САУМАЛДАН БАЛМҰЗДАҚ ӨНДІРЕ БАСТАДЫ

Жетісу облысының Сарқан қаласында тұратын үш баланың анасы, 25 жылдан бері сүт өнімдерін өңдеумен айналысып жүрген Райгүл Закарияқызы саумалдан табиғи балмұздақ өндіре бастады. Ол өз өнімін «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде таныстырып, енді өндіріс процесін автоматтандыру үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, саумалдың емдік қасиетін ескере отырып, ол балмұздақ құрамына үйдің қаймағы мен бал қосып, өз рецептісін әзірлеген. Қоспасыз әрі табиғи өнім отбасы мүшелерінің көңілінен шығып, жаңа кәсіпке жол ашқан.
– Балмұздақты қолдан дайындау көп уақыт алады, сондықтан әзірге тек өзіміз үшін жасаймын. Арнайы жабдық алып, өндірісті кеңейтуді көздеп отырмын, – дейді Райгүл Закарияқызы.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы оның өнімін сертификаттауға, қаптама әзірлеуге және маркетингтік қолдау көрсетуге ниетті. Орталық өкілдерінің айтуынша, жоба финалистері кейін өз брендін қалыптастырып, өнімдерін нарыққа шығару мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетсек, Жетісу облысында қазіргі таңда 62 мыңнан астам белсенді шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 9 кәсіпкер әйел мемлекеттік грант ұтып, жалпы сомасы 45 миллион теңге көлемінде қолдау алған.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев
