Нағыз қазақ — домбыра

0
15771

Домбыра – қазақтың қасиетті аспабы,  құнды байлығы, таптырмас қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай. Той-томалақ пен беташарларда ғана үнін естіп жүрген қасиетті домбырамызды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылдан бастап арнайы мереке күндердің қатарына қосқан болатын. Жағымды жаңалық жүрегімізге жылулық ұялатты. Себебі, жыл сайын атап өтілетін бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі зор.

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне сүйсінбеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Елбасымыз осы күнді арнайы мереке етсе, Президетіміздің де домбыра туралы жақсы пікірде екені қуантады.

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бо­луы тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық ру­хы­мызды көтеретін таңғажайып туын­дылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұ­туымыз қажет. «Өнер – ұлт келбеті» дей­ді дана халқымыз. Баршамызға ор­тақ құндылық – домбыраны жан-жақ­ты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сі­ңіру өте маңызды. Домбыра – қай­таланбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһан­дану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деген мемлекет басшысы төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша наза­рында болатынын айтқан.

«Домбыра күні» деп алғаш тойланған жылдары барша қазақ қуанып сүйіншілегенін білеміз. Әсіресе, өнер жұлдыздары әлеуметтік желілерде қуаныштарын жарыса жазды. Бүгінде елімізге танымал, домбыраны серік еткен жастарымыз жетерлік. Осынау атаулы мерекеде домбыраны қолынан тастамай ұлттық аспабымызбен елге танылып жүрген жандардың құттықтауын да бергенді жөн санадық.

– «Домбыра күні» деген мереке қосылғанына қатты қуандық. Шынын айтқанда тойланатын мереке күндер көп, бірақ қасиетті «домбыра күні» деген болған жоқ. Елбасымыздың бастамасымен үш жыл аталып жүрген домбыра күнінің жастарға берері зор. Ұлттық құндылығымызды дәріптеп, келер ұрпаққа домбырамыздың қасиетін көрсетудің бірден бір жолы. Бұл мереке – қазақтың рухын көтеретін, бірлігін нығайтатын айтулы күн. Жалпы, Ұлттық домбыра күні аталуы жүрегімізге жылылық ұялатып, жанымызды жадыратты. Ерекше мерекемен барша қазақ елін шын жүректен құттықтаймын. Домбырамызды дәріптеп, әлемге танытанын жастарымыз көбейе берсін. Қасиетті домбырамыздың үні тек қазақ елінде ғана емес, дүние жүзіне жетсін. Қазақтың қазақ екенін  танытсын деп тілеймін» – деп тілегін жаудырды белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов.

Өнерде шек болмайды, оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Қазір қазақты осы аспаппен әлемге танытып жүрген өнерпаздар аз емес. Домбыраға қызығып, күй тартуға ынталанған балалар саны күннен-күнге өсуде. Күйшілікті домбыра тарту өнерінің шыңы дейміз. Ендеше осы күй өнерін дүние жүзіне дәріптеп жүрген белгілі күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті, өзі де шетелді бағындырып, домбырасын қолынан тастамай жүрген жас күйші,  Құрманғазы атындағы консерваториясы халық аспаптар бөлімінің студенті, 2016 жылы Испанияда өткен халықаралық фестивальдің бірінші орын, 2017 жылы Болгариядағы «Біз ХХІ ғасырлықтармыз» фестивальінің бас жүлде, 2018 жылы Шымкент қаласында өткен Республикалық күйшілер конкурсының бірінші дәрежелі жеңімпазы Рауан Абзалұның да жылы лебізін жазуды жөн көрдік.

–Қазақстандықтарды домбыра күнімен құттықтаймын. Бұл мереке мен үшін ең керемет мерекелердің бірі. Кішкентайымнан домбыраға әуес болып, осы жолды жаныммен қаладым. Ата-анамның ықпалымен, берген қолдауымен танымал күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті атандым.Жеке мектеп студиясында оқыдым. Өздеріңіз білетіндей, ол кісі – елімізге, алыс-жақын шетелге танымал күйші. Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  Ұстазымнан білім алып, шәкірті атану мен үшін ең үлкен жетістік. Әлемге қазақ елін домбыра арқылы танытып жүрген Айгүл апайымның қасында, қара домбырамды қолыма алып жүргенімнің өзімен жеткен жетістіктердің бірі. Алысты-жақынды шет елдерге шықтым, үлкен сахналарда бой көрсетіп жүрмін. Өнер жұлдыздарымен біргемін. Алдағы уақытта дәл осы өнеріммен, қара домбырамның көмегімен талай шет елді бағындыратыныма еш күмәнім жоқ. Бұл менің алға қойған мақсатым. Домбыра мені ғана емес, талай мықты адамдарды әлемге танытты. Домбыраның үніне таң қалмайтын адам жоқ. Әсіресе шет елдерде қайта-қайта күй тартуымызды сұрап, домбыраның үнін үздіксіз естіп отыра беретін адамдар өте көп. Өз кезегімде мен де айтулы мерекемен барша қазақты құттықтаймын. Төл меркеміз жоғары деңгейде аталып өтетіндей деңгейге жететініне мен сенімдімін. Домбырамыз да, қазағымыз да тек биіктерден көрінсін – деп тіледі жас күйші. Талай конкурстардың жеңімпазы атанып, шет елдерде алдыңғы орындардан көрініп жүрген жас күйшінің айтуынша барлық жеңістері осы домбыраны серік етіп, соның сырын түсінгендігінде екен.

Жарты әлемді шарлап, көрген қызықты деректерді жазбаша қалдырған орыс саяхатшысы А.Берг қазақ даласына келгенде ерекше таңқалысын жеткізіпті. Ол: «Қазақ елі қонақжай халық. Мұнда келген мейман ән қанатында қалқып, сиқырлы музыкалық аспап үнімен ғажап күй кешеді», – дей келе, әр қазақ домбыраны кие тұтып, қадірлейтінін жазыпты. Осыдан-ақ, домбыраның қазақ ұлты үшін аса қастерлі екенін бағамдауға болады.

Бүгінде ұлттық музыкалық аспаптың құндылығын ұлықтап, босағаға биік ілетін отбасын сирек кездестіреміз. Әйтсе де, қасиетті домбырамыздың қадірі ешқашан түспек емес. Қазақ барда домбыра бар. Домбыра үні ешқашан тыңдаусыз қалмайды. Ендеше қазақтың төл мерекесімен барша оқырмандарды біз де шын жүрегімізбен құттықтаймыз.

Г.БЕКСАУЫТҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:АЙТЫС


ПІКІР ЖАЗУ