Дерт дендеп барады

0
3635

Бүкіл әлемге тырнағын батырып, талай елдің экономикасын сансыратқан коронавирус дертін жұқтырғандар саны бүгінде дүниежүзінде 10 миллионнан асып үлгерген. Дендеген дерт біздің елде де әлі сейілер емес. Керісінше күн санап күш алып, ушығып барады.

Деректерге сүйенсек, эпидемия басталғалы бері 500 мыңнан астам адам осы індеттен қайтыс болыпты. Әлемде науқастар саны бойынша АҚШ алғашқы орында тұр. Мұнда 2,5 миллион адамнан коронавирус анықталып, 128 мыңнан астам науқас қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде коронавирус инфекциясының қарқын алып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Ұйым басшысының хабарлауынша, пандемияның басылар түрі жоқ, керісінше күннен күнге кең тарап, әлемге жайылып барады. Сондай-ақ, карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін бірқатар мемлекеттерде індет ушыға бастағанын жеткізген ДДСҰ басшысы Қазақстанды да коронавирус жылдам таралып жатқан елдер қатарына қосқан.
2 айға созылған төтенше жағдай режимі аяқталып, карантин шаралары босаңсығаннан кейін елде Covid-19 вирусын жұқтырушылар саны еселеп артып кетті. Тіпті өлім-жітім күн санап көбеюде. Бұған кейбір сарапшылар тарапынан «үкімет экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады. Сол себепті халыққа вирустың қаупі дұрыс түсіндірілмеді» деген пікірлер айтылуда. Ал халық арасында жұқпалы дертке бей-жай қарап, аурудың барына сенбей, немқұрайлылық танытатындар әлі де жоқ емес. Қоғамдық көліктер мен адам көп жиналатын орындарда бетпердесіз жүргендерді айтпағанда, шектеулерге қарамастан дүркіретіп той жасағандар да табылуда.
Осындай тұста билік басында да ауыс-түйістер орын алып, Денсаулық сақтау министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Бұдан былай Қазақстанның денсаулық саласын Алексей Цой басқармақ. Жаңа министр мемлекет басшысы өткізген коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте коронавируспен күрес жоспарын ұсынып, жағдайға талдау жасау арқылы індетке қарсы жасалуға тиіс 10 негізгі шараны баса атап көрсетті.
Әлемді әлекке салған аурудың беті қайтпай тұрғаны былай тұрсын, симптомсыз сырқаттардың көбеюі де аталған вирустың кең етек жаюына ықпал етуде. Сондай-ақ, ауру белгілері жоқ тасымалдаушылар санының артуына байланысты бұдан былай Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар мен симптомсыз науқастар деп бөлінбейді. Елде тәулік сайын неше жүздеген адамнан бастап мыңдаған адамның вирусты жұқтырғанын жеткізген дәрігерлер дабыл қағуда. Бұған қоса, енді пневмония да өршіп барады. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ауруханаларға келіп түсушілердің елу пайызына пневмония диагнозы қойылған. Қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, бұрындары пневмония диагнозымен күніне 4-5 адам қабылданса, қазір олардың саны 500-ге дейін жеткен. Түркістанда да өкпесі қабынып, дәрігерлер көмегіне жүгінушілер саны артыпты. Маңғыстау облысындағы жағдай тіптен ушығып тұр. Өңірде бір тәулікте пневмониядан 19 адам көз жұмған. Сондай-ақ, тек осы айда 62 адам қайтыс болған Ақтөбе облысында да жағдай қиын. Бұл жөнінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы аурудың қозып кетуі халықтың бейғамдығынан деп есептейді. «Халық қатаң карантинді алып тастаған уақытта бір күнде далаға шығып кетті. Адам организмі 2 ай үй жағдайына үйреніп қалғандықтан, сырттағы ауаға тез үйренісе алмайды. Пневмонияның өршіп кетуі де сол себепті»,– дейді ол.
Дерт дендеп, вирусты жұқтырушылар саны артқан осындай қысыл-таяң тұста өңірлерде емдеу орындары мен дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалуда. Дәріханалардағы дәрі тапшылығы мен ауруханалардағы орынның жоқтығы да жұртты біраз абдыратып тастады. Қазір қала көшелеріндегі кез-келген дәріханадан әдеттегі парацетамол мен аспиринді таба алмаған халық сең соққан балықтай әрі-сәрі күйге түскен. Тіпті, дәріхана босағасындағы ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр. Себебі, ауру белгілері байқала қалған жағдайда алғашқы ем-дом шараларын жасап, сақтану үшін бұл дәрілердің қажеттілігі артқан. Ал іздеген дәріңіз табыла қалғанның өзінде бұрынғы бағасының бірнеше есесіне сатып аласыз. Бұл аз десеңіз, Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың мәлімдеуінше, енді Қазақстанда бір адамға сатылатын дәрі-дәрмектің саны шектелмек. Яғни, бұдан былай дәріханаларда бір адамға 2-3 қаптама дәріден артық берілмейді. Егер де бір отбасында бірнеше адам ауыратын болса, дәрігердің нұсқауымен жазылған препараттарды алуға шектеу қойылмайды.
Індетті жұқтырушылардың күн санап артуы емханалардағы орынның жетіспеуіне де үлкен әсерін тигізген. Лық толған палаталар мен аурухана дәліздерінде жатқан науқастардың мұңын айтқан бейнежазбалары әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Дене қызуы барын байқап, өзін жайсыз сезінген ел тұрғындары болса жедел жәрдем көлігін сағаттап күтіп, тіпті, қоңырау шалып, желіге қосыла алмайтындықтарын айтып, наразылық білдіре бастады. Халық тарапынан арыз-шағымның жиілегенін ескерген денсаулық сақтау министрі корона-такси қызметін жүзеге асыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Билік бұл тығырықтан шығу үшін мектептер мен колледж ғимараттарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, сол жерді емдеу орталықтарына айналдыруға көшкен. Мәселен, Шымкентте 450 орындық провизорлық стационар ашылмақ. Себебі, қалада вирус жұқтырғандар 2 есе, пневмониямен ауырғандар 6 есеге артқан. Шаһардағы жеңіл атлетика спорт кешенінен қосымша күндізгі стационар дайындалып, онда ЖРВИ және пневмониясы бар пациенттер ем қабылдайтын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық пандемияға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қайталай арнайы үндеу жасады. Онлайн өткізілген жиында індетпен күресудегі олқылықтарды сынға алып, коронавирус дертімен күресу шараларының толық орындалмай жатқанын айтып, біраз шенділерге сөгіс те жариялды. Сондай-ақ, елде қатаң карантин енгізу туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырып, халықты сақтық шаралары мен талаптарын естен шығармауға шақырды.
«Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең басты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған», – деді Президент.
Миллиондаған адамды ажал құштырып, экономикаға ерекше әсер еткен коронавирус дертінің әлі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бас директорының стратегиялық мәселелер жөніндегі көмекшісі Раньери Герра пандемияның екінші толқыны басталар болса, әлемде миллиондаған адам қайтыс болуы мүмкін деген де болжам айтып, карантин шараларын күшейтуге шақыруда. Бүкіл әлем жұртшылығы болып Covid-19 індетімен арпалысып жатқанда, Қытайда тағы бір жаңа тұмау вирусы анықталды. Ғалымдардың айтуынша, ол да коронавирус сияқты пандемия туындату әлеуетіне ие екен. Бұған қоса, аспан асты елінде Covid-19 вирусымен ауырғандар саны да қайтадан артуда. Індетті ауыздықтау үшін жеке бас тазалығы мен алдын-алу шараларының қатаң сақталуы осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та келеді. Сондықтан «тәртіпке бағынған құл болмайтынын» естен шығармай, әркім өзі мен айналасындағылардың денсаулығы үшін мойнына артылған жауапкершілік жүгін сезіне білгені абзал. Жақынымыза жанашыр болайық!

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ



ПІКІР ЖАЗУ