Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс…

0
2935

Біз соғысты көрген жоқпыз, Естідік,

Соғыстан соң туғандармыз,

Етек жауып, ес біліп.

Соғыс үні жетім болып, жесір боп,

Тұратындай әлі бізге естіліп…

деп ақындар жырлағанындай, тарихтың ақ парағы сарғайғанымен, бұл отты күндер мәңгі біздің есімізде. міне, биыл ұлы жеңіске 75 жыл! сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн!

     Бұдан 75 жыл бұрынғы өмірді көз алдымызға елестетсек: бір кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның халқы да неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткені баршамызға мәлім. Ұлы Отан соғысы естен кетпес, адамзат тарихында теңдесі жоқ соғыс болды. Соғыстың аты соғыс. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды. Балалығы сұрапыл соғыспен қатар келген біздің  ата- әжелеріміз сол уақытта ерте есейген еді. Ойын баласына бейнет күнді айырбастайтын күн туды. Жастарына қарамай соғысқа аттанған кәрілер, енді-енді өмір сүріп келе жатқан жас қыздар, ұлдар «Еліміз, жеріміз үшін!» деген ұранмен алға басқан.

     Сұрапыл  соғыста жан аямай жаумен  шайқасқан әкелер мен талай  ерлігі жайында баян етілген естеліктер, майдангерлердің өнегелі өмірі туралы жария болған суреттер ел басына күн туған сол бір ауыр жағдайдан сыр шертеді. Біздің бақытты да бақуатты ғұмыр кешуіміз алдымен осы Ұлы Жеңіс күнін жақындатып, жан алып, жан беріскен ержүрек ерлердің арқасы екені даусыз. Олардың өмір жолы да бүгінгі ұрпақққа үлгі-өнеге.

     Отан соғысы жылдары майдан шебінде ерлік көрсеткен қазақ ұл-қыздары да аз болған жоқ. Солардың бірі  19 жасында майдан шебіне аттанған  Ұлы Отан соғысының ардагері, қызыл әскердің миллиондаған ержүрек жауынгерлерінің бірі Серғали КҮНЧАЕВ.

      Майдангердің өткен өмір жолы туралы сыр шерткен ұлы Нұрбатыр Серғалиұлы әкесі жайындағы   әңгіме желісін былайша өрбітті.

Әке жайлы естелік

     «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел», – дейді данышпан Абай. Күйкі тірліктің қызығы мен шыжығын күйттеп жүргенде тоқтауы жоқ күндер, қуанышы мен қайғысы аралас апта-айлар, осылайша жылыстап жылдар сырғып жатады. Әрбір істің, жақсы мен жаманның парқын ажыратып, асыл мен жасықтың бағасын беретін түптің түбінде осы уақыт қой.  

     Адам  алпыстан асып, зейнеткерлікке шығып, қолы босаған соң алды-артын ойлап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, өз әулетінің бар-жоғын мүмкіндігінше түгендеп, ата-бабасының, әке-шешесінің қандай адамдар болғанын, олардың жас ұрпаққа өнеге болар асыл қасиеттері мен атқарған қызметтерін жастарға жеткізе білу де парызы саналады.

Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,–

Соғыс, соғыс… ұмыттырмас ол атын.

От өшкен соң осылайша қарайып,

Орны қалар болатын.

Ұмытар ем соғыс атын, ел оны,

Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп.

Және соғысты ұмыттырмай келеді,

Әкелер жайлы естелік – дегендей, Батыста тұтқиылдан басталған соғыс өрті бұрқ еткенде әкем Серғали  небәрі 19  жаста екен.1941 жылы Қапал педагогикалық  училищесінің 2 курсында оқып жүрген кезінде Талдықорған аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен  соғысқа аттанады. Ұрыс даласында ірілі-ұсақты талай шайқасқа қатысады. Атап айтсам, Сталинград, Курск, Белгород, Харьков, Калининград шайқастарында пулемет бөлімшесінің командирі ретінде ерліктің өшпес үлгісін көрсетеді. Бес жылға созылған қанды қырғын соғыс ешкімнің маңдайынан сипамағаны белгілі. Әр жеңісте соғысқа қатысқан барлық кеңес одағы жауынгерлерінің еншісі бар.

Ал қазақ солдаттарының қосқан үлесі ұшан-теңіз,  – деген Нұрбатыр аға  әңгіме ауанын әкесінің соғыстағы  бастан кешкендері туралы жазған  күнделіктегі  оқиғаларымен  де  бөлісті.  

Майдангер күнделігінен…

     – Майданға барғаннан соң бірнеше күн өтіп алғашқы ұрыс даласына төтеп бердік. Түнгі төрт шамасы болатын. Пулемет бөлімшесі арнайы дабылмен тұрғызылып, бір орынға жиналдық. Батальон жай жылжып келеді. Бір мезетте жанымыздан қатарласа келетін танк үлкен жолға шықты. «Гүрс» еткен күшті жарылыс  шыққаны сол еді, танк бір орнында  тоқтап қалды. Танктегі адамды құтқарамыз дегенімізде қыстақтың біз жақтағы шеткі үйінің үстіне құрылған  пулеметтен оқ борап кетті.  Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бір мезетте  командирдің:

     «Серғали, пулеметты оқта!»  деген шұғыл бұйрығын алдым.

      Аз уақыттың ішінде бекініс үймен бірге  жоқ болды. Осы кезде  байланысқа  шыққан комбат  не болғанын сұрады. Бөлімше командирі бар жағдайды түсіндірді. Содан комбат:

     «Істен шыққан танкті жолдан алып тастауымызды, бірақ мергеннен сақ болыңдар» деп тапсырма жүктеді.

     Батальонда  үш қазақ жігіті едік. Жарылыс болған танктегі жігіт сол қазақтың бірі еді. Оның аман қалғанын көргенімде қуаныштан көзімнен жас парлай берді. Сол күнгі  қуанғаным бүгінге дейін санамнан өшер емес».

***

     – Сталинград түбіндегі шайқастың қызып тұрған шағы. Біздің жауынгерлер бір бекіністі жаудан тазартып, алға жылжыды. Тағы бір бекініс үшін жан алып, жан берісіп жатқанда пулеметшілер құрамы келіп қосылдық. Азық-түлік, оқ-дәрімізді үлестіріп біткен шақта жауынгерлерге су жеткізу керек болды. Жаныма көмекшілерімді ертіп, басып алған бекініске қрай аяқ басып келеміз. Қара түтінге оранған айнала тым сұрықсыз. Су алу үшін келгендіктен құлақ түбіне жеткен оқ дауысына да мән беруден қалғанбыз. Құдыққа жете бергенім  сол еді алдымнан бір неміс  шыға келді. Сол сәтте ол да, мен де  бір-біріміздің көзімізге ғана қарап, қатып тұрып қалыппыз. Бұл менің немістің жүзін алғаш көруім еді. Неміс солдатына құбыжық боп көрінсем екен, ол «баж» етті де,  артына қарайламай, тұра қашты. Әлгіні көріп тұрған мен де тұра  қаштым. Артынан  біз алға жылжып кеткенде манағы бекіністі жау жайлап алғанын білдім. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен.

***

     …Қырық үшінші жылдың ақпанында  фельдмаршал  Паульстың армиясы қолға түсті. Жаудың алғашқы бетін қайтарған бұл қуаныш фашистік Германияны әр-сәрі күйге салды. Ал,  кеңес әскерлері ынтымақ пен бірлік болса, бәрін жеңуге болатынына дүниежүзінің көзін жеткізді. Сонымен бірге, майдангерлердің ерік жігерін сірпілтіп, рухын биіктете  түсті.

***

     …Курск доғасындағы шайқас  та естен шығар емес. Неміс  әскерлері мықтап бекініп алған еді. Бекіністі екі рет соғысып алып, екі мәрте қайтарып бердік. Үшінші рет алғанымызда біз мықты қорғанысқа көштік. Шіркеуі құлаған үйдің қабырғасына бекінген пулеметшілер аянбай тіресті. Фашистер қанша жанталасқанымен бұл жолы бізді  алуға күші жетпеді. Айласын асыра алмады.  Тірі қалғандары  45 шақырымға дейін кейін шегінуге тура келді. Осы жолы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым.   

***

     … Сталининград шайқасындағы алғашқы жеңіс бізге көп үміт сыйлады. Еңсеміз көтеріліп, жігерлене түстік. Калининград түбіндегі соғыста неміс әскерлері  «Фердинант» жылжымалы зеңбірек және ДОТ-мен жабдықталған күшті бекініс орнатып алған екен. Бірнеше рет шабуылға шықсақ та, еш нәтиже болмады. Не істеу керек?Алдымен жау бекіністерінің орналасу жағдайын анықтап алу қажет болды. Қолбасшының тапсырмасымен Т-34 танк құрамасын құрып, бекіністерді рация арқылы штабқа хабарлап тұру міндеті маған жүктелді. Қараңғы түскенде біздің құрама жолға шықты. Қазір ойласам, көзсіз батырлық. Жау бекіністерін бірінен соң бірін айналып  өтіп келеміз. Әр бекіністің орналасқан орнын картаға түсіріп үлгердім және рация арқылы штабқа  хабар бердім. Өкініштісі, қақтығыс барысында біраз адамнан айрылдық. Тапсырма толық орындалған соң  қайтуға  бұйрық алдық. Қайтар жолда «Фердинант»зеңбіректері және «Тигр» танкісімен жабдықталған жау қосынына кездесіп қалып, сұрапыл соғыс басталды да кетті. Соғыс даласында жараланып та үлгердім. Мені зембіл тістеген ит зембіл үстіне жатуыма көмектесіп, майдан шебінен шығарып әкетті. Содан кейін санитарлар қарап, госпитальға жөнелтті. Ол жерден 2 топтағы мүгедек болып шығып, елге  оралдым. Майдан даласында, жат елдің топырағында қаншама жерлесіміз отқа оранып көз жұмды десеңші. Ал, бүтін күлшені бөліп жеген жолдасыңнан айрылу…  Жүрек түбінде айықпас дерттің жарасы қалды. Жасым ұлғайған сайын Құдайдан елімізде тыныштық болса екен деп тілеу тілеймін».

      «Бұл отты жылдардан  баяндалған оқиғалардың  бір үзігі ғана. Әкемнің әр естелігі менің де көзіме жас үйіреді» деген Нұрбатыр ағамыз ойын былайша жалғады.

Елге оралып, еңбекке араласты

     «Курландия жерінде жараланған әкеміз соғыс бітуге бір ай уақыт қалғанда, яғни, 1945 жылдың сәуірінде  елге оралды.  Оқ пен оттың арасында  болып,  көрсеткен ерлігі үшін   3дәрежелі «Даңқ», 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Соғысқа қосқан үлесі» атты медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін де «1941-1945 жылдардағы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Отан соғысы жеңісінің жиырма жылдығы», «СССР Қарулы күштерінің 60 жылдығы» секілді мерекелік медальдарды кеудесіне жарқырата тақты.

     «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, сұм соғыстан елге дәм жазып, 1945 жылы оралған ардақты әкем «мүгедек болдым» деп қарап отырмаған.  Бес жылдық соғыста қаңырап, күйреп, ойраны шыққан өлкенің жаңа бейнесін қалыптастыруға бел сыбана кірісіпті. Денсаулығына қарамастан, сол кездегі Қапал аудандық ауылшаруашылық бөліміне жолдама алады. Осы жерде жүргенде  қабілет-қарымын  ескерген басшылар бөлімнің  бюджет есепшісі етіп тағайындайды. Қандай қызмет сапында істемесін бар ынта-ықласын елінің өркендеуіне, ақыл-парасатын бірлікке арнады. Сол жолда аянбай тер төкті. Оның іскерлігін таныған жоғарғы жақ  1948 жылы Талдықорған қалалық сүт зауытының Көшкентал, Қоңыр сеператорлық бөлімшесінің меңгерушілік қызметіне тағайындайды. Оның шаруашылықты жақсы жолға қоюға, сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға, көпке қажет істі  оңға бастыруға көңіл бөлген  екі мәселесі болыпты. Бірі – малдың сапа көрсеткішін жақсартуға бағытталған шара. Нәтижесінде, ірі қараның тұқымын жақсартып, қылшық жүнді қазақы қойлардың орнына, биязы жүнді қой өсіру қолға алынады. Бір жағынан, жас малшылар бригадасын  құруға белсене араласады. «Еңбегі бардың өнбегі бар» демекші, әкеміздің жаңа бастамасы аудандағы басшылар назарына ілігеді. Осыдан кейін ол облыс көлеміндегі үлкен жиындарға шақырылып, төрт түлік малды асылдандырудың жаңа жобалары жөніндегі тәжірибемен бөліседі. Осылайша оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі басшылар арасында жиі ауызға іліге бастайды. Оған деген сенім де арта түседі. Ақыры  Талдықорған кооперативтік сауда мекемесіне қызметке  шақырылады. Ол тұста жұмысты сен таңдамайсың, жұмыс сені таңдайтын заман еді ғой. Ал тағайындалған қызметке баруың шарт. Сөйтіп,  Талдықорған қалалық  кооперативтік сауда мекемесінің табалдырығын аттайды. Мұнда келген соң істелмей жатқан жұмыстың көптігін байқап, бірден еңбекке кірісіп кетеді. Бұл жердегі де  тынымсыз еңбегі бағаланып, 1958 жылы Алматы облысы Халық шаруашылығы Советінің, 1964 жылы Алматы облысы атқару комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталады. Ал 1965 жылы коммунистік партияның  мүшелігіне өтеді.

     Әкем өте сабырлы, байсалды, алыс-жақынды өзегіне тарта білген кемел, әр істі терең болжап шешетін, еңбекқор адам болды. Анамыз Жұматаймен қызмет бабында жүргенде  танысып, табысып,  1946 жылы  шаңырақ көтереді.  Анамыз да ақ көңіл, бала жанды, бауырмал   жан еді.

     Біздің үйден қашанда газет-журнал үзілмейтін. Кішігірім кітапханамыз бар болатын. Отабасындағы  он бір бала осы байлықпен сусындап өстік. Үйімізден қонақ үзілмеуші еді. Ата-анамыз осы бір  қонақжайлылық қасиетті біздің де бойымызға сіңірді. Олар жұптарын жазбай, елу жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешті».

     Оқ пен оттың арасында болған   әкесі Серғали Күнчаев хақындағы әдемі әңгімені Нұрбатыр аға  балалық шағына  қарай  ойыстырды.

Балалықтан  бір белгі

     «Әкеміз бала шағынан  білсем, үйренсем деп  ержетіпті.  Білімге құштар болған баласын   әкесі Күнчай  сол тұстағы Ақсу өңіріндегі бірден бір білім ошағы саналатын   жеті жылдық Қызылағаш  ауылдық орта мектебіне  жетелеп әкелген.  Ол   барлық пәннің ішінде математикаға  жүйрік болыпты.  Ал бұл таланты оны талай биіктер мен жетістіктерге жеткізген.  Сыныптағы ең үздік бала атанған  әкеміздің  мектеп оқушылары арасында да беделі жоғары болғанын  да айта кету керек. Баласы  Серғалидың  беделі артқан сайын ел шінде әкесі Күнчайдың да мерейі өсіпті. Білім ошағында өтетін әр шараға атамыз Күнчайды  қалдырмай шақырып, мектеп басшысы талай құрмет те көрсеткен екен.

     Ол тұста мектепті үздік бітірген балалар техникумға еш қиындықсыз қабылданатын болған. Біздің де әкеміз қалауы бойынша Қапал педагогикалық училищесіне жолдама алады. Міне, осы жерде оқып жүріп, майдан шебіне аттанды».

***

     Әкесі жайында  естелік айтқан Нұрбатыр аға  артындағы ұрпағы біліп жүрсін деп  екі бірдей: «Өнегелі өмір» және «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кітап жазыпты. Бұл кітаптары  бүгінде  Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті –Елбасының  кітапханасындағы  сөрелерден орын алған.  Ал,  Серғали  мен Жұматай Күнчаеваның  он бір баласынан  тараған немере мен шөберелері   аталарының Ұлы Отан соғысының ардагері болғанын айтып, мақтан етеді.

     «Ер есімі – ел есінде» – демекші,  марқұм әкеміздің   есімі соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке жазылды»  – дейді Нұрбатыр аға. Нақты айтсақ, 2015 жылы Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылындағы  Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты ашылған ескерткішке Серғали Күнчаевтың есімі көрнекті әріптермен қашалып жазылыпты. Бұдан бөлек,  Талдықорған қаласындағы  «Береке»  тұрғын үй алабының №5 көшесіне Серғали Күнчаевтың есімі  берілді.  

     Алпыстың  алтауын алқымдаған  ақсақал  әкелердің ерлігін ұлықтау – ұрпақ парызы   екенін тағы бір еске салды.  Осы тұста  Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында  «Ұрпақтары ұлықтағандар ұмтылмайды» атты  үшінші кітапты жазу үстінде екенін аса  айтты.  Артындағы ұрпағы  біліп жүрсін деген ниетпен   әр жылғы Жеңіс күнінде ұл-қыздарын, немере-шөберелерін ертіп  Мәңгілік алауға барып гүл шоқтарын қойып,  «Мәңгілік полк» шеруінде қан майданда ерлік көрсеткен аталарының портретін ұстап, алаңда сап түзеуін  де   дағдыға айналдырыпты. Өз сөзінде  Нұрбатыр ағамыз   Серғали  атаның  6 немересі ҚР Қарулы күштерінің сапында абыройлы қызмет атқарып жүргенін мақтанышпен айтты. Аталарына қарап бой түзеген  немерелер  лейтенант, подполковник шенін  алған.

      Айта кетейік, майдангер  Серғали  Күнчаев 1945 жылғы шабуыл  кезінде жаудың қорғаныс шебін бұзып өтіп, өзінің станокты пулеметімен жаудың 5 бірдей атыс нүктесін талқандап,  10 немістің көзін жойған. Жаудың  9 қарсы шабуылына тойтарыс беріп, тоқтаусыз атылған оққа қарамастан майдан алаңында ержүректілік танытып,  батыл іс-қимылдарымен көзге түсті.

      P.S. Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс (Қ. А). Соғыс тақырыбындағы қаншама деректі фильм көріп, қаншама өлең, көркем шығармалар оқысақ та дәл сол кездегі адамдардың сезінгенін сезіне алмасымыз анық. Біздің қолдан келетіні – өткен тарихымызды ұмытпай, ерлік көрсеткен ерлерімізді ұлықтап, қазіргі жүріп жатқан «жаһандану» деген мылтықсыз майданда рухымызды жоғары ұстап, желбіреген көк байрағымызды қайта құлатпау үшін аянбай еңбек етіп, тер төгу ғана… Біз сіздерді ұмытпаймыз, сұрапыл соғыста сынға түскен соғыс ардагерлері!..

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:ЕСТЕЛІКТҰЛҒА


ПІКІР ЖАЗУ