Көрсеткішке қарасаң, Қазақстанда бәрі «о’кей» немесе бір Құдайдан басқа кімге сенеміз

0
1232

Осы біз бір Құдайдан басқа кімге сенеміз. Қалың бұқараның құдіреті күшті Құдайдан кейінгі сенері Президент пен Үкімет еді. Олардың құрамы министрлер мен әкімдіктер. Одан бөлек, заң шығарып, бюджетті бекітетін Сенат пен Парламент Мәжілісі бар. Тұрмыс тауқыметінен тарыққандардан бастап шаруаларының қиюы қашқандар, несие сұрағандар, әділдік іздегендер, ауыз суға зарыққандар жергілікті биліктен бастап, жоғарғы эшолонға дейін шағымданып жатады. Солардың басым бөлігінің жоғары билікке деген өкпесі қара қазандай. Неге?

«Біреудің жоғын біреу өлең айтып іздейді» дегендей, билік өкілдерінің сырғытпа жауаптары көптің көңілін көншітпейді. Олардың атқарып отырған жұмыстарына қанағаттанбайды. Күн сайын шарықтаған баға, қымбаттаған азық-түлік пен коммуналдық төлемдер бұқараны титықтатып жіберді. Елдегі жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік, өрттей қаулап барады. Ал, биліктегілердің көрсеткен көрсеткішіне қарасаң, Қазақстанда бәрі «о’кей».
«Алтын сандықтың» үстінде отырған Қазақстанда Менделеев таблицасындағы 118 элементтің 99 пайызы бар. Бірақ, осыншама көл-көсір шикізатты ат төбеліндей олигархтар бөліп алып, қара халыққа қазан түбіндегі қаспақты жалатып отырғанын көкірегі ояулардың бәрі айтады. Содан ғой Қазақстаның сыртқы қарызы бас айналдырып, көзді қарауытатын цифрға жеткені. Өзекті өртейтін өкініші биліктің халыққа берген есеп қисабының бір-бірімен үндеспейтіні зығырданыңды қайнатады. Сонда біз кімге сенеміз! Мәселен, Сенаттағы жиында Қазақстанның сыртқы қарызы 25 пайызға көбейді деді. Бұл аз ба, көп пе сарапшылар мен экономистер айта жатар. Өз басым, қарыз алып байыған адамды көрген жоқпын. Мемлекет те солай. «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады». Сол сырттан алған қарызды тиімді пайдаланып жатырмыз ба? Бар гәп осында! Ақша көрсе көмейлері бүлкілдеген жемқорлар ел экономикасын тұралатып отырғаны баршаға аян. Бір таңқаларлығы, Сенаттың сол жиынында Қазақстанның экономикасы 3,1 процентке өсті деген ақпарат таратты. Экономкамыз шынымен өрлеп жатса біз неге өзге мемлекеттерден жиі-жиі қарыз ала береміз. Тура осы цифрды сенат жиында жариялағанда телевизия журналисі Нартай Аралбай «Аа, қуасыңдар ма шенеуінктер! Ауырсаңдар, айтсаңдаршы апарып емдемтейік те» деп ашына айтқан бейнебаяны интернетті жарып тұр. «Халықты ойлаймын деп шапқылап бастарың жасамай қалған сияқты ғой» деген журналист жұртты жұмыспен қамтуға бюджеттен 1 000 000 000 000 ( бір триллион теңге!) бөлінген екен. Үкімет оған тағы қосымша 325 000 000 (үш жүз жиырма бес) миллиард теңге сұрап отыр деген журналист «халықты жұмыспен қамтимыз деп қыртпай, сол жұмыссыз жұртқа ана ақшаны бөліп бере салыңдаршы. Өзіміз бір бәле қыламыз. А то полюбому жеп қоясыңдар», – дейді. Міне, біздің билік өкілдерінің қоғам алдындағы бет-бейнесі. Бәріне бірдей, топырақ шаша алмаймыз. «Бірақ, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші жемқорлықпен шатылған шенділердің өзге әріптестерінде халыққа жексұрын көрсетуін қалай ақтап алуға болады. Мұндайды, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дейді. Себеп, қалың қауымның түсінігінде билік өкілдерінің бәрі жегіш, бюджет қаржысын жымқырғыш, жең ұшынан жалғасқан жемқорлар деген түсінік қалыптасқан. Өйткені екі күннің бірінде билікте жүргендердің жемқорлықпен шатылып, сотты болып жатқандарын интернет пен көгілдір экран көрсетіп, ақпарат құралдары жазып жатыр. Оған тағы да бір нақты дәлелді айтуға болады. Билік органдары бірінің көзін бірі бояп отырғандай. Нақты көрсеткішті жасырып-жауып қалу әдетке айналған ба дерсің. Кешегі кеңестік кезеңде бес жылдық жоспар деген бағдарлама болды. Көрсеткішті асыра көрсетіп, ауыл ауданды, аудан облысты, облыс, республика басшыларын алдайтын 100 қойдан 180 қозы алдық деп ұрандайтын. Астықта өзге жоспарларда асыра сілтеу болғанын кешегі кеңестік кезеңде қызмет жасағандардың өздері жырдан қызық етіп айтып жүр. Әйткенмен ол кезеңде бір жүйелілік бар еді. Қазіргідей жүйесіз кетпеген деп еске алады ардагерлер. Өткенді неге айтып тұрмыз, себеп, ескіден қалған әдет, кешегі кеңестің шекпенінен шыққан кадрлар әлі қызметте жүр. Солардың «ауру қалса да әдеті қалмай, әкім қаралар, министрлер Президеттің өзін алдап жүр. Мысалы, Сенаторлар жиында: «қазір қазақстанда 450 000 адам жұмыссыз жүр» десе, артынша Қазақстан Республикасы Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі елде 136 000 адам жұмыссыз» деді. Қайсына сенеміз. Сонда кім-кімді алдап отыр? Сенаторларға бұл цифрды кім берді? Сонда, кім Алдаркөсе. Сенаторлар ма, әлде Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі ме? Жүйесіздік деп осыны айтуға болатын шығар. Бір кездері «100 мектеп, 100 аурухана» халықты ауыз су мен қамтуға байланысты «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асты. Талан-таражға түскен қайран қаржы діттеген жеріне жұмсалмай, жең ұшынан жалғасқандардың қалтасында кетті. Мектеп, аурухана, ауыз суға қатысты талай шенділердің сотты болғанын көрдік. Солардың бәрі жоғарыға жалған ақпарат беріп келген. Артынша, істеріндегі былық-шылықтар ашылып, ішкен -жегендерін құсып, абақтыдан бірақ шыққандарын ел біледі. Әлі күнге дейін, өтірік айтудан ауыл әкімдері аудан әкімдерін, аудан әкімдері облыс әкімдерін, облыс әкімдіктері республика басшыларына өтірік есеп беріп жүр. Жалған болмаса неге Сенаттағылар айтқан жұмыссыздықтың көрсеткіші Еңбек және халықты қорғау министірінің ақпаратымен сәйкес келмейді. Қазір халықтың сана сезімі оянған. Баяғы октябрь революциясына дейінгі сауатсыздық жоқ. Кешке, ақпарат жаңалықтарын көріп, көгілдір экранға көз сүзе қалсаңыз әр канал өз жаңалықтарымен бөлісіп жатады. Әр түрлі цифр естисің де қайран қаласың. Енді, қайтадан, Нартай Аралбайдың видеосына оралайық. Ел мүддесін көздеген біздің шенеуніктер өсімдік шаруашылығына 66,3 миллиард теңге бөлетін болыпты деген журналист «Бұл не деген өсімдік, жұмақтың ағашын әкеліп егейін деп жатсыңдар ма? – деп ашынып, « қазір Қазақстанда 1922 ауылда сапалы ауыз су жоқ. Халық ауыз сусыз отырғанда өсімдікке 66,3 миллиард теңге бөлетіндей «к-ңнің» астынан су шықты ма? – дейді. Міне, жоғарыда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасының жеткен жері. Елді мекендерде бір ұрттам таза суға зарығып, лай суды тұндырып ішіп отырған ауылдар бары ақиқат. Элекр бағаналарын өздері тартып, көшеге, шағыл-құм төгіп , «жолды қашан салып бересіңдер, мектебіміз қашан жаңарады. Біз қай ғасырда өмір сүріп отырмыз» деген ереуілді көгілдір экран екі күннің бірінде көрсетеді. Ол аз десеңіз жасалған жолдардың сапасыздығы жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі дабыл қақты. Жолдардың сапасыздығына жіті бақылау жасап жатқан «ҚазАвтожол» жоқ, жасалған жолдарды ақылы етеміз деп республика бойынша ауыр-жүк көліктерінің жүргізушілері ереуілге шықты. Осының барлығына кім кінәлі. Әрине билік өкілдері. Нартай әріптесіміз депутаттарға қаратып айтқандай, «мұнайға бай мемлекеттің 1922 ауылын да ішетін су жоқ. Қайдағы цифровизация, қайдағы дамыған ел туралы айтамыз. Ең сорақысы, біздің сенаторлар алдағы екі жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдағанына налып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаратып базнасын айтты.
Бізде, барлығын Президент өзі бақылап, өзі бағыт-бағдар көрсетіп, жоғарыдан жарлық пен шешім шығармаса, қол астындағылар цирктегі сиқыршылар сияқты цифр ойнатып, Мәжілісті де, Сенатты да, қала берді күллі халықты алдайтын болды. Экономикамыз шынымен де өрлеп жатса, неге өзге мемлекеттерден қарыз аламыз? Неге елді мекендер ауыз суға жарымай отыр? Халықтың күн көріс деңгейі неге төмендеп кетті? Неге қымбатшылыққа ұрындық? Сенаторлар мен Еңбек және Халықты Әлеуметтік Қорғау Министрінің жұмыссыздар туралы көрсеткіштері неге екі түрлі?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бір жиында: «Бізде тым құрысса шұлық шығаратын зауыт жоқ» деген болатын. Отыз жыл шикі өнімді сатумен айналысқан Қазақстанда қайдағы өрлеген экономика. Шаруашылықтар мен кәсіпорындар субсидия мен банктерден несие алып, кепілге қойған мүліктерін қайтарып ала алмай, экономикалық соттардың табалдырығын тоздырып жүр. Ауыл шаруашылығы да ажарланып тұрған жоқ. Қазақстанда қыл аяғы жеріне шыбық қадасаң шынарға айналатын мекенде көкөніс те удай қымбат. Былтыр індет басталғалы қымбатшылыққа ұрынған халықтың көбі бақыр санап қалған. Базардағы еттің бағасынан төбе шашыңыз тік тұрады. Екінің бірі банктерге кредитке байлаған. Қалың бұқара, банктерден қарыз алып жүрсе, Мемлекет өзге мемлекеттерге қарызданып жүр. Демек, халық та, мемлекет те кедейшілік кейіпте. Сонда, қай экономикамыз өрлеп тұр. Кімге сенеміз?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ