Сыбайластарға қарсы заңға өзгерістер енді

0
1963

Майлы ішектей бір-бірімен қабысып, бюджет қаражатын талан-таражға салатын жемқорлармен күрес күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Сыбайластыққа қарсы заң қатайып, айыптыларды абақтыға да тоғытып көрдік. Алайда, жең ұшынан жалғасқандардың одан айылы жиыла қоймады.

Ішкен-жегендерін желкелерінен шығарып, құстырып, он есе, жүз есе айыппұл салып, өмірбақи мемлекеттік қызметке жоламайтындай жазаға да тартылды. Бірақ, қоғамдағы жемқорлық жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай өршіп тұр. Бірі тендерден, енді бірі бюджет қаражатын жымқырып, тағы бірі кәсіпкерлерден ірі көлемде пара дәметіп, торға түскен шортандай шоршып жатыр. Бүгінгі мемлекеттік қызметке келгендер халыққа адал қызмет етеміз деп емес, ебін тауып екі асаймыз деп келетін сияқты. Қарап тұрсаң ауылдың әкімдерінен бастап, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыс әкімдері, олардың нөкерлері, жоғары эшалондағы министрлер сыбайластықпен шатылыпты деген ақпарды екі күннің бірінде еститін болдық. Тіпті, бұған ет үйренгендей.
Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлармен күресуде түрлі шаралар өткізуде. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселе бойынша жаңа заңнамаға өзгерістер енгізді. Бұл заңнама құлқынның құлы болған ашкөздерге сабақ болса дейміз ғой. Осы жағдаяттарға орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық новеллалар тақырыбында агенттіктің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ернар Мақажановтың қатысуымен брифинг өткізілді. Брифинг аясында Е. Мақажанов 6 қазанда Мемлекет басшысы қол қойған үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заңға енгізілген ұсыныстар бойынша баяндады. Ақпарат құралдарының басын қосқан брифингте журналистер қауымы толғандырып жүрген сауалдарына жауаптар алды. Жемқорлықты жұлынға кірген жегіқұрт десек те, одан арылудың орнына, керісінше қан сорған сүліктей тұмсығын сұға түскен шенді-шекпенділер шегінер емес.
«Бетің қисық болса айнаға өкпелеме» дегендей, елге өнеге көрсететін шенділердің (бәрін бірдей сөгуден аулақпыз) яғни, ары да, қолы да таза емес, бас бармағы бүгулілерге қарап, халық қандай үлгі алады. «Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғы дөңгелек сонда жүреді» демекші, жоғарыдағы шенділерден көргенін жергілікті биліктегілер қайталап жүрген жоқ па, осы? Сыбайластарға қарсы күресте заңнамалардың ұдайы өзгеріп, қатқылдана түскенін қалың бұқара екі қолдарын көтеріп тұрып қолдайды. Заң шынайы жүзеге асса, жемқорлардың да жемсауы тарылатын шығар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ