84 млрд. теңге болатын 51 жоба

0
1999

Алматы облысының қоржынында жалпы сомасы 84 млрд. теңге болатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы 51 жоба бар. Бүгінгі күні өңір бойынша соның 54 млрд. теңгелік 30 келісімшарты жасалыпты. Аталмыш  жобаларда тартылған инвестиция көлемі 27 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше,  МЖӘ аясында экономиканың түрлі салаларында 22 нысан іске қосылған, соның тек 15-інің өзі – білім саласында. Нақты мысал келтірсек,  Қарасай ауданында жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен халыққа қызмет көрсететін медициналық зертхана, сауықтыру, әлеуметтік оңалту және педагогикалық іс-шараларға арналып Талғар ауданында құрылған 60 орындық оңалту орталығы мен мүгедек балаларға арналған күндізгі орталықтардың маңызы зор. Өңірдің медициналық мекемелеріне ақпараттық жүйелер кешенін енгізу де денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатындағы тағы бір маңызды жоба болды. Осы жоба аясында Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының базасында өндірістік жоғары өнімділікті серверлер арқылы мәліметтерді өңдейтін жағдаяттық орталық құрылды. Онда күн сайын өңірдің 13 медициналық мекемесінде жасалған барлық рентгендік зерттеулер жинақталып, мұрағатталады. Бұл жоба, біріншіден, диагнозды ерте кезден анықтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, радиолог дәрігер кадрларының тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру осылайша жасанды интеллекті қолдана отырып, озық ғылыми жетістіктерді пайдалануға жол ашты. Мәселен, адамның көзі көлемі 5 мм үлкен жаңа өскінді көре алса, жасанды интеллект дәрігерге жаңа өскінді 1 мм бастап-ақ анықтауына көмектеседі. Соның нәтижесінде онкологиялық ауруларды диагностикалауда өкпе және сүт бездері рагын ерте бастан анықтау 13 %-тен 60%-ке дейін өсті. Бұл ерте кезеңнен диагностикалау ісінің халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырудағы маңызы зор.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірдегі спорт саласының инфрақұрылымын дамытуға да оң әсерін тигізді. МЖӘ қолға алынғалы бері облыста спорт бағытында жалпы сомасы 22 млн. теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. Облыстың әр түкпірінде салынған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері әр түрлі жастағы тұрғындардың, әлеуметтік әлжуаз топтардың, ауыл тұрғындарының спорттық инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттырды. Сол сияқты спортпен айналысатын, саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар қатарының артуына жағдай жасады. Солардың қатарындағы ең ірі жобалардың бірі – облыс орталығында салынған олимпиадалық типтегі жабық жүзу бассейні. Жобаның құны 13 млрд. теңгеден асады, жалпы алаңы 27 мың шаршы метр. Нысан жүзуден, аквааэробикадан, су добынан, суға секіруден оқу-жаттығуларын өткізуге арналған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаттығуына да жағдай жасалған.

Биылғы жылдың жоспарында  Алматы облысында жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асатын 21 жобаны жүзеге асырудың жобалық-сметалық құжаттамасы мен бизнес-жоспары дайындалуда екен. Соның ішінде білім саласында құны 2,5 млрд. теңгелік 21 жоба, денсаулық сақтау мен энергетика салаларының әрқайсысында 6 жобадан жалпы құны 16,6 млрд. теңгелік, спортта 2,4 млрд. теңге сомасына 2 жоба, туризм, мәдениет, қауіпсіздік салаларында 1 жобадан, олардың құны 10 млрд. теңгеге жуықтайды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ