Қазыбек бек Тауасарұлының кітабына сенуге бола ма?

0
6483

Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабын мұқият оқып шығып, ондағы көптеген тарихи уақиғалар мен мәліметтердің қарама-қайшылықтарына тап болдық. Әсіресе Тауасарұлының өмірі мен ол қатысқан шайқастарға байланысты деректерде көп түсініспеушіліктер бар екенін байқадық.

Нақтылап айтар болсақ, аталған кітапта Қазыбек бек 1692 жылы туған деп көрсетілген. Қайтыс болған жылы Қазақ Совет энциклопедиясы (ҚСЭ-1975ж.) мен «Жетісу» энциклопедиясында (2004 ж.) 1723 жыл деп жазылған. Қазыбек бек 1692 ж. туғаны анық болса, 1643 ж., 1646 жылдардағы қалмақтармен болған соғыстарға қалай қатысып жүр? Тумай жатып, өзінен 46, 49 жыл бұрын болған соғысқа қатысқанын қалай түсінуге болады?
1723 жылы қайтыс болған Қазыбек бек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға», 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысады. 1733 жылы Төлебимен ренжісіп, 1755 жылы Қабанбайдың өлгенін, 1775 жылы Абылай таққа отырып, сол жылы Бөгенбай батырдың Қожа Ахмет Яссауи сағанасына жерленгенін баяндайды.
Қазақ Совет Энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясында Қазыбек бек Тауасарұлы 1723 жылы қайтыс болды деп жазылғаны анық болса, қалай ол 1775 жылға дейінгі қазақ-қалмақ соғыстарына қатысып жүр? Егер энциклопедия деректерінде қате болса, оны анықтап, дәлелдеу керек емес пе? Анықталмаған, дәлелденбеген деректерді мұқият тексермей, ғылыми електен өткізбей пайдалануға болмайды ғой.
Қазыбек бек Тауасарұлы бұл кітапты Хижра жыл санауының 1154 жылы, ал жаңаша 1776 жылы жазып бітіргенін көрсеткен. Кітап 1852, 1934, 1944 жылдары әркім арқылы қайта көшіріліп, соңғы рет 1971 жылы Жұматай Түбісов деген кісіге оқытып отырып жазушы Балғабек Қыдырбекұлы жазып алған. Кітапта кездесетін басты оқиғалардың тізбегін жасаған – жазушы Бексұлтан Нұржекеев.
Қазбек бек кітабындағы «Орбұлақ» шайқасы жайлы деректер сол күйінде «Жетісу» энциклопедиясына енген. Алайда онда айтылатын «Орбұлақ» шайқасы 1643 жылы емес, ол 1646 жылы болған. Ал 1643 жылғы соғыс Лабастағы Доңыз тауында болып, онда 50000 қалмаққа мыңға жетер-жетпес қолмен Жәңгір хан бастаған қазақ сарбаздары қарсы тұрған. Кейін оларға 23000 адаммен Жалаңтөс батыр келіп қосылған. Яғни 1643 жылғы қазақ-қалмақ соғысының хикаялары орыны ауысып, 1646 жылдың «Орбұлақ» шайқасы ескі Жаркент қаласынан күншілік жердегі «Қосқолаң» тауының арасында, «Қызылқия» деген жерде болады және кітапта ол маңдағы «Жарбұлақ», «Асартөбе» сияқты жер атаулары аталады. Ондай жер атаулары бұл күнде сақталған ба? Ол жағы белгісіз. Осы жерде болған соғысты қазір «Орбұлақ» деп атап жүр. Ол шайқас өткен жерге бұл күнде арнайы ескерткіш орнатылған.
Кітапта көрсетілген осы сияқты кейбір келеңсіздіктер, шүбә келтіретін жәйттер мен әттеген-айлар бай тарихымызға, мол мағлұматтар мен деректерге кесірін тигізері сөзсіз. Бұл кітапты мұқият оқып шыққан белгілі халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов те өз ойын ашық айтады. (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті» газеті, #7, 15-21 ақпан, 2019 жыл). Онда Қабдеш: «Мен бірталай өтірікті әшкерледім. Мысалы, «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген кітап бар. Бұны бүгінгінің адамдары жазған. Оны «XVIII ғасырда жазылған, жерден қазып алдық» деп жұртқа ұсынып отыр. Кітаптың мазмұны тарихи тұлғаларды қорлайды. «Абылайды күңнен туған, оны Төле би ұрлап алып, бір төренің қолына береді», – дейді. Тек бұл емес, Бұхар жырауды да жағымсыз адам ретінде айтады. Көп уақыт шығарып, осыны әшкереледім. Осы өтірік кітап қағаздың тапшы кезінде 300 мың данамен шықты. Осы үшін жұрттың көбі мені ұнатпайды. Жазушы бой жеткен қыз емес, көрінгенге ұнағысы келе беретін. Менің біраз уақытым осындай жүйесі жоқ өтіріктерді орнына қоюға, ақиқатты ашуға жұмсалып кетті», – деп мойындайды.
Ал, «Жас Алаш» газетінің 2020 жылдың 27 ақпандағы бетінде С. Керімбеков «Көңіліме қаяу салды» атты мақаласында Қабдешке өзінше сын айтыпты. Онда… «Әрине, басқалардың емес, біздің жанымызға бататынын біреу түсініп, біреу түсінбейді-ау. Ал, түсінеді-ау деген Қабдеш-аға, сізге не болды, өнбес дауды өлермендікпен сонша қуып? Жұрт көріп, халық мойындаған Орбұлақты 30 жылдан соң қайта қозғаудың не қажеті бар еді? Болары болып, бояуы сіңген істі қайта-қайта қозғау сіз сияқты беделді жазушы, ел ағасы ақсақалымызға әсте абырой әпермесе керек…» деген пікір айтыпты. Сонда еліміздің, жеріміздің тарихына байланыс-ты жөн-жосықсыз, еш дәлелсіз, шындыққа жанаспайтын дүниелерді қиыстырып тарих жасауымыз керек пе? Мүмкін Шыңғысханның да Жаркент өңірінде туып өмір сүргенін мақұлдауымыз керек шығар, Керімбеков мырза? Тарихи дәлелсіз, ғылыми жолмен зерттеліп анықталмаған дүниелерді халыққа ұсына беруге болмайтыны белгілі ғой.
Көне дәуірдің ұлы ойшыл ғалымы айтқандай «Маған дос қымбат, бірақ шындық одан да қымбат» дегенді әрқашан демекпіз.
Сондықтан елдің, жердің ғасырлар бойы түрлі кезеңдерде басынан өткен жағдайлар халық жадында сақталып, бізге жеткені, әрине, қуанарлық жай. Дегенмен кітаптағы көп мағлұмат, дәйектемелерге байқап, сыни көзбен қараған дұрыс сияқты. Мысалы, жеті жүз қазақ сарбазының елу мың қонтайшыға қарсы тұруы, мұздай қаруланған, мылтықпен, зеңбірекпен жабдықталған жауға тек білте мылтық, шоқпармен шабуылдап, он мыңдаған қалмақты жайратып салуы көңілге сенімсіздік тудырады. «Бұл мүмкін бе?» деген сұрақ туады. Екіншіден, қазақ-қалмақ арасында болған осындай айтулы кезеңдер, оқиғалар ел есінде неге сақталмаған? Неге қазақ тарихына байланысты кітаптарда айтылмаған? Кітапта жазылған уақиғалар, шайқастар ел тағдырына байланысты ұмытылмас ірі оқиғалар емес пе? Тек кітапты толық мұқият оқып шығып, ондағы мәліметтерді салыстыра қарағанда ғана Қазбек бек Тауасарұлының энциклопедияларда көрсетілгендей 1723 жылы емес, 1777 жылдан кейін қайтыс болғаны анықталады, өйткені ол кітабын тек 1776 жылы ғана жазып бітіргенін анық айтады. Егер Қазыбек бектің бұл жазғанына сенсек, энциклопедиядағы мағлұматтарды өзгертуге тиіспіз. Ол үшін алдымен белгілі ғалым, тарихшылар кітапта келтірілген мәліметтер мен айғақтарды нақтылы мұқият зерттеп, ресми қорытынды шығарып барып энциклопедиялық еңбектерге еңгізулеріне болады деп есептейміз.

Дүйсен ЖҮНІСОВ,
 Алматы облысының Құрметті азаматы.

 

Кілтсөздер:АЙТАРЫМ БАР


ПІКІР ЖАЗУ