ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЕРТЕ ДИАГНОСТИКАЛАУ

Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде қатерлі ісіктің алдын алу және ерте диагностикалау туралы облыстық көпсалалы клиникасының директоры Өмірбаев Мадияр Аманкелдіұлы мен онкамаммологы Айтқұл Мақсат Серікұлы журналистермен кездесті.
Кездесу барысында мамандар тек қатерлі ісік мәселесін ғана емес, жалпы халықтың денсаулығына қатысты бірқатар өзекті жайттарды көтерді. Жетісу облысында соңғы жылдары түрлі ауру түрлеріне шалдыққан науқастар санының көбейіп жатқаны айтылды.
Кездесу барысында онкомаммолог Мақсат Серікұлы әйелдер денсаулығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда қатерлі ісіктің ішінде ең жиі кездесетіні сүт безі қатерлі ісігі. Бұл диагноз жыл сайын жасарып бара жатқанын да атап өтті.
Сондықтан дәрігерлер облыс тұрғындарын жоспарлы тексеруден жылына кем дегенде бір рет өтіп тұруға шақырды. Себебі ерте анықталған кез келген дертті емдеу тиімді дегенді алға тартты спикерлер.
Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ
