Бағдарлама көмегімен бизнес бастады

0
1346

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант туралы білгісі келетіндер саны күн санап өсуде. Себебі, қаржыны қайтармайтын грант өз кәсібін дамытқысы келетіндер үшін үлкен қолдау.

Қайтарымсыз гранттың жалпы соммасы: 555 600 теңге. Дәл қазір кәсіп бастап кетемін деген азамат үшін кәдімгідей көмек. Бұл бағдарламаға жұмыссыз жастар, көпбалалы аналар, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері қатыса алады. Жоғарғыда аталған санаттың біреуі анықталса, жұмыспен қамту орталығына жүгініп, «жұмыс іздеуші» деген статусқа ие боласыз. Содан кейін қайтарымсыз несие алу мақсатында өтініш бергеннен кейін жұмыспен қамту орталығы өз тарапы бойынша жолдама ұсынады. Сол арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 1 айлық оқу курсын оқып, біліміңізді сынау мақсатында тест тапсырасыз. Жақсы бағадағы көрсеткіш көрсетсеңіз, сізге сертификат беріледі. Нәтижесінде арманыңыздағы кәсіптің жобасын жобалайсыз. Мысалы, шаштараз ашатын болсаңыз, шашты қию, үтіктеу және басқа да керек заттардың тізімімен бағасын ұсынасыз. Сөйтіп, 555 600 теңгеге өз салаңыз бойынша қажетті құрал-жабдығын сатып аласыз. Егер комиссия отырысы сіздің жобаңызды мақұлдаса, есепшот пен ЖК (жеке кәсіпкерлік) ашып, өз кәсібіңізді дамытасыз. Жалпы алғанда, осының бәрі шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасалуда. Қандай да бір кәсіп басталса, адамдар жұмыспен қамтылады. Кәсіп жүрген соң адамның табысы артады. Сөйтіп жүріп мемлекетке де белсенді салық төлейді. Бұл да ел экономикасына елеулі көмегін тигізеді.
Бүгінде мақсатты түрде жоспар құрып, мемлекеттің қолдауынан үлкен нәтиже шығарған жандардың саны өсуде. Солардың бірі 2017 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Төлеген Жұматайұлы. 2019 жылы жұмыспен қамту орталығының ұсынған 3 айлық курсты Талдықорған медициналық колледжінде «массаж» мамандығы бойынша оқиды. Білімін шыңдау мақсатында Алматы облыстық ауруханада іс-тәжірибеден өтеді. Төлеген аға жеке кәсіп ашуды жоспарлау мақсатында «Бастау Бизнес» оқу орталығында білім алады. Нәтижесінде, қайтарымсыз несиеге ие болып, «Алтын қазына» атты денсаулық сақтау орталығын ашады.
«Қоныс аудару барысында жұмысқа орналасу қиынға соқты. Әйелім екеуіміз де жұмыссыздар қатарынан орын алдық. Бірақ, талпыныстың арқасында бүгінгі нәтижелі күнге қол жеткізіп отырмыз. 2020 жылдың желтоқсан айында қайтарымсыз несиеге қол жеткіздім. Елде орны алған эпид ахуал байланысты көптеген жоспарымыз кейінге шегерілсе де, мақсатымызға қол жеткіздік. Басында жаңадан ашылғандықтан келушілер саны аз болды. Бірақ, жұмысты тиянақты атқарғандықтан, бір рет келген клиентіміз жасаған ем шараларымыз ұнағандықтан қайта есігімізді қақты. Карантиндік талаптарға байланысты алдын ала телефонға қоңырау шалып, жазылып қояды. Келген әрбір науқастың жазылу барысы бойынша қызмет жасаймыз. Қазіргі таңда жұмысымыз қарқынды жүруде», – дейді Төлеген ағамыз.
Үш қызды тәрбиелеп отырған отбасы бұл кәсіпті дамыту жолында үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Жар таңдау мен мамандық таңдауда қателесуге болмайды демекші мен таңдау барысында қателеспедім, – деп ағынан жарылды сағида тәтеміз. –Жаныма әркез демеу беретін жарым бар және сүйікті ісіммен шұғылданған сәтте шаршаудың орынына ләззат аламын. Ауырып келген әр жанға күш-қуат беріп, аяғынан нық тұрған науқастың жүзіндегі қуаныш мен үшін маңызды. Былтыр дәл осы уақытта Төлеген есімді бала қатты науқастанып келіп еді. Шыны керек, қанша дәрілер ішсе де, әсер етпеді. Ақыр соңында біз ұсынған массаж көмектесіп, оң нәтиже берді. Сол сәттегі оның ата-анасының қуанғаны әлі есімде. Бұл тынымсыз еңбегіміздің бір көрінісі десек болатындай. Қазіргі таңда түрлі диагнозбен ауырып келушілер қатары өте көп. Аурудың алдын алуда қозғалыс жаттығуын ұсынамын» деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Орталықтың жұмыс бөлмесінде тұрған көптеген алғыс хат пен дипломдар мұндағылардың үздіксіз еңбегінің жемісі деуге әбден болады. Алдағы уақытта орталық жұмысы одан әрі кеңейтіліп, буындары ауырып сырқаттанған жандарға арналған арнайы бөлім ашуды жоспарлауда.
Бүгінде әр өңірде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында облыстық Кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асуда. Біз тілге тиек еткен отбасының бірі осы жобаның арқасында кәсібін дамытуда. Қалай дегенмен, «жағдайымыз төмен, қолдан келер шара жоқ…» деген құр сөзбен жүргенше, одан шығудың жолын қарастыру керек. Осы орайда Абай атамыздың «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөзі ойға оралады.

Ардагүл ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ