Медицинадағы тың серпіліс

0
4677

     Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күнін атап өту дәстүрге айналған. Адам жанының арашасына айналған абзал жандар еліміздің денсаулық сақтау саласына орасан зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда білікті мамандардың арқасында ел медицинасы қарқынды дамып, өзге мемлекеттермен иық тіресер дәрежеге жеткен.

Бұл тұрғыда Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының атқарған ауқымды істерін атап өткен орынды. Өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық емдеу және алдын алу мекемелерінде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Әсіресе, 2016-2019 жылдар аралығындағы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған істердің ауқымы кең.
Бүгінде Алматы облысы көлемі бойынша 804 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс жасайды. Олардың 163-і жекеменшік болса, 641-і мемлекет меншігіндегі мекемелер. Бұған қоса, облыстық деңгейде тоғыз аурухана, үш қалалық аурухана және екі психикалық денсаулық орталығы стационарлық көмек көрсетеді. Облыстың медициналық мекемелерінде 4 756 ақ халатты қызмет атқарса, орта медициналық қызметкер саны 14 961-ді құрайды. Биылғы жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға 173 жас маман келді. Оның 97-і ауылдық жерде қызмет атқаруда.
Жыл басталғалы бүкіл әлемді дүр сілкіндеріген жұқпалы індет Алматы облысын да айналып өтпеді. Осы уақытқа дейін өңірде коронавирус дертін жұқтырушылар саны 500-ден асып жығылды. Дертпен күресу барысында өңірдің денсаулық басқармасы емдеу және алдын алу шараларын жедел ұйымдастырып, сақтық шараларын тез арада қолға алды. Маусым айының басындағы жағдай бойынша облыста коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастарды емдеу үшін 200 төсек дайындалған. Атап айтсақ, Қарасай орталық аудандық ауруханасында төсек саны 50-ден 70-ке дейін, Еңбекшіқазақ МББ- да 50-ден 60 кереуетке дейін кеңейтіліп, 1095 уақытша және 1250 карантиндік (байқау) төсегі қойылған. Қажет болған жағдайда төсектер саны 11 217-ге дейін көбейтілмек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, өңірде індетпен күресу барысында қажетті құрал-жабдықтарға мұқтаждық туындамаған.
– Облыста күніне 2 мың зертханалық сынақ өткізілетін 6 зертхана бар. Осы уақыт аралығында амбулаториялық және стационарлық деңгейде 754 дәрігер тартылды. Сонымен бірге, 202 реанимациялық төсек бар болса, оның 66-сы коронавирустық инфекцияға күдіктенген және расталған адамдарға арналған. Ауруханаларда 200 жұмыс істейтін желдету құрылғысы орнатылған. Олардың 60-ы балалар, 140-ы ересектерге арналған,– дейді ол.
Биыл өңірде жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайтын 14 нысанның құрылысын жүргізу жоспарда. Атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында 100 төсек- орынға арналған перзентхана, 10 дәрігерлік амбулатория мен медициналық орталық салынбақшы. Мәселен, облыс басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың екінші жартысында Панфилов ауданының Педжим ауылында 50 адамға арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Оған облыстық Мәслихаттың шешімімен қаражат бөлініпті.
Сондай-ақ құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын бес медициналық нысан жөнделеу көзделуде. 2022 жылға дейін 16,1 млрд.теңге қаражатқа 347 дана медициналық жабдық сатып алу және медициналық ұйымдар мен ауруханаларды жабдықтармен толықтай қамтамасыз ету жоспарланған. Мәселен, жалпы хирургия және басқа салалар үшін стационарлық және жылжымалы флюорографтар, сандық маммографтар, бейне-эндоскопиялық кешендер, рентгендік диагностикалық аппарат, өкпенің жасанды тыныс алу аппараттары, анестетикалық тыныс алу аппараттары, көлік инкубаторы сынды аспаптар сатып алынбақшы.
– Бүгінде медициналық техниканың қол жетімділігі едәуір артқанын атап өткім келеді. Мәселен, облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2016-2019 жылдарға арналған жергілікті бюджеттен 15,2 млрд. теңге қарастырылып, ол толығымен жұмсалды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 14,7 млрд. теңге, республикалықтан 522,9 млн. Осы қаражаттың көмегімен 856 дана медициналық техника мен 67 жедел жәрдем көлігі сатып алынды,– дейді Бауыржан Ербозымұлы.
Облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарды емдеу мен күту мәселесі де назардан тыс қалған емес. 2018 жылдан бастап балалар үйлерінде күндізгі медициналық орталықтар ашылып, онда жарымжан балаларды медициналық оңалтумен айналысу қолға алынған. Нәтижесі де жаман емес, ата-аналар дән риза. Себебі, бұл топ ашылғаннан бері 37 бала сауықтырылыпты.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыруда да атқарылған істер мен қолға алынған шаруалар біршама. Аталмыш жүйені облыстың барлық медициналық ұйымына енгізе отырып, олар үшін реабилитациялық төсектер мен арнайы бөлімдер құрылған. Алдағы уақытта оңалту бөлімшелерін жабдықтау үшін 95 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынбақшы. Сондай-ақ, 2019 жылы құрылысы басталған Талғар аймағында 60 адамға арналған оңалту орталығының құрылыс жұмысы қарқынды. Биыл «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» қорымен бірлесіп, Жамбыл орталық аудандық ауруханасының жаңа ғимаратында 20 төсектік балаларды сауықтыру орталығы ашылады деп күтілуде.
Облыс тұрғындары арасында нашақорлық пен алкоголизмнің өткір проблемасы басты бақылауда. Бұл жөнінде басқарма басшысы зиянды әдетке жақын жандармен жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылатындығын айтады.
Яғни, бұл процеске тестілеу, анықтау, емдеу, оңалту және алдын алу шаралары кіреді екен. Сонымен бірге, науқастың жақындары, отбасы мүшелері де тартылады. Себебі, емдеу мен оңалтудың толық технологиясын жасаудан гөрі мәселені дер кезінде анықтау және алдын алу анағұрлым маңызды болмақ. Бұған қоса, халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру, жаман әдеттерден бас тарту жөніндегі жұмысты жандандыру мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Аймақта бүгінгі таңға дейін белсенді санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу жалғасын тауып келеді. Мәселен, пациенттердің туыстарымен әңгімелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, ашық есіктер, акциялар, нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы тұру үшін билбордтар құру маңызды мәселелер қатарында.
Соңғы жылдары еліміз көлемінде ата-аналардың балаларға арналған вакцинациядан бас тарту жағдайы айтарлықтай көбейді. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл өзекті мәселе облыс көлемінде де күн тәртібінен түспей, түсіндіру шаралары жүргізіліп келеді.
– Вакцинациядан бас тартқан ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дін, денсаулық сақтау басқармасы мен тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитетінің департаментінің бірлескен жұмысының арқасында діни себептер бойынша вакцинациядан бас тарту саны азайды. Мәселен, өткен жылы бірнеше дөңгелек үстелдер өткізіліп, түрлі діни конфессиялардың өкілдері – православие шіркеуі, мұсылман одағы шақырылды. Олардың барлығы бірауыздан пікірде: денсаулықты сақтауға және жақсартуға бағытталған нәрсені барлық діндер құптайды. Жалпы, аймақта вакцинация тақырыбында 18626 адамды қамтыған 646 іс-шара өткізілді,– дейді мамандар.
Заманауи жабдықтар мен қажетті құралдарсыз сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкін емес. Сондықтан, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің дамуына барынша басымдық берді. Ал биыл облысымыздың денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 4,7 млрд. теңге қарастырылған. Аталған бағдарламаны іске асыру барысында жергілікті бюджет есебінен облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту басты назарға қойылып, нәтижесінде жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайтын 1075 дана заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен 138 жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Ел тұрғындарының денсаулығын сақтаудың тиімді әрі орнықты жүйесін дамытуды көздейтін бұл бағдарлама аясында қолға алынған шаралардың арқасында облыс көлемінде денсаулық сақтау саласы айтарлықтай жетістікке жетті. Атап айтсақ, соңғы төрт жылда облыста өмір сүру ұзақтығы екі жылға дерлік өскен. 2019 жылы өңір халқының өмір сүру ұзақтығы 74,13 жасты құраса, 2020 жылы бұл көрсеткішті 74,17 жасқа көбейту жоспарланған.
Ұлтының жарқын болашағын ойлаған мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығын басты назарда ұстайды. Бұл тұрғыда еліміз кенжелеген жоқ. Себебі, биылғы тосыннан келген жұқпалы індетпен күресуде барын салып, аянбай қызмет еткен ақ халаттылардың еңбегінің орасан зор екені баршаға аян. Мойнына жауапкершілік жүгі артылған денсаулық сақшыларының еңбегі ескерусіз қалмақ емес. Мемлекет басшысы да медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға дейін біртіндеп 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Демек, бұл медицина саласына тың серпіліс әкеп қана қоймай, дәрігерлердің тұрмыстық хал-ахуалын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал ететіні даусыз.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ



ПІКІР ЖАЗУ