«Қазақстанда комментаторлар мектебі жоқ»
Кез келген қоғамда азаматтардың денсаулығы мықты болуы үшін спортпен шұғылдану керек. Спорт – ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің кепілі. «Шеврон» компаниясы демеушілігімен Түркітілдес журналис-тер қоры ұйымдастырған вебинарлар шеңберіндегі бұл жолғы онлайн жүздесу осы бағытты қамтыды.
«Спорт журналистикасындағы әлеуметтік жауапкершілік» тақыры-бында өткен вебинарда медиа тренер Бек Төлеуов БАҚ өкілде-ріне әлемдік және отандық спорт журналистикасындағы жаңа үде-рістер, спортты бизнес көзіне ай-налдырудың жолдары, спорттағы PR, жергілікті кәсіпорындардың корпоративтік әлеуметтік жауап-кершілігін орындауда спортқа көңіл бөлуі туралы айтты. Ал онлайн жүздесуді қор Президенті Нәзия Жоямергенқызы ашып, жүргізді.
«Журналистикадағы ерекше саланың бірі – спорт деп білемін. Мұның өзіне адам жайдан жай келе салмайды», – деп бастады әңгімесін Бек Төлеуов. Өз сөзінде ол кәсіби спорт журналисі қандай болуы керек, спорт журналистері үшін маңызды деген аспектілер туралы тоқталды. Айтуынша, бұл саладағы журналиске ең алдымен спорт түрін жетік білу маңызды. Сонымен қатар халықаралық олимпиада комитетіне мүше елдердің туларын, кодтарын ажырата білу керек. Бұл
спорт журналисі үшін өте маңызды дүние. Сондай-ақ, тілді жатық етуде спорт тақырыбында жазған қазақ тіліндегі кітаптарды оқу аса маңызды. «Мәселен, қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұловтың, осы ағамыздан тәлім алған Несіп Жүнісбаевтың жазған кітаптарын, кейінгі толқын Қыдырбек Рысбектің жазған дүниелерін ерекше атап өтсем болады. Егер, спорт журналистикасына қызығатын болсаңыздар, міндетті түрде осы адамдардың кітаптарын бір рет қарап шықса, артық болмайды. Мұнымен қоса, эфир кезінде, яки болмаса мақала жазуда спорт журналисінің бейтарап болғаны жөн. Ешқандай бір командаға жанкүйерлік танытпауы тиіс. Бұл әсіресе, комментаторларға ауадай қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігінше шет тілін білу аса маңызды: бірінші кезекте ағылшын тілін, одан кейін испан, француз тілдерін білсе артық болмайды.
Әлемде спортты табыс көзін әкелетін саланың бірі деп есептейді. Яғни, ол медаль мен кубоктан ғана тұрмайды. Мәселен, шет елдік кәсіпкерлер қаржысының бір бөлігін спорт саласына құйып жатады. Оған Ресейдегі Роман Абрамовты, Лондонның «Челси» командасын сатып алған Алишер Усмановты мысал етуге болады. Жалпы, қаншама атақты байлар спортқа ақша салып жатады. Неге? Себебі, спорт арқылы олар өздерінің брендін қалыптастыруға, жарнама жасауға және табыс табуға да мүмкіндіктері бар. Бұл жағынан Қазақстанда ірі бизнесмендер спортқа көп ақша жұмсай қоймайды. Қазіргі кездегі мысал етіп алатын бір ғана адам – Қайрат Боранбаев. Ол Алматыдағы «Қайрат» кубогына қожайындық етеді. Бізде осындай бизнесмендер жетіспейді»,– деген ол спорт деген бизнеске айналғанда ғана өз-өзін ақтап, табыс әкелетіндігін айтады.
Әңгіме желісінде әріптесіміз спорт журналисіне қажет өзге де дүниелерді, көпке ой салатын спорттағы талай мәселені тілге тиек етті. Сонымен қатар спорттың әлеуметтік жауапкершілігі туралы да ойын ортаға салды.
«Қазақстан журналистикасы сияқты спорт журналистикасы да ұрпақтар сабақтастығынан айрылып қалды. Өз басым Несіп Жүнісбай ағамыздың мектебінен өттім. Қазір елімізде ұстаздық етуге қарым-қабілеті жететін журналистер баршылық. Мысалы, Бактияр Тайжан, Амангелді Сейітхан, Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңісұлы ағаларымыз жас әріптестерге көп нәрсе үйрете алар еді. Олардың потенциалын біз дұрыс пайдалана алмағандықтан, кейбірі басқа салаларға кетті. Спорт комментаторларының кәсіби деңгейіне қатысты сын жиі айтылады. Қазақстанда комментаторлар мектебі жоқ, халықаралық терминдердің қа-зақша аудармасы ресми түрде бекітілмегендіктен, сөздер жиі қате аударылады», – дейді Бек Төлеуов.
Медиа тренер сабағы барысында сыбайлас жемқорлықтың кесірінен еліміздегі спорт саласының дамымай отырғаны, Ұлттық құрамада ел намысын қорғай алатын небір талантты жастарға қиянаттың жиі жасалатыны да сөз етілді. Мұнымен қоса журналистер тарапынан бұқаралық спортты дамытуға қатысты ұсыныстар да ортаға салынды.
Вебинар барысында әріптесіміз аймақ журналистерінің қойған сауалдарына да жауап берді.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.