Қыс қыр астында: автожолдардың дайындығы қалай?

0
2232

 Санаулы күндерден соң, қара жолға қар түсіп, жолаушылардың әбігерге түсе бастайтыны анық. Осы орайда республикалық маңызы бар күре жолға жауапты кәсіпорындардың қысқа дайындығын тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын.

Олардың құрамына: Төтенше жағдай департаментінің бас маманы Рустем Ахметжанов, «Жол активтерінің ұлттық сапа Орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы зертханасының меңгерушісі Ғалия Асанова, Жол полициясының аға лейтененты Талғат Қасым, «Алматы-Қорғас» участогінің бас маманы Нұрбол Сапаров, «ДЭУ-90» кәсіпорынның басшысы Жанатбек Байсейітов, «Алматы-Қапшағай» участогінің бас маманы Н. Алипова, «ДЭУ-15» мекемесінің басшысы Бауыржан Абировтар қазан айының алғашқы аптасында «Алматы-Қапшағай» мен «Алматы-Шелек-Қорғас» автожолына қызмет көрсететін кәсіпорындардың алдағы қыс дайындықтары қандай деңгейде екенін көздерімен көріп қайтты. Оның нәтижесі туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалы зертханасының меңгерушісі Ғалия Темірханқызы айтып берді.
– Ашығын айтқанда көңіл толарлықтай емес. Мекеме басшылары «Әлі де уақыт бар ғой» деген сыңаймен арқаны кеңге салып отырғандай көрінді. Алдымен комиссия мүшелері Заречный поселкесінде орналасқан «ДЭУ-15» кәсіпорынына барды. Олар 67 шақырымды қамтитын «Алматы-Қапшағай» участогіне жауапты. Мұнда жылыту қазандығы, автотұрақ, қойма мен жол тазалауға арналған екі техникасы бар екен. Жылыту қазандығына 140 тоннадай көмір мен екі электр насостың қажеттілігі белгілі болды. Сондай-ақ, қыс мезгілінде ауадай қажетті 4000 шаршы метр құмның 140 шаршы метрі ғана дайындалыпты. Орындалғаны 6 пайыз десекте болды. Ал техникалық тұзды жоспардан артық 453 тоннаға жеткізіпті. Қалай десекте, кәсіпорынның қысқа дайындығына көңіліміз толмады. Кемшіліктердің орнын жуық арада ретке келтіріп, қосымша техникаларды жалға алуын тапсырдық. Дәл осындай көріністі «Алматы-Шелек-Қорғас» участогіне жауапты «ДЭУ-16» кәсіпорыннан да көрдік. Мекеме Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында орналасқан. Олар таспа жолдың 175 шақырымына жауапты. Кәсіпорында үш техника болса, оның біреуі ғана жарамды. Қысқа қажетті 9000 текше метр құмның 150 текше метрі ғана жинақталған. Жоспар бойынша 800 тонна техникалық тұз жиналуы тиіс болған, алайды, мұндағының бары 150 тоннаға әзер жетеді. Комиссия мүшелері Панфилов ауданының Көктал ауылындағы «ДЭУ-90» кәсіпорында да аталған олқылықтардың орын алғанын өз көздерімен көрді. Атап айтқанда қажетті 3000 текше метр қиыршық құмның 280 текше метрі ғана дайындалған. Сол сияқты техникалық тұздың қажеттілігі 400 тонна болса, жиналғаны 150 тонна. Қысқа дайындығы 19 пайыз деген сөз.
Комиссия тарапынан аталған кемшіліктерді шұғыл арада жөнге келтіріліп, қысқа дайындық жұмыстарын жедел ширату керек екендігі әр кәсіпорын басшыларына қатаң ескертілді. Техникаларды жалға алу жұмыстары да тапсырылды.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,
журналист.


ПІКІР ЖАЗУ