Тың талаптар тұрғысында

0
1371

Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың жемісті нәтижелері бізді жаңа белестерге бастауға бағытталып отыр. Мемлекетті басқарудың саяси құралдарының қатарында биліктің дербес саласы – сот билігінің орны мен мәртебесі айрықша екені баршаға аян. Бұл тұрғыда қалың бұқараның сотқа деген сенімін артыру мақсатында  Алматы облысының соттары құқықтық саясаттың маңыздылығы жайында жиі-жиі ақпарат құралдары арқылы насихат жүргізіп келеді. Азаматтарға Конституцияда тайға таңба басқандай жазылған заң тармақтары бойынша сот арқылы құқықтарын қорғау үшін бағыт-бағдар беруде. Солардың қатарында, әсіресе, баспасөз бетінен дауды сотқа дейінгі шешу жолымен, яғни, «медиация» тәсілі арқылы екі-жақты бітімге келтіру шаралары кеңінен орын алуда. Соттардың алдына қойылып отырған жауапты міндеттерді жүзеге асыруға лайықты үлес қосуға атсалысып жүрген Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Көксу аудандарынан түсетін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын, Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрайымы Эльмира Сатыпалдықызы Алдабергеновамен  сұхбаттасудың сәті түсті.

АЛАТАУ: – Сан-салалы реформаларды жүзеге асырып жатқан еліміздің  сот жүйесінде қылмыстық істерді, азаматтық істерді, экономикалық істерді, жасөспірімдердің істерін және әкімішік істерді қарайтын соттар деп бес тармаққа бөлінгенімен бәрінің илеп отырғаны «бір терінің пұшпағы». Талдықорған мамандандырылған әкімішілік соты сот төрелгін атқару бойынша 2019 жылы  қанша іс қаралды?

Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА: – Иә, бес тармаққа бөлінгенмен, барлық соттардың міндеті  қоғамдағы адамдардың қолымен жасалып жатқан әділетсіздіктерге шынайы әрі лайықты баға беру. Қара қазандай қайнап жатқан сот  кеңсесіне  шағымдар толастаған емес. 2019 жылы әкімшілік сотқа  4030 құқық бұзушылық туралы Кодекстің 44,45,47-тарауы бойынша 145 шағым келіп түсті.  Сондай-ақ, азаматтардың жүріп-тұруын шектеуге санкциялау бойынша да 222 материалдар түскен. Яғни, бұлар  төлқұжатсыз жүрген азаматтар. Олардың арасында қаңғыбастар, ішімдікке салынғандар, төлқұжат алмай заңсыз жүргендер де бар. Міне, осындай заңсыздықтардан қылмыс туындайды. 

АЛАТАУ: – Әкімшілік істе қаулы шығарумен ғана шектелмей, әкімшілік жазалар қолдану да көзделген ғой…

Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА: – Әрине, мұндай жазалар жол-көлік оқиғаларына жол бергендер, қоғамдық тәртіпті бұзғандар, қоршаған ортаны ластағандар және салық органдарына тіркелмей жеке кәсіппен айналысып, заңсыз әрекеттерге барғандарға қатысты қолданылады. Осы орайда, өткен жылы 3954 тұлғаға қатысты  әкімшілік қаулы шығарлылып, жаза қолданды. Яғни, 1798 адамға (100 миллион 467 мың 931 теңге айыппұл салынса, оның 72 миллион 639 мың 999 теңгесі өз еркімен өндірілді. Демек, ҚР ӘҚБтК 59-бабына сәйкес 5 723 965 теңгені құрайды. Сондай-ақ, ескерту түріндегі жаза — 75, әкімшілік қамау — 661, көлік құралын басқару құқығынан айыру  — 752, мемлекет шекарасынан тыс шығарылған шетел азаматтарына қатысты — 122, қысқартылған әкімшілік істер-551, медиация тәртібімен — 303, біріктірілген істер-67.

  АЛАТАУ:  – Көлікті мас күйінде жүргізгендерге жыл басынан бері жаза қатаңдатылды емес пе? Сол жайында түсініктеме бере кетсеңіз?

Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА:  –  Иә, бұл ерекше назар аударарлық мәселе. Орайы келгенде айта кеткен абзал. Өткен жылы елімізде мас көлік жүргізушілердің кесірінен 7 мыңнан аса адам жарақат алып, 100-ге жуығы қаза болды. Осыған байланысты жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізілген болатын. Жаңа талаптар бойынша, егер жүргізуші мас күйінде көлік тізгініне отырса, жол апаты болмаса да 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болады. Сондай-ақ, ол жүргізуші куәлігінен 7 жылға дейін айырылады. Қайталанған жағдайда қамау мерзімі 24 тәулікке артады. Ал, жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылады. Егер осындай жағдайлар адам өліміне әкеліп соғатын болса, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан, ал көлік басқару құқығынан 10 жылдан бастап өмір бойына дейін айырылуы мүмкін. Бір айта кететін жайт, ішімдік ішіп көлік рөліне отырғандар жайлы заң қаталданса да, осы заңнан әлі күнге дейін хабарсыз жандар аз емес. Адам өміріне аса қауіп төндіретіндер де осылар. Жол қозғалысы ережелерін  бұзып, көліктері соқтығысып, соның шығынын даулап келетіндер,  жоғарыда айтқандай тағы басқа да заң бұзушылықтарды айтуға болады.

АЛАТАУ: – Жеке лауазымдағы тұлғалардың әкімішік хаттама толтырғанда заңнамаға сәйкес талаптарды бұрмалап не болма дұрыс толтырмай жататындары кездеседі екен. Бұлар жайлы не айтасыз?

Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА:  –  Сауалыңыз орынды. Ондай лауазымды тұлғалар кездеседі.  Мұны  енді өз ісін жетік білмегендік деп айтсақ болатын шығар. Хаттама дұрыс толтырылмаса құқықбұзушылар жауапкершіліктен жалтарады. Біз оның бұрыс, дұрыстығын анықтап, егер хаттама  дұрыс толтырылмаса, лауазымды тұлға заңға сай әрекет етпесе, олар туралы жеке қаулы шығарамыз. Бұл бағытта 178 жеке қаулы шығарылған, оның ішінде орындалған жекеше қаулылар саны — 132. Бір қарағанға  бұл кішігірім заң бұзушылықтар болып көрінуі мүмкін. Алайда, қоғамдағы құқық саласынның бір салмағы осы әкімшілік сотта жатыр. Бізде мерзімінен асып қаралып жатқан әкімшілік істер қатаң бақылауға алынған. Оларды созбалаңға салмай, заң аясында шешімдер шығарып келеміз. Мұнда құзырлы органдар мен лауазымды тұлғалардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуге жол бермеу әрі заңдық тұрғыдан кемшіліктерге жол берілген жағдайда оның алдын-алу мақсатында сот жекеше қаулыларды шығарады.

  АЛАТАУ: –  «Түнгі сот»  жобасы қалай, өз нәтижесін беріп жатыр ма?

 Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА: – «Түнгі сот» жобасының мақсаты – жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, уақытты үнемдеу, материалдық шығынды азайту, істі тезірек шешу. Мұның барлығы аудио-бейнежазбалар арқылы электрондық форматта қаралады. Цифрлық технологиялар әкімшілік істерді анықтауға септігін тигізуде. Яғни, түнгі уақытта орын алатын жол-көлік апаттары туралы мәліметтер бірден базаға түсіріліп, сол мезетте қаралады. Бұл өз кезегінде уақытты қысқартуға өз үлесін қосып, әкімшілік істер таяу уақытта өз шешімін тауып жатады. Сот ісін жүргізуді жеделдететін және жеңілдететін «Түнгі сот» жобасы аясында біздің сотта өткен жылы 665 әкімішілік іс қаралды. Сағат кешкі 18.30-дан 22.00-ге дейін жүргізілетін «Түнгі сот» атауына ие болған сот үдерісінде істердің көпшілігі жүргізушілердің жол ережелерін сақтамай, жол-көлік оқиғасы кезінде адам денсаулығына залал келтіруі, көлік құралдарының немесе басқа да дүниелердің бұзылуына қатысты болады. Яғни, бұған дейін жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда, оқиға орнына полиция барып, құжаттар толтырып, медициналық сараптама тағайындайтын. Бұл үрдіс 2 аптаға жуық уақытты алатын. Құжаттар толық жиналған соң, іс материалдары сотқа жіберілетін. Шығын көлемін қайта қалпына келтіру жұмыстары тағы да 2 аптаға жуық уақытқа созылатын. Онымен қоса, сот сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.30-ға дейін ғана жұмыс істеуші еді. Барлық құжат толтырылған соң, жүргізушілер сақтандыру компаниясына баратын. Осы жұмыстардың барлығына жүргізушілер бір жарым айдай уақыт жоғалтатын. Ал, қазір жол-көлік оқиғасында шешім шығару ісінің қысқартылғаны жүргізушілерге айтарлықтай жеңілдік туғызып отыр. Себебі жол апатының алғашқы күнінде полицейлер іс материалын толтырып, жинап, екінші күні сотқа жібереді. Үшінші күні іс қаралып, қалпына келтіру шешімі шығарылады. 10 күн ішінде заңды күшіне енгеннен кейін жүргізуші сақтандыру компаниясына барады. Яғни, көлік иелері бұрынғыдай 1 жарым ай емес, тек 13 күн ғана жүреді. Алайда, келіп түскен істің жұмыс уақытынан тыс сот үдерісінде қаралуы үшін бірнеше шарттар сақталуы керек. Мәселен, бірінші талап – жүргізушінің өз кінәсін толық мойындауы, келтірілген шығынды өтеуге, дау-дамай туғызбай, істің жұмыс уақытынан тыс кезде қаралуына келісуі.

АЛАТАУ:  –  «Виртуалды сот» пилоттық жобасы қандай мақсатпен енгізіліп отыр?

Эльмира АЛДАБЕРГЕНОВА:  – «Виртуалды сот» жүйесін енгізудегі мақсат – сот процесіне қатысатындардың барлығын сот залына жинамастан, олардың кез келгені үйінен немесе шет елден телефон аудиосы арқылы сот отырысына қатыстыру. Әрі  IT технологияның жаңа мүмкіндіктерін пайдалану арқылы — судьяларды қағазбастылықтан арылту. Жоба аясында қылмыстық теріс қылық туралы істер, азаматтық, әкімшілік істер мен материалдар онлайн режимде қаралады. Бұл ретте судья сот процесін нақты уақыт режимінде өткізетін болады. Сот талқылауының қатысушыларына сотқа келу қажеттілігі жоқ, олар тек СМС хабарлама алғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша әкімдік ғимаратына келсе болғаны. Ол жерде кезекші (әкімдік маманы) көрсетілген уақытта сотпен бейне-конференц байланысты қосып береді.

 Сайып келгенде, біздің сот ұжымының басты міндеті жұмысымызды тың талаптар тұрғысынан ұйымдастырып, қаралған істер бойынша әділ де дұрыс шешім шығарып, халықтың сенімінен шығу болып табылады.

АЛАТАУ:  –  Сұхбат беруге келісім бергеніңізге рахмет!

                                                     Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:ЗАҢ


ПІКІР ЖАЗУ