқа дейін үкіметтен жәрдемақы алып келдім. Бірақ құжаттарды 6 ай сайын өткізіп тұру қажет. Себебі жұмыс орнынан айлық туралы анықтама керек. Мәселен, жолдасымның айлығы 28 мың болған кезде, баламның 1 жасқа дейін алатын жәрдемақымды есептеп, 35 мың теңге көлемінде 6 ай бойы алып отырдым. Одан кейін күйеуімнің жалақысы 32 мыңға көтерілгенде жәрдемақы 24 мыңға азайып қалды. Ал, құжаттарын жинау өте қиын. Оны кезекте тұрып өткізесің. Мектепке баратын үш баламның екеуі тегін тамақ ішеді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек сол. Енді күйеуімнің айлығы 48 мыңға өсті. Көпбалалылар алатын 21 мың теңгені ала аламын ба, білмеймін. Себебі, оған да кірістер есептеліп, шығарылады дейді. Ал, бір балаға орташа есеппен 21 мың теңге ай сайын шынында жетпейді. Себебі, қазір киім-кешек, азық-түлік бәрі қымбат», – дейді көпбалалы ана Балауса Қожакелдіқызы. Әлеуметтік желілерде «Бұл сайлауалды жылымық» деген қауесет те желдей еседі. Осы тұрғыда белгілі ақпарат көзінде жария болған саясаттанушы Әміржан Қосановтың «Осылайша билік біраз уақыт қомақты әлеуметтік мәселелерден халықтың назарын бұра тұрмақ. Олар қоғамдағы шиеленісті бірді-екілі мәселені шешу арқылы басамыз деп ойласа, қателеседі. Қазір тұрғындар тек әлеуметтік-экономикалық мәселе көтеріп отырған жоқ, биліктің өзгермеуі, транзиттік кезең және елдің болашақ басқару формасының бұлыңғырлығы мәселелеріне алаңдап отыр» деді.

Г.ЕРДАУЛЕТОВА.


ПІКІР ЖАЗУ