Дәрігер дабыл қақты

0
4456

Әлем жұртын алқымнан алып, тынысын тарылтқан пневмония мен тәж тажалы адам баласына торғайды арбап жұтқан айдаһардай үрейлі болып тұр. Екі күннің бірінде осы індеттен бақилық болғандардың саны арта түсуде. Қазақстанда бұл көрсеткіш 200-ге жуықтады. Ауруханалар аузы мұрнынан шығып, науқастарды қабылдайтын орындар жоқ.  Кеселмен күресіп жатқан ақ халаттылардың ырқына көнбеген індет, шеңберден шығып барады. Мәселен, «пневмония оттегін қажет ететін ауру. Егер ауа болмаса, дәрі-дәрмектен келер көмек аз» деген  ақтаулық дәрігердің халықты оттегі концентраттры мен өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға ақшалай қаражат жинауға шақырған үндеуі интернет желісін де жарияланды. Дәрігердің пайымдауынша мемлекет берген оттегі аппараттары науқастарды емдеуге жетпей жатыр.

Бұл енді өзім өлейін деп тұрсам, өлген әкем түсіме кіріптінің кері. Бұқара халықтың екінің бірінің мойнында банктер мен шағын несиелік ұйымдарға деген берешегі бар. Өздері, сараңбайдың берген сарқытындай, үкіметтің берген 42 500 теңгесін бірі алып, бірі ала алмай әупірімдеп күнін әрең көріп отырған қарашадан оттегін сатып алуға көмек сұрған дәрігердің бұл әрекеті ащы да болса, «аш иттің артын сұқ ит жалаптының» кері емес пе?  Халықтың көз жасынан қорықса, ел-жұртты қырып  алмаймыз ба деп сол халықтан жиналған салықпен жалақы алып, бюджетін толықтырып отырған үкімет бай-шонжарларды жинап, тығып жатқан қаражаттарына мына халыққа «оттегі жетіспей жатыр, соны алып беріңдер, елдің  дені сауықса,  шығарған шығындарың екі еселеніп қайтады» деп, дәрігер емес биліктегі би-болыстар неге үндеу жасамайды?

Қаратабан, қолдары күс-күс болған қарабайыр қарашадан жылу сұрған дәрігерді де түсінуге болады. Жоғарыдағылар айтпаса мен айтайын деген шығар. Ол бейшара да халықтан сұрамағанда басқа кімнен сұрасын? Оның сөзіне қай бір бай-манап пен шенеуік құлағын түре қойсын? Ауру асқынып, ауыздықтауға көнбеген соң, шыбын жаны шырылдаған халыққа өздерің әрекет етпесеңдер, өмірлерің қыл үстінде дегенді меңзеп тұрған жоқ па? Бізде бәрі керісінше. Неге?

А.БҰЛҒАҚОВ.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ