Сөзінде тұрмады

0
1819

Қаланың қақ ортасынан орын тепкен ірі сауда орталықтарының маңында, арбатта немесе халық көп жиналатын жерлерде сауда жасап отырған адамдарды жиі кездестіреміз. Азық түлік, киім-кешектен бастап, сан түрлі майда-шүйде заттарды арзан бағада сататын оларды халық арасында «жабайы саудагерлер» деп атап кеткен. 90-жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде кең етек жайған жабайы сауда әлі күнге дейін ырыққа көнбей келеді. Тіпті, белгіленбеген жерде, реттелмеген бағамен, рұқсаты жоқ тауарларды сату табысты кәсіп түріне айналып бара жатқандай. Әйтпесе, көше бойындағы саудагерлер неге әкімшілік тарапынан беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, кәсіптерін заңдастырудан қашады дейсіз. Осыдан бір ай бұрын Талдықорған қаласының әкімдігі жылдағы дәстүрмен, заңсыз саудаға қарсы шара қолданған. Қаланың орталық көшелерін жайма базарға айналдырғандарға  әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 204 бабы (белгіленбеген орындарда сауда жасау) бойынша ескерту жасалды. Ал оған құлақ аспағандардың шатырлары сүріліп, тауарлары тәркіленді. Салдарынан, олардың өз кәсіптерін заңдастыруға мүмкіндік туды. Ал әкімдік тарапынан саудагерлерге арнайы орын ұсынылып, тіпті алғашқы жарты жылдыққа жалдау құнын төлемейтіндей жағдай жасалған. Бұған қатысты саудагерлердің айтар уәжі мынау: «Сауда жасаңдар деп беріп отырған жерлері базардан алшақ, ол жерге халық келмейді саудамыз жүрмей қалады. Оған қоса су, жарық жүргізілмеген, әжетхана да жоқ. Еш жағдай жасалмаған. Бұл мәселені де шешіп береміз деген әкімдік сөзінде тұрмады. Жаңа орынға 1-2 апта ішінде барлық жағдай жасап береміз дегелі бір ай уақыт өтті».

Саудагерлер сөзінше, жаңа сауда орны әлі дайын болмаса, көше бойында тұрып сататын саудаға  жолатпаса,  күндерін қайтіп  көрмек?Бірінің  шиеттей бала-шағасы, мұнымен қосып  бір емес бірнеше несиесі тағы бар…

…Ел нарығында осындай ұсақ заңсыз сауда пайда болғалы оларға қарсы күрес жыл сайын жүргізіліп келеді. Бірақ, нәтиже байқалмайды.  Керісінше,  билік  пен саудагерлер арасындағы дау күн өткен сайын күрделеніп барады. Сондықтан екі тараптың да мүдделеріне сай, ортақ бір шешімге келетін уақыт жеткен сияқты. Мысалы, бізден  көш ілгері жүретін батыс елдері дала саудагерлерімен күрес жүргізуді баяғыда қойған. Керісінше олар сол сауда нүктелерінің жұмысын ұйымдастыруды қолға алыпты. Осылайша, Грецияда осы бағытта жұмыс атқаратын мемлекеттік құрылым көше бойында сатылатын тауарлардың сапасы мен бағаларына жауап береді. Ал Ирландия, Канада, Германия елдерінде көше саудасын реттейтін арнайы заң жүйесі бар. Бұл елдердің Үкіметі көше саудасын жаңа жұмыс орны ретінде қабылдайды. Және мұндай кәсіпкерлікке дұрыс-бағыт бағдар беру ұлттық экономиканы ынталандырады деп санайды. Ал біздің елде олай емес. Неге?

А. ӘБІШЕВА.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ