«Журналист даулы мәселеде эмоцияға берілмеуі керек»

0
2541

Түркітілдес журналистер қорының  ұйымдастыруымен өткізіліп келетін вебинарлар түрлі тақырыпты арқау етіп қана қоймай,  оның мазмұнды әрі мәнді өтуімен де ерекшеленуде. Осыған дейінгі өткізіліп келген әр сабақтың көтерген  жүгі де салмақты. Әр аймақтан  қатысып жүрген БАҚ өкілдеріне вебинардың берері мол десек те болады.  Өткен аптаның жұма күнгі сабақта «Даулы мәселелер: әлеуметтік-заңдық  жауапкершілік» атты тақырыпты қамтыған әріптесіміз, Республикалық  «Заң» газетінің редакторы  Айнұр Сембаева заң  саласына қатысты  маңызды ақпараттармен  бөлісті.

Вебинарды  ашып, жүргізген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия ханымның сөзінше, қазіргі таңда БАҚ өкілдеріне,  журналистерге өшігетіндер аз емес. «Қит етсе журналистерді сотқа  сүйреуге, психологиялық тұрғыда қысым жасауға бейім, яғни,  ақпарат  дұрыс болған күннің өзінде қорқытып, қысым жасап,  абыройларына нұқсан келтіретіндер көп. Осындай жағдайда бізді құтқаратын тек   заң  ғана.  Ал, бұл –  біздің кәсіби деңгейімізді көтеруге   сеп болар сабақтың бірі» – деді   Нәзия Жоямергенқызы.

Расында, дау-дамайдың ортасына түсіп, осы жайында журналистік зерттеу жасағанда, сот отырыстарына қатысуда  көп жайтқа  баса назар аудара бермейтініміз анық. Жалпы, журналист жұмыс барысында жеке бас қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуі керек, жалған ақпарат журналисті адастырмас үшін не істеу қажет? Бұл жайында танымал журналист, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр ханым өзінің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып баяндады.

Қазір қоғам іші даулы мәселелерге бейім болып кетті. Журналистер ғана емес, кез келген адам даулы  дүниелерді айтуға, көрсетуге, соның ортасында   жүруге  ынталы, әуес болып алды.  Біз осы  даулы  мәселелерді  жазуға, жалған ақпараттардың тарап кетпеуіне көмек көрсетуіміз қажет. Ал даулы мәселелер, заңдық жауапкершілік дегенде  нені ескеру керек?  Осы тұрғыда әріптесіміз   тәжірибесін алға тартып,  жіберген қателіктермен бөлісе отырып, ойын ортаға салды.

Сонымен,  даулы мәселелерді жазғанда  журналист нені ескеру керек?  Кез келген журналист даулы дүние жазғанда міндетті түрде ақпараттың анықтығына, мәліметтердің шынайылығына көз жеткізіп барып,  әлеуметке ұсынуы тиіс. Оның  сөзінше,  даулы мәселелерді жазғанда  болжам айту көп. Даулы істерде болжаммен,  долбармен қандай да бір қорытынды жасауға болмайды. Өйткені, болжам деген алдағы  уақытта болатын дүниелерге жасалуы тиіс,  долбарды болашақта болатын нәрселерге қатысты айтуға болады. Ал нақты болып жатқан даулы мәселелер бойынша журналистер өзіндік  уәжін біреулерге таңуға қақысы жоқ. Бұл белгілі бір тараптардың құқығын шектеу болып табылады.

«Кез келген даулы мәселеде міндетті түрде екі тарап болады. Бір тараптың сөзін мақұлдап, бір тарапқа   басымдық беру арқылы сотта, болмаса,  белгілі бір деңгейде  осы бір тараптардың біріне артықшылық беріп, істің дұрыс, өз деңгейінде, сапалы   қаралуына теріс  ықпал етіп жатады. Бұл  жайлы судьялар съезінде де ең негізгі мәселе етіп  көтерген еді. Яғни, әлеуметтік желілер, журналистер  сот ісіне, судьялар қызметіне жөнсіз араласады. Өздерінің ойын, тұжырымын тықпалайды. Сол  арқылы істің дұрыс шешілуіне кей жағдайларда кері әсерін тигізеді дейді. Рас,  мұндай жағдайдың бар екендігін мойындауымыз керек. Сонымен бірге, бізде  қандай қателіктер бар? Өздеріңіз білесіздер,  әрбір редакцияға  арыз-шағыммен келетіндер көп. Қазіргі жағдайда тіптен көбейді. Себебі  адамдардың құқықтық сауаты артты, дауды бұрынғыдай жұдырықпен, болмаса араға адам салып емес, сот арқылы,  құзырлы органдар көмегімен, тіпті болмағанда  журналистердің   қатысуымен шешкісі келеді.  Ал мұндай жағдайда  біз не істейміз? Бізде көбінше редакцияға кім арыз айтып  келді, сол арыз  дұрыс деген қате түсінік  қалыптасқан.  Ал арыз айтып  келген адам өз мәселесін айту арқылы  сіздің оған деген жанашырлық сезіміңізді оятуы мүмкін. Қысқасы, оған деген аянышты сезіміңізді тудыру арқылы ол  өзінің сотта яки тергеуде жатқан ісіне  журналистердің ықпалын қалайтындығын  көрсетеді. Осы тұста ескерер жайт, арыз айтып келген адамның барлығы бірдей  дұрыс бола бермейді. Міндетті түрде екі тараптың да өз ойын айтуына, өз  уәжін келтіруіне мүмкіндік беруіміз керек», – деген әріптесіміз даулы дү-ниелердің  қоғамда резонанс тудыратыны сирек екенін де айтты. Оның сөзінше,  саяси, әлеуметтік, қаржылық, тұлғалық тақырыптардан гөрі, құқықтық тақырыптар көбірек резонанс тудырады.  Осы ретте  сөз ауанын   құқықтық даулы істердің резонанс тудыруына не әсер етеді дегенге ойыстырды.

«Даулы  істердің көбеюі:  біріншіден,  әлеуметтік желінің  күшеюі,   екіншіден халықтың құқықтық сауатының өсуі, үшіншіден, азаматтық қоғамның белсенділігі  әсер етуде. Бұрын да даулы істер болды, құқықтық қайшылықтар кездесті. Алайда бұлардың барлығы бірден-бірге жетпеді, көпшілік талқыламаған  соң   біразы жабулы қазан  күйінде қалып келді. Ал енді  әлеуметтік желінің  күшеюі  бізді осындай даулы істерді  талқылауға, шарасыз адамдардың мәселесіне көп  болып араласуға, содан  белгілі бір деңгейде жақсы нәтижелер шығаруға  жұмылдырды. Әлеуметтік желінің мықтылығы да осында. Бірақ, бұл жердегі әлеуметтік желінің  кемшілігі, мұнда  сүзгі жоқ. Әлеуметтік желіге шыққан, талқыланған  даулардың  барлығына  бірдей көз жұмып сенуге болмайды. Олардың басым көпшілігі біржақты  берілуі мүмкін. Бұл өз ретінде  екінші тараптың сотта, құзырлы органда жеңіліс табуына,  белгілі бір деңгейде  кедергіге ұшырауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, әлеуметтік желінің күшеюінің оң жағы да, теріс жағы да бар. Және ондағы жазылған ақпараттың бәріне бірдей сене бермей, журналист ретінде  екі тарапты бірдей сөйлетіп,екшеп алған жөн. Екіншіден, халықтың құқықтық сауатының өсуі. Мұның да оң жағы бар. Жоғарыда тілге тиек еткенімдей, бұрындары жұдырықпен яки болмаса төте жолдар арқылы өз мәселесін шешетін болса, қазіргі таңда халықтың құқықтық санасы әлдеқайда көтерілген. Яғни,  барлық мәселені заңды жолмен шешуге ұмтылады. Ал енді бұның минусы не? Минусы сол,  қазіргі кезде болмайтын, тіпті айтуға келмейтін  ұсақ дауларды көпшілік аудиторияға шығарып жіберді. Сот, құзырлы орган ірі,  үлкен істермен айналысудың орнына  көршімен-көршінің,  туыспен-туыстың арасындағы болмашы ренішке қатысты дауларды шешуге, араласуға мәжбүр  болып отыр. Бұның да плюсі мен минусы бар. Келесі,  азаматтық қоғамның белсенділігі. Бұрын қандай да бір дау туындай қалса біздің азаматтық қоғам жабулы қазан жабулы,  мелшиген қалпы, аса көп араласпай, кей жағдайда болмаса, үлкен істердің барлығы сол қалпы, дауға қатысты адамдардың төңірегінде ғана, шеңберінен шыға алмай  қалатын.  Ал қазір белгілі бір істерге азаматтық қоғамның пікір білдіріп, ой қосып, осы іс оң шешілсе  екен деп бірігуінің арқасында  көптеген мәселе құзырлы органдарға жетіп, биліктің құлағына тиіп,  мемлекеттің естуіне мүмкіндік туғызып отыр. Азаматтық қоғамның белсенділігінің минусы бар ма?  Бұл да –  бір мәселе. Бүгінде  топ болып біреуді мансұқтау, қаралау секілді кемшіліктер бой көтеруде.  Айтпағым,  қандай жағдайда болмасын журналист ретінде екі тарапты сөйлетуді назарда  ұстасаңыз, ешқашан ұтылмайсыз» – деген   Айнұр ханым өз сөзінде   даулы істен резонанс жасау үшін қоғамдық  пікір  туғызып,  сол арқылы билікке әсер етуде  құзырлы органдарды  қимылдату үшін не істеу керек және оларды кім туғызады деген сауалдар бойынша да   кең ауқымда  түсіндіріп берді. Мұнымен қоса   түрлі дау-дамайлардың ортасында жүргенде болмаса зерттеу жасағанда, сот отырыстарына қатысқанда қандай жайттарға ерекше мән беруі қажеттігін де айтты.

Шынында  да даулы  мәселелердің дұрысы мен бұрысын анықтау журналист  үшін оңай емес, бұл тұрғыда заңды да білу қажет. Гүлнәр (М) апай  жазбасында айтқандай-ақ,   заң саласына қатысты мақала жазғанда көп дүниені ескермей, білмей,  сүрініп  жататын кездеріміз көп.  Вебинарда Айнұр әріптесіміз бүгінгідей журналистер қолымен от көсеуге бейім адамдар көп заманда осыны мықтап ескеруді, қандай даулы мәселе болмасын журналистің эмоцияға берілмей, әр істің астарына терең үңіліп, ақылмен ақ-қараны ажырата білу керектігін де  қадап  айтты.

«Шеврон» компаниясының қолдауымен, Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен өткізілген бұл вебинар да журналистер үшін өте құнды, есте қаларлық практикалық сабақ болды.

 С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 


ПІКІР ЖАЗУ