Тарихын табыс көзі еткен Түркия

Тұмса табиғатымен тамсандырған Бурса

Сұлу Стамбулдан кейінгі екінші күнгі сапарымызда жорғадай тайпалған жолдармен автобусымыз БУРСАҒА қарай бет түзеді. Келгелі бері Түркияның терең тарихы туралы сыр шерткен Беркан мырза ендігіде Бурса қаласы туралы да әдемі ой өрімдерін ортаға салды. Айтуынша, Бурса Османдардың алғашқы астанасы болған жер. Бүгінде Түркияның төртінші үлкен қаласы болып табылады. «Кезінде ағылшындар мен француздар Стамбулды жаулап алған. Чанаккаледе алты ай бойы соғыс болған деседі. Теңіз арқылы жаулап алмақ болыпты. Австралиядан жауынгерлер алып келген. 200 мың жауынгер қаза тапқан. Чанаккеледе қырғыздар, қазақтар, өзбектер, әзірбайжандар бірге соғысқан» – дейді ол.
Жол-жөнекей де Стамбул туралы түрлі ой қаузаған жолбастаушымыздың әр сөзінен оның туған жеріне деген шексіз махаббатты мен құрметі тәнті етті. Бір ғана Беркан мырзаның ғана емес, мұндағы әр түрік азаматының бойынан өз еліне деген патриотттық сезімдерін бірден байқай аласыз.


Ызғытқан автобусымыз Бурсаға барар жолда Осман Гази көпірінің үстімен өтті. Бұл туралы да оның айтары аз емес. Айтқандай, ұзындығы 2700 метрді құрайтын көпір 1974 жылы салыныпты.
Көріп, естігеніміздей Бурсада Орхан Газиға қатысты атаулар көп екен. Тарихының басым бөлігі де осыған тікелей қатысты. Орхан Гази византиялықтармен ұзақ мерзімді соғыс жүргізген. Оның тұсында
Бурса Түркияның астанасы болған. Беркан мырзаның айтуынша, Орхан Гази мен оның әкесі Осман Газидің мазары үлкен бақта орналасқан. Екеуінің де мазарында 24 сағат бойы құран оқылып тұрады. Әрі тәулік бойы күзетіледі. Сонымен қатар бұл жерде ХІХ ғасыр соңында Абдул хамит сұлтанның құрметіне сағат мұнарасы тұрғызылыпты. Бурсада барған кезекті орын әйгілі СҰЛТАНДАР ҚАҚПАСЫ болды. Тек қана сұлтандар кіріп шығатын атақты қақпа ХІІІ ғасырда салынған екен. Бүгінде Салтанат қақпасы деп аталады. Тағы дәл осындай 5 қақпа бар көрінеді. Әрі бұл аудан мраморлы аумақ болып табылады. Таныстыру барысында Беркан мырза жуырда ғана мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгендігін айтты. Шынында да, сәулетшілердің негізгі тінді сақтай отырып, жұмыстарын керемет орындап шыққаны көрініп-ақ тұр.Бурсадағы тағы бір көрікті орын деп 600 жылдан асқан ҰЛЫ ЖАМИ мешітін айтуға болады. Мұның да тарихынан сыр шерткен жолбасшы бұл Бурсадағы ең үлкен мешіт болып саналатынын айтты.


«Ұлы деп аталатын себебі, селжүктер стилінде салынған мешіттің 20 күмбезі бар. 1396-1400 жылдар аралығында І Баязит сұлтанның бұйрығымен салынған. 1396 жылы Никополде болған соғыста Баязит Аллаға: «Жолымды болдыра көр. Егер жеңіске жетсем, 20 мешіт салдырам», – деп жалбарынады. Соғыс бітеді, Сұлтан жеңеді, мешіт салдырайын десе, қазынада ақша жоқ. Содан діни мәселелерде кеңес беретін ұстазынан ақыл сұрайды. Ол 20 мешіттің орнына 20 күмбезді бір үлкен мешіт сал дейді. Ұлы мешіттің тарихы – осындай» деп ағынан жарылды ол.
Мешіттің ішінде субұрқақ бар. Қабырғаларында Осман каллиграфиясының үлгісі ретінде 192 жазу да бар екен. Мешітке кіргеннен жаныңа ерекше бір жайлылық сезіледі. Неше жылдық ескі тарихымен еңсені көтерген мешіттің іші сан ғасырлық үзілмей жасалып келген құлшылық рухына сүңгітіп, бір сәт тыныштық рухына малындырды. Негізі, мұндағы көп дүние қолмен жасалынғанын да айта кеткен жөн болар.


Пресс-тур бағдарламасы бойынша табан тіреген Орхан Газидің Бурсаны қалай жаулап алғаны бейнеленген ПАНОРАМА МУЗЕЙІ тіпті керемет-ақ. Нысан ішіне аяқ басқаннан-ақ көне тарихтың иісі аңқиды. Мұндағы екінші қабатқа көтерілгенде тірі суретті көз алдыңызға әкеледі. Әрі сол заманға топ ете түскендей күйге бөленесіз десем, сенетін бе едіңіз?! Мұндағы шықылықтаған құстың үні де әсем музыкамен бірге астаса түсетіні, тіптен ғажап дерсің. Ал Осман Гази қамалы алыстан менмұндалайды. Шыны керек, қаламға қасиет бітірген суретшілер шеберлігі де тәнті етті. Жолбастаушы Беркан мырзаның айтуынша, бұл жерде жұмыс істеген 8 суретші картинаны 4 жыл бойы салған. Оған 7 миллион доллар жұмсалыпты. Ал суретшілердің бірі әзірбайжан, енді бірі украин болса, қалғандары түріктер екен. Тарихымен де туризімін дамытқан түрік ағайындарынан үйренеріміз көп-ақ. Осындай тірі тарихтың куәсі болғанға не жетеді!

Жалғасы бар…

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ