Онкологиялық аурулар саны артып барады

0
3963

     Адам баласына ғұмыр сыйлайтын тек алла ғана. Кімнің қаншалықты ғұмыр сүретінін де құдіреті күшті құдай шешеді. Адам баласының «тағдырдың маңдайыңа жазған ғұмырын сүресің» дейтіні де сондықтан. «Қамшының сабындай» келте өмірде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Ауыра қалсақ, жанымызға араша сұрап дәрігерлерге жүгініп жатамыз. «Ақ халатты абзал жан, ажалға арашашы» – деп айдарлап ат қойған саланың бірі Алматы облыстық көпсалалы клиникасы. Медицинадағы өз атын алтын әріппен жазуға лайықты бұл сала, қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп келеді. Ажалмен күнбе-күн, бетпе-бет келетіндер де осылар. «Жатыр мойны», «сүт безі» сияқты өшріп тұрған кеселдермен күресетін аурухананың бас дәргері Данияр Оразбекұлымен сұхбаттасып, оқырманмен ой бөлісуді өтіндік.

– Данияр Оразбекұлы, сұхбатымызды өзіңіз басқарып отырған облыстық көпсалалы клиниканың тарихынан бастасақ. Мекеме өз жұмысын қай кезден бастады?
– «Біздің тарих ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы»-деп, ақын Қадыр Мырза-Әли айтқандай, біздің аурухананың тарихына көз сүзсеңіз ширек ғасырды көресіз. Қабырағасы қаланып, есігін айқара ашқан, 1956 жылдың казан айынан бері халыққа қызмет етіп келеміз. Заман ағымына қарай, уақыттың, дәуірдің құбылуына байланысты 2019 жылға дейін облыстық онкологиялық диспансер деп аталса, қазір Облыстық көпсалалы клиника деп атауын өзгертті. Өйткені, көрсететін қызмет түрлеріне қарай атауын өзгерту туралы шешім қабылданды.
– Кеңестік кезеңде «іс тетігін кадр шешеді» деген тәмсіл болған. Расында істің мән-жайын тиісті маман ғана анықтай алады. Қазақстанда кез-келген саланы алсаңыз кадр тапшылығын көруге болады. Облыстық көп салалы клиникада бұл мәселе қалай шешілуде?
– Қойып отырған сауалыңыз орынды. Қазіргі таңда қай салада болмасын кадр тапшылығы бар. Бұл медицина саласына жастар келмейді деген сөз емес. Жауапкершілігі өте жоғары, әрі адамдарды емдеу, ота жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мәселен, ағаштан, темірден, бұйымдардан түйін түйетін неше түрлі қолөнер шеберлерін білесіз. Мұнда да, адамды емдеуге қолының икемі бар, әрі сауатты, жүректі оқыған-тоқығанын іске асыра алатын дәрігерлер қажет. Ал, ондай дәрігерлер жоқ емес бар, бірақ тапшы. Дәрігер науқастың көңілін аулап қана қоймайды, оған нақты диагноз қойып, түрлі құрылғылармен жұмыс істей білу қажет. Қазақ «торғай сойса да қасапшы сойсын» демей ме, қолдарынан скальпелі түспейтін, түрлі қатерлі дертпен күресіп жатқан көп салалы біздің клиникада маман тапшы. Әсіресе, ауылдық жерлерге мамандар тарту мәселесі жиі қозғалады. Біздің клиникаға онколог, маммолог, узи дәрігерлері қажет. Біз клиникаға келген жас мамандарға тиісті жалақысымен қатар, пәтер ақысын төлеп отырмыз. Өйткені, дәрігерге әлеуметтік көмек көрсету – ең маңызды қадамдардың бірі. Сонда жас маман нәтижелі жұмыс атқарады.
– Облыста биылғы жылы қатерлі ісікпен ауырғандар саны қаншалықты өсті? Әлем бойынша да, елімізде де осы аурумен ауыратын балалар мен жасөспірімдер саны артыпты. Бізде қалай?
– Бүгінгі қоғамдағы ахуал көңіл алаңдатады. Қыл аяғы жұтқан ауаң, ішкен суың, тұтынған тамағыңа дейін зер салу керек, оның бәрі денсаулыққа әсер етеді. Кеселдің өршуі, бірінші науқастардың өзіне байланысты. Әсіресе біздің қазақтар, «болары болып, бояуы сіңгенде» ғана дәрігерге келеді. Бұл дегеніңіз онкологиялық ауруға шалдыққан адамдар санының өсуіне алып келуде. Оның әртүрлі себептері бар. Кез-келген аурудың алдын алу қажет. Жай тұмаудың өзін жеңіл-желпі ару деп қарауға болмайды. Ал, онкологиялық аурулар асқынып кетсе, оны емдеудің өзі де қиын. Яғни, өмір мен өлім арасындағы арпалыс басаталады. Сондықтан алдын алу үшін арнайы скринингтен уақытында өтіп тұру маңызды. Көбіне 3-4 сатысында дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бұл әрине, емдеу кезінде қиындықтар туғызды. Әрі туған-туыстарына да оңай емес. 2019 жылы тіркелгендер саны 2018 жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға артқан. Ал балалар мен жасөспірімдерді Алматы қаласындағы арнайы ауруханаларда емдейді.
– Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Айтыңызшы осыдан қалай қорғануға болады?
– Жалпы обыр – ДНҚ-дағы мутация, бір жасушада пайда болған мутацияны ішкі механизм арқылы емдемесе, оның үстіне иммунды жүйе оны байқамаса ғана обыр пайда болады. Жасуша қатерлі ісікке айналуы үшін көптеген кедергіден өтуі керек. Мысалы, шылым түтінінің құрамында ДНҚ-ға шабуыл жасайтын химиялық заттар бар. Ал химиялық заттар адамның иммунитетіне шабуыл жасайды. Яғни, қатерлі ісік пайда болуына жол ашады. Жалпы онкологиялық аурулардың алдын алудың екі жолы бар. Алғашқысы ауырмай тұрып, салауатты өмір салтын ұстану болса, екіншісі арнайы тексеруден — скринингтерден өтіп тұру. Бұл скринингтер поликлиникаларда тегін жүргізіледі. Сондықтан клиникада жылына бірнеше рет ашық есік күнін өткізіп, тегін тексеруден өткізіп тұрамыз. Бізде ең көп тарағаны жатыр мойыны обыры, сүт безі және колоректал обыр. Негізі жатыр мойыны мен колоректалды обыр алдымен полип немесе эрозия түрінде пайда болады. Қатерлі емес ісік деңгейімен 5-10 жылда қатерлі ісікке айналады. Осы уақытта оны анықтауға болады. Осы кезде полипті алып тастаса, қатерлі ісік пайда болмайды. Сүт безі обыры мамография, жатыр мойыны обырына папаниколау бояуы және колоректал обыр кезінде калда жасырылған қанға сараптама жасалады. Егер қан табылса, колоноскопия жасалады. Бұл бүгінгі таңда ең көп таралған қатерлі ісік түрлерін ең нәтижелі анықтау жолдары. Сонымен қатар, айтарлықтай көп таралған өкпе обырын анықтаудың дәлелденген жалғыз әдісі төмен дозалы компьютерлік томография.
– Қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Біздің облыста осы аурумен ауырғандардың қанша пайызы жазылып шықты?
– Жалпы онкология салсында қатерлі дертке шалдыққан науқастар жылдар бойы емделеді. Сондықтан оларды тіркеуден шығармайды. Онкологиялық аурудың түрлері көп. Науқас толық емделіп шыққанмен де, кей жағдайда 10-15 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Сондықтан науқастарды дәрігерлер үнемі бақылауда ұстап отырады.
– Облыс орталығындағы жалғыз, қатерлі ісікпен күресетін орталық аурухана болған соң, өңірдің дертіне шипа іздеген науқастардың бәрі сіздерге келеді. Олардың дәрі-дәрмегі, жатар орындарына қанша қаражат жұсалады?
– Науқастың диагнозы анықталғаннан кейін оны емдеу, қажетті дәрі-дәрмек тағайындау қысқа уақытта шешілмейді. Әсіресе, химиятерапия тағайыналған кезде бірнеше тексеруден өтеді. Оны, бір топ дәрігерлер кеңесіп шешеді.
– Әлем елдерінің барлығы, бірінші денсаулыққа мән береді. Ғалымдар да жаңа технология ойлап-тауып, медицина саласын жаңғыртуда. Онкология орталығы заманауи техникамен қаншалықты жабдықталды?
– Қазақстанда алғаш рет Алматы облысында мемлекеттік жеке серіктестік шеңберінде Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана базасында «wdsoft» ЖШС жеке компаниясымен 16 медициналық мекемені бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйемен біріктірген жоба іске асырылды: 11 БМСК ұйымы (9 аудандық аурухана, Талдықорған қаласының 2 қалалық емханасы) және облыстық деңгейдегі бес аурухана бар.Жоба аудан орталықтары мен шалғай ауылдардың тұрғындарына тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Алматы облысында тұрғындардың 80% — ға жуығы ауыл тұрғындары екені белгілі.
Сондай-ақ, бұл жоба Мемлекет Басшысы қойған бірден төрт негізгі міндетті шешеді:ерте диагностика; дәрігер-радиолог кадрлар тапшылығы мәселесін шешу;денсаулық сақтауды цифрландыру;жасанды интеллект қол- данумен алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктерді қолдану. Алматы облысында тұрғындардың 80%-ға жуығы ауыл тұрғындары. Яғни, жасанды интеллект арқылы шалғай ауылдарда онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте анықтай аламыз.
– Коронавирус дерті қазіргі кезде өршіп барады. Дәл осы вирустың онкологиялық ісікке шалдыққандарға өз кесірін тигізіп жатқан жоқ па?
– Коронавирустың таралу аумағы ұлғайған сайын оның адамнан адамға жұғу қауіпі де артып келеді. Әсіресе, санитарлық талаптардың сақталмауы мен карантин ережесінің бұзылуы салдарынан инфекция белгісі анықталған тұрғындар саны азаймай тұр. Жалпы, кез келген дерттің адам денсаулығына тигізетін зардабы ауыр. Қатерлі ісік дертімен ауыратын науқастар үшін де бұл бір қиын кезең болуда.Онсыз да жаны қиналып жүрген адамдарға коронавирус инфекциясы екі есе қауіп төндіруде. Өйткені, жұқпалы аурудың барлық түрі ең алдымен иммунитеті төмен адамға үйірсек келеді, ал денсаулығында кінараты бар науқастың ағзасы коронавируспен күресуге тіптен қабілетсіз. Сондықтан біз үшін де, пациенттер үшін де онкологиялық ем алып, дәрі қабылдау барысында сақтық шарасын арттыру ең басты міндет болып саналады.
– Дәрігер ретінде қатерлі ісіктің алдын алу үшін, сақтану үшін не істеу керек, қандай кеңестер бересіз?
– Қатерлі ісік – адам өміріне қауіпті болғанымен, бұл ажал үкімі емес. Науқастар осыны есте сақтауы керек. Дерттің алғашқы кезеңінде дәрігерге қаралып, асқындырмай ем алған адамның құлан таза айғып кетуіне толық мүмкіндік бар. Сол үшін де адамдар жиі тексеруден өтіп тұруы тиіс. Ал онколог дәрігерлер қатерлі ісіктен емдеу үшін аянып қалмайды. Қазір бұған барлық жағдай жасалған. Әрине, проблема да шығып жатады. Көп жағдайда ота жасалатын науқастар қиналады. Қазіргі жүйе бойынша хиругиялық ем-дом шарасы медициналық есепке алу порталы арқылы жасалатыны белгілі. Науқастар кезек күтіп қалатын жағдай болады. Бірақ, біз бұған қарамастан дерттің салмағын жеңілдетуге күш саламыз. Дәрі-дәрмекпен қамтуда кідіріс жоқ, мамандар жеткілікті, медициналық құрылғылар бар.
– Данияр мырза, өзіңіздің дәл осы салаға келудегі мақсатыңыз қандай? Неліктен дәл қатерлі ісікпен ауыратындарға қол ұшын созуды жөн санадыңыз?
– Мен онкология саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келемін. Дәрігер мамандағы жауапкершілігі жоғары мамандық иесі болғандықтан кез келген адам таңдау жасарда ойлануы керек. Біз әр адамның амандығы үшін аянбай күресеміз. Басқа өңірдегі дәрігерлермен жиі тәжірибе алмасып тұрамыз. Бұндай қадамдар күн санап дамып жатқан медицина саласында аса қажет. Сондықтан бұл салаға мамандар кездейсоқ келмейді. Өзіне сенімді, мақсаты анық адамдар ғана мықты дәрігер болады. Мен де сондай жандардың бірімін дей ойлаймын.
– Сұхбатыңызға үлкен рахмет. Сізді, ұжымыңызды төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз!

Сұхбаттасқан: Г. ЕРДАУЛЕТОВА



ПІКІР ЖАЗУ