Арқарлы асуындағы петроглифтер мемлекет қорғауында

0
833

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен облыстық журналистермен блогерлер Алматы-Талдықорған жолының бойында Арқарлы асуының жанындағы Жоламан ауылына табан тіредік.

Мақсат «Алматы облысында Таңбалы тастар жойылып барады» деген ақпараттың анығына көз жеткізу. Бұл туралы кеңірек айтып өтсек. Аталмыш тастардың қиратылып жатқаны туралы 2017 жылы ақпарат тараған еді. Сол себепті, жоғарғы басшылар мен зерттеушілер жедел түрде арнайы комиссия құрып, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізілуі және Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Арқарлыдағы петроглифтерді сақтап қалу мақсатында іс-әрекетке көшкен болатын. Негізі осы уақытқа дейін таңбалы тастардың бар екенін білмегендіктен, қараусыз қалған бұл аймақ «Архарлы-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктес және «Кереев и К» толық серіктес орталығынның қарамағында болып, қиыршық тас шығаратын зауыт жұмыс жасаған. «Кереев и К» толық серіктес орталығында 2007 жылы меншікке берілген 136,88 гектар жердің мемлекеттік актісі бойынша зауыт салынып, ескерту жұмыстары жасалғанға дейін қызмет жасап келген. Қазіргі уақытта бұл аумақта жұмыс тоқтап тұр, ешқандай тас өңдеу жүргізіліп жатқан жоқ. Екінші жеке меншік иесі «Архарлы-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестің меншігінде жалпы көлемі 105,7 гектар құжат бойынша тиесілі екен. Бұл кәсіпкерлік орталықтың орналасу аймағында яғни екі таудың бөктерінде таңбалы тастардың орны анықталған. Табылған әрбір тарихи тастардың құжаттары мен сызбасы жасалған жағдайда ғана мемлекет меншігіне қайтарылады.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстара келе, әлеуметтік желіде тараған кеткен жалған ақпараттар жайында түсініктеме берді.
«Арқарлыдағы тарихи тастар қиратылып, кәсіпкерлер өз кәсібін дөңгелетіп отыр» деген сияқты мәліметтер бойынша шыққан дау-дамайды тоқтату мақсатында сіздерді жұмыс барысымен таныстырғымыз келді. Негізі бұл ақпаратты осында аяқ баспаған археологтардың атқарып жатқан жұмыстарын көрмей жазғандары өкінішті-ақ. Үстіміздегі жылдың сәуір айында археологтармен келісім-шарт жасалып, мамыр айынан барлау жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда Арқарлы петроглифтердің 70 пайызы анықталды. Анықталған тарихи тастардың құжаттары дайындалуда. Құжаттармен қатар сол жерлердің картасы жасалып, Кербұлақ ауданының электронды базасына енгізіледі. Егер жеке меншік иелері табылған жағдайда түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытқа дейін екі кәсіпкер анықталған болған, аудан әкімдері келіссөз жұмыстарын жүргізіп қойған. Бұйырса, қыркүйек айында жұмыстар толық аяқталады деп жоспарлануда. Жұмыстар нәтижелі болып жатқан жағдайда конференция ұйымдастырып, атқарылған іс-әрекеттерге есеп береміз» – деді ол.
Сондай-ақ, оның сөзінше археологиялық саябақ жасау туралы пікір де түскен. Бірақ, ол көп қаражатты талап ететіндіктен, алдағы уақытта тарихи тастардың аты, мерзімі жазылған, орналасқан аймағы жөнінде суреттермен бейнеленген үш тілді қамтыған альбом шығарылатынын атап өтті.
Археологтардың жұмыс тәртібімен танысуда тапқан тас-тарын да көрдік. Археолог Ольга Гумированың айтуынша, зерттеу барысында қиратылған тастар арасында жұмыс жасау қиынға соққан. «Тарихи тастың жартысы қопарылып үгіндіге айналып кетті. Сондықтан толық зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр. Бірақ, шама шарқымыз келгенше, зерттеу барысы тоқтаусыз жүргізілуде», – деп ағынан жарылды ол.
Үш мың жылдық тарихи бар бұл тастардың тарихи құндылығы сезінбеу мүмкін емес. Өткенді білмей болашаққа бағдар салу қиын. Тастарда арқар, салт атты адамдар, аңшылық кезіндегі бейнелер бейнеленген. Қазіргі таңда тастардағы бейненің кейбірін анық көру мүмкін емес. Себебі осы уақытқа дейін жауған жаңбыр, табиғаттың тылсым күштерінің әсері болар. Зерттеу жұмыстарын жүргізіліп жатқанда байқағанымыз, таңбалы тастардың көбісіне зауыттар тиіспеген. Техникалық машиналардың қопару жұмыстары үлкен күшпен әрекет еткендіктен, бұл жерде табиғаттың тылсым күштерінен орын алғанын аңғарасың. 2017 жылдан бері қорғауға алынған бұл аймақтан тарих беттерінен ойып тұрып орын алатын тастардың табылатынына сенуге болады.

Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ