Аруақты алалағандар немесе Жамбылды жамандағандар

0
1309

Қазақ  аруақты жамандамайтын. Тіпті жаман деген адамның өзін ақыреттік сапарға шығарарда  күнәсін Алла кешсін – деп жамандыққа қимайтын. Имам жаназа шығарып, жақсы адам ба еді десе, иә, жақсы адам деп, о дүниелік марқұмды табаламайды. Құдай төбеден ұрғанда біздің тірілеріміз, ірілеріміз аруақтармен алысып ақиқат айттым деп жүр. Бір емес, екі емес, үш бірдей аруақты көрде тыныш жатқызбады. Басқа-басқа, Жамбыл Жабаевты  даттап, шығармаларын түкке  тұрғыссыз қылып сынағандардың бірі – мүйізі қарағайдай қазақ ақыны Мұхтар Шаханов. Оның аузынан «Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған» – деген сөзін естіп, астапыралла мынау не сұмдық деп жағамызды ұстадық.

Ауыз әдебиетінің айшықты өкілі, жырау, суырыпсалма ақын Жамбылды мойындамау –  Мұхтар ағамызға не үшін қажет болғанын бір Құдай өзі білер. Өмірі кедейлікпен өтіп қартайған шағында Құдай бағын жандырып, басына бақ қондырған Жамбылды күстәналау Мұхтар ағамызға лайық іс емес еді ғой. Бір ғана Жамбыл емес, Мұқағали Мақатевқада ауыз салып, Жұқағали Бұқатаев деп, Мағжанның өліміне Мұхтар Әуезовтің де кінәсі бар деп жариялаған жырларын ел біледі. Алдыңғы арба қайда жүрсе,  соңғы арба да солай жүреді деген емсе пе?? Интернет желісінде: Жамбыл Жабаевты не үшін дәріптеуіміз керек? Ол Сталиннің қолшоқпары деген сыңайда, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа қарата сын айтқан тағы бір әулие пайда болыпты. (Жазғандарын өшіріп  тастадыма аты-жөні ойымда қалмапты іздеп табалмай отырмын) Олда бабамызды Сталиннің қол шоқпары деп көкиді. «Көрген-көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» – деген сөз осыдан шықса керек. Алдыңғы ірілеріміз өлілермен алысып жатқан соң, алапес болған соң, соңынан ерген інілері де іріңді соқтаны шашыратып, ағадан көргенін көсеумен түртіп отырған жоқ па? Жамбыл ұрпақтары мен ақын мұрасын құрметтеуші бір топ азамат Жазушылар одағына барып, аруаққа тас атқан «Жамбыл ақын емес деп жырын қорлаған, қолын көкке сермеп, көп сөйлеп кететін Мұхтар Шаханов жайлы мәлімдеме жасағанда,  ақын ағамыз райынан қайтып қатты кеткенін мойындады. 560 адам қол қойып, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулетовке баруы, Мұхтар аға үшін үлкен сын. Хат танымаған Жамбылда өз заманындағы саясаттың терісін иледі. Жырла дегенді жырлады. Бар жағдайын жасап қасына хатшылар берген соң, жадында сақталған қисса-дастандарды айтып қана қоймай, заманды билеген көсемді жырға қосса оның несі әбестік.  «Сталиннің туфлиін жалаған, Сталиннің қол шоқпары» – дегендер айна алдында отырып, өз-өздеріне бір рет қарап қойса қайтер еді. Өзін адал, ала жіп аттамадым тура жүрдім, тура сөйледім деген Мұхтар ағамыз жайлы ақтөбелік ақын Мейірхан Ақдәулетов сол бір Желтоқсан оқиғасы кезінде көрген теперішін айтып, көмек сұрап Мұхтар Шахановқа барғанда,  «арттарың қышып алаңға неге бардыңдар» – деген ащы сөзінің  өзі адуынды ақынның кімнің ығында болғанын көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, Мұхтар ағада пенде. Жаңылды, жаза басты. Ең өкініштісі самай шашы ағарып, бұтақ жайған алып бәйтерек болғанда, жастарға  жол көрсетудің  орнына, өмірден өткендердің артынан шам алып жүгіруі көңілге кірбің ұялатты. Зиялы деген ағамның елге зияны тие жаздады. Ақын ұрпақтарымен мұрасын зерттеушілер, жалпы қазақ қоғамы екіге жарылды. Енді, атағы жер жарып тұрған ақынның өз сөзіне мән беріп көрелікші.

«Менің мынадай бір ұстанымым бар. Кім шындығын жоғалтып алса, ақты ақ деп айтудан қалса, яғни сөзі басқа, ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса, пенделігі өзіне ғана емес, еліне де зияны тисе, ондай ақынның да, ғалымның да мазмұны далбаса. Сондықтан шындықты айтқаным үшін, аруақтардың барлығынан кешірім сұраймын» – деген қоғам қайраткері   сол аруақтардың жақсысын асырып, жаманын неге жасырмады екен. Өмірден өткен аруақтардың көлеңкелі өмірін айтып, жырларын сынағаннан кім ұтты, кім ұтылды. Ақиқат айтқан осы екен деп, Мұхтар ағасындай сарапшыл болғысы келдіме, әлгі интернетте Жамбылдың 175 жылдығын не үшін тойлаймыз деген көксоққанға жол болсын. Елді алатайдай бүлдіргенде шығар биігі қайсы? Тым құрыса сол азамат Жамбыл атамыз 15 күн-түн жырлаған «Көрғұлы» дастанның бір шумағын жатқа айта алады ма?  Әй, қайдам!  Құдайға шүкір Жамбылды қорғап қолпаштайтын туған халқы бар. Көкшетаулық айтыскер ақын, жазушылар одағының мүшесі Құдайберлі Мырзабеков фейсбукте Жамбыл жайлы теріс пікірде жүргендерге басу айтты: «Айналайын ағайын, болашақтан үміттеріңіз болса бір-біріңді ғайбаттауды, аруаққа тіл тигізуді қойыңдар! Керемет әділетті болсаңдар, батырлықтарың бойларыңа сыймай жүрсе, олар таныта алмаған ерлікті жасап көрсетіңдер, сонымен бірге өз бастарыңнан кешіп көріңдер. Әйтпесе, ешкімді күстаналауға хақыларың жоқ. Жүз жасаған Жамбылды сөгетіндей халыққа қандай еңбек сіңірдіңдер? Не Алланы, не аруақты сыйлауды ұмытқан қоғамда ешқандай періште қалмайтынын білмейсіңдер ме? Періште безен елде – бірлік те, береке де  болмайды. Әр адам алдымен өзіне қарасын, өзін түзесін. Біз бүгінгі шылық пен былықтарды ұрпақтарымызға қалдырмауға тырысайық» – депті,  Міне аталы сөз! Әттең осы сөз атағынан ат үріккен нар тұлғалы ағалардың ауызынан шықпады-ау.

Жамбыл бабамыздың өз тілімен, үнімен айтар болсақ:

Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,

Ақыл нұсқа айтқанды жек көріп жүр.

Жинап ап дүниенің күл қоқырын,

Апарып қай шұңқырға төккелі жүр, – дегені өмірден өткендердің күл-қоқырын жинап алғандар ақын тілімен айтар болсақ, қай шұңқырға төгіп жүр. Жұмыр басты пенде болған соң жаңылмайтын жақ,  сүрінбейтін тұяқ жоқ деп, қоламтаны қоздатпай-ақ қойса игі еді ғой. Аруақтардың өмір тарихын қазбалап, жақсысын  жарнамаламай, кем-кетігін теріп жаһаннамға жар салып жүргендер  шынымен ақиқатшыл ма? Өзекті өртейтін өкініші – Жамбылды,  Мұқағалиды,  Мұхтарды және тағы басқада тұлғалар жайлы айғайлап аттан салғандардың мақалаларын жариялап көгілдір экрандар сол арқылы өздерінің рейтингілерін көтеріп, интернет сайттар  өздеріне жазылушылар (подписчиктер) жинап бақты. Әсіре қызыл сөзге бармай-ақ  қоялық, Жамбылдың көзінің тірісінде де, «бұл ақын емес қасындағы хатшылары жазып береді» – деген арыз Москваның орталық комитетіне қарша борған. Қазақты-қазақ күстаналап жатқан соң, Жамбылдың ақындығына күмәнданған орталық комитеттен Леонид Сергеевич Соболев  Жамбылдың ауылына келеді. Қасында Мұхтар Әуезов болған. Жамбыл – Мұхтар Әуезовты, «Қызыл нарын» деп атайды екен. Есіктен кіріп келген москвалық қонақ Леонид Соболев пен Мұхтарды көрген Жамбыл :

«Аман есен келдің бе, Қызыл нарым,

Аяғы да, мойны да ұзын нарым.

Қыз-келіншек қуанып қалған шығар,

Кіріп барсаң тобына бұзып жарып – деген екен.  Сонымен қатар, Москвадан келген қонаққа қарап тұрып :

«Мейман достық – қазақтың бір белгісі,

Сый көрсету қазақтың жоралғысы.

Жорға міңгің келе ме, жүйрік міңгің

Тілегіңді айта отыр, мейман кісі», – дейді.  Босағаны аттап кіріп келген меймандарды көріп, жағы талмай жырлай жөнелген осы үрдістің бәрін не  таңғажайып, тамаша бұл деп, Мұхаң ерекше қуанып, қолын шапалақтайды. Москвадан келген мейман Леонид – Мұхтарға қарап, не ғажап болды деп жалтақтапты. Ғажап, ғажап, – дейді Мұхаң орысшалап, содан соң жаңағы өздері жазып алған өлеңді, Леонид Сергеевичке қолма-қол аударып береді. Жамбылдың импровизаторлық өнеріне тәнті болған Леонид Сергеевич оның сақалынан сүйіп алады. Оның құлағына еңкейіп, маған арнап айтқан өлеңіңіз жорғадан да, жүйріктен де қымбат депті. Дастархан басында әңгіме-дүкен құрған  москвалық мейман қоштасып, Жамбылдың үйінен шығарда ақынды қолтығынан демепті. Леонид оның кебісіне аяғын сұға алмай кідіріп қалғанына күліп. Вот Жәке, вот! – деп кебісін көрсеткенде, Жамбылда от болса, от деп, кебісін бір аяғына киіп, екінші аяғын сұғынып жатып :

«Жігіт едім жасымда қысылмаған,

Көрсеткен жоқ тірі жан қысым маған

Тар саңлаудан дәл соққыш мерген Жамбыл

Кең кебісін кие алмай пысылдаған», – деп өлеңдете жөңелгенде, Мұхтар Москвадан арнайы тексеруге келген Соболевқа «енді сендің бе?!», – депті.  Міне, бұл үзінді Жамбыл Жабаев туралы төрт томдық шығарманың төртінші кітабында тұр. Біздің қанымызға сіңіп, айықпас ауруға шалдыққан күндестік кеселі ХХ-ғасырда да тоқтамаған. Жанды жаралап, жүректі сыздататын бұл кеселді бойына тез сіңіргендер қазір архивті қазбалап сонау зобалаң замандарда бірін-бірі сатқан зиялылар туралы ащы шындық деп айғайлап жүр. Соның қажеті бар ма? Оның пайдасынан зияны қаншалықты екенін елеп-ескеріп жатқан жоқ. Егер өздерін сол заманға қойып көрсе, бәлкім олай айтпаған болар еді. Тіпті, оның ақындығына шек келтіргендер Жамбыл өлең  айтқан жоқ, жазу білмейді. Біз жазып бердің деген хатшы болғандардың бір ауыз сөзін, не болмаса қол хатын тауып бере алмайды. Жамбылдың өлеңдерін талдағанда да, оны ауыз әдебиетімен ұштастыру керек екенін, күстанаушылар білмейді емес біледі. Бірақ пенделігі мен мендігі басып тұр. Жамбылды даттап жүргендер ана тілінің уызына қанбағандар ғой дейін десең,  Мемлекеттік тіл үшін, алаңға шығып қол жинап, топтың алдында қой бастаған серкедей  серпіліп  Мұхтар ағам тұр. Авар жұртында Жамбылмен тұстас болған кеңестік идеологияның жылымық тұсында шапағытына бөленген дағыстандық Сүлейман Стальский деген жырау болған. Олда хат танымаған.  Атағы Ж. Жабаевпен қатар шыққан.  Дағыстанды мекендеген халық оны ешқашан даттаған емес.  Ендеше, біз неге жүзге толғанша қолынан домбырасын тастамаған  қарт жыраудың мадағын асырудың орнына, аруақты қорлап, тіл тигізуіміз керек.

Биыл ақынның 175 жылдығы – түркі тілдес Түркия, Қырғызстан мемлекеттерінде шығармалары түрік қырғыз тілдеріне аударылып, мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Алла бұйырса қарашада Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Жамбыл Жабаев құрметіне  қазақ-қырғыз арасында халықаралық ақындар айтысы өтпек.

Жүректі сыздататыны  өзге мемлекеттер қазақ өзін-өзі табалаудан алдарына жан салмайды, өлгендеріне де маза бермейді екен десе сүйегіңе түскен таңба осы болмай ма..

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ