ҚАНДАСТАР ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

0
1824

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде ата-қонысына оралған қандастарды қолдап, қорғаштаудың орнына, өзегінен теуіп, кеудесінен қағып, кері итеріп келеміз. Оралмандар деп мұқаттық. Елбасына күн туғанда, қашып кеткендер деп күндедік, азаматтығын алуда әуре-сарсаңға салып, жүндедік.Мемлекеттік тілді емес, ресми тіл, орыс тілін білмейді деп тілдедік.

Қойшы әйтеуір, «отырса опақ, тұрса сопақ» етіп жамап-жасқаудан танбадық. Қытайдың аз ұлттарға жасаған, қуғын-сүргінін көріп, абақтыға түсіп, зорлық-зобалаңынан зәбір көргендер шекара бұзып, Қазақстаным қапыда қалтырмас деп қашып келді. Обалы не керек, соттатпадық, уақытша тұратын куәлік бердік. Азаматтық ала алмай, уақытша куәліктің мерзімі өтіп бара жатқан соң, Швеция, Түркия арқылы Америка асып кеткен қандастарымызда бар. Сонда «Қанына тартпағанның қары сынсын. Әр қазақ менің жалғызым» деген тәмсілі, Сабыр ақынның нақылға айналған отты жыры әдірем қалғаны ма?! Түрлі қиянат пен құжат жинаудан қажығандар «Отаным деп келгенде, көрген жақсылығымыз осыма еді» деп, жат өлкелеріне қайта көшіп кеткендер қаншама?! Орақпен алқымынан орып жібергендей «оралман» деген сөздің өзі, өңмендерінен өтетінін талай рет айтып мұңдарын шаққан-ды. Осы орынсыз атауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі араласып «Қандастар» деп айтылсын деген пікір білдірді. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей, азаматтық алғаны бар, ала алмай жүргені бар, шағын кәсіп ашып шаруаларын дөңгелетіп жүр. Ақиқатын айтсақ, тұрғылықты халықтан гөрі, Монғолия, Қытайдан келген қандастарымыз мал шаруашылығына және жерді игеруге аса бейім болып шықты. Алдымызды орап кетті. Қызыға да, қызғана да, қарадық.
Ой, мына Қытайдан келген қазақтар жер, мал десе желімдей жабысады екен. Миллиардтардың ішінде жүріп, ұлтарақтай жердің қадірін түсініпті деп сүйіндік, күйіндік! Енді, сол, қандастарға кең байтақ Қазақстаннан жер телімін беруге енжар болып отырмыз. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп, сонда кімге айтып жүрміз! Алакөл, Сарқан аудандарын аралап, қандастардың қал-жағдайын біліп қайтқан «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы облысы бойынша фронт-кеңсе жетекшісі Құрметбек Сансызбайұлы біраз мәліметтің шетін шығарды. Сарқанға 2012 жылы Қытай мемлекетінен көшіп келіп, 2013 жылы азаматтық алған Бейсенбек Көпбосын бауырымыздың ахуалын мәлімдеді. Аудан орталығы Сарқанға тұрақтаған қандасымыз ешкімге алақан жаймай, өз күшімен 200 бас ұсақ мал, 50-дей ірі қара өсіріп отыр екен. Алайда, өзіне бекітіліп берген жер телімі жоқ, қиналып жүргенін айтты. Қамығып жүрген қандасымызға қоңырау шалып, мән-жайды толығырақ білдік.
Бейсенбек Көпбосынның айтуынша, көшіп келген соң Шығыс Қазақстаннан 50 бас ұсақ мал сатып алыпты. Содан елдің қоспасын жиып, мал бағып кеткен. «Өзімде малсақ жан едім. Ешкімге алақан жаймадым. Ақырындап мал басын көбейттім. Алайда, мал дәрігерлері малыңыздан бруцеллез шықты деп, өзімді де, әйелімді де ауруханаға жатқызды. Жиған малым шығынға кетті. Сүрініп, қайта тұруға тура келді. Қорқақтап, әкімдікке барып жер сұрамадым. Қазір 200 бас қой, 50-дей ірі қарам бар. Шіркін мал бағатын жер болса, қалғанын өзім жасап алар едім. Жер телімім болмағандықтан, Ақсу ауданындағы Жұлдыз деген адамның жерін жалға (арендаға) алып отырмын. Ол жерді бұрынғы ақы иесі Асқар деген кісі Жұлдыздан қайта сатып алыпты. Жақында келіп кетті. Әзірше, пайдалана тұр деді. Бір күні жерді босат десе, қайда барарымды білмеймін» – деп ішкі назын айтты ол. -Малдарыңыздың бәрі сырғаланған ба? –деген сауалымызға орай ол: «Сырғаланған, мал дәрігерлері келіп тұрады. Тиісті ем-домын жасайды» – деді.
«Неге жер телімін сұрап, жергілікті әкімдікке бармадыңыз?» дегенімізде «жер бермейді» деген оймен жүре бергенін айтты.
Қалай десек те, мәселе, жергілікті билікте болып тұр. Елге қоныстанған қандастардың есеп-қисабын дұрыс жүргізсе, қандай іспен айналысып жүргенін біліп тұрса, мұндай келеңсізік болмас еді. Керісінше, өзі қарекет жасап, кәсіппен айналысып жүрген шаруаға Сарқан қаласының әкімдігі аудан әкіміне айтып, қолұшын созуы тиіс еді. Алайда, «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» дегендей, «Отандастар қорының» жетекшісі Құрметбек Сансызбайұлы арнайы бұл жаққа бармаса, жабулы қазан жабылып қала берер ме еді?!.
«Жыламаған балаға емшек бермейтінін» қандасымыз, азаматтық алған бауырымыз Бейсенбек Көпбосын-да кеш білген. Бес баласы бар, шағын кәсіп иесіне Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков өзі қолұшын созып, қандастарымызды қалтарыста қалдырмайды деп сенейік ?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ