Қант қызылшасы алқабы 16,1 мың гектарға жетті

0
2452

Биылғы төтенше жағдай мен карантин жетісулық шаруаларға оңай тимеді. Бұл  кедергіге қарамастан диқаншы қауым қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, өнім көлемін өткен жылғы деңгейден түсірмеуге барын салуда. Кейінгі тұста қайта дамуды бастан өткерген тәтті түбір  өндірісі де өркенін үзбей келеді. Биыл жетісулықтар 500 тонна қант қызылшасын жинап, 42 мың тонна тәтті түбір  өндіруді жоспарлауда.

Осы орайда қапшағайлық шаруалардың алды қант қызылшасы алқабының әр гектарынан 700 центнерден өнім алуда. Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл  өңірде  тәтті түбір алқабы 860 гектарға себіліпті. Ал облыс бойынша тәтті қызылша 16,1 мың гектарға жеткізілді.

Мәселен, Қапшағайдағы он жылдан бері жаздық арпа, картоп және көкөністер егумен айналысып  келетін «Етекбаев» шаруа қожалығы соңғы жылдары қант қызылшасына да көбірек көңіл бөле бастапты. Биыл да 40 гектар жерге қызылша егіп,  гектарынан 700 центнерден өнім алған.

Шаруа қожалығының  басшысы Нұрлан Етекбаевтың айтуынша, осындай жақсы нәтижеге үкімет және жергілікті билік тарапынан көрсетілген көмектердің арқасында қол жеткізуде. Сондай-ақ, отандық өнімді қолдау арқылы қантпен өзін-өзі қамти алатындай дәрежеге жетуге мүмкіндік  бар екенін де тілге тиек етті.

Егістікпен шұғылданатын «Ба-уыр» шаруа қожалығының да биылғы  өнімі жаман емес екен. 143 гектарды алып жатқан егістік жерінің 100 гектарына жаздық арпа, 10 га сүрлемге арналған жүгері, қалған 23 гектарына пияз отырғызыпты.  Шеңгелдідегі ірі қожалықтың бірі  пияз өсіруге басымдық беріпті.  Айтуларынша, өнімнің өтімі жоғары, сұранысқа ие. Олар өсірген пиязды Қазақстанда ғана емес, Ресейде де тұтынушылар көп. Қазіргі таңда шаруалар өнімді буып-түйіп қоймаға қою үшін әзірлік жұмыстарын жүргізуде екен. Ал,  қоймаға әзірге 600 тоннадай өнім жинапты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ