Жангелді Немеребай, ақын : «Мүшелікке лайық дегендердің ғана құжаттары одаққа жіберіледі»

0
1595

Қазақстан  жазушылар  одағы басшылығына   Ұлықбек  Есдәулетов   келгелі еліміздің  барлық өңіріндегі одақтың филиалдарының жұмысы одан әрі жанданды. Әр өңірдегі бөлімшелердің  жаңа басшылары тағайындалып, қарқынды  істер атқарыла бастады.  Соның бірі ретінде   Алматы облыстық  Жазушылар одағы филиалының жетекшілік  құрамы  өзгерді. Жетісу өңіріндегі одақ басшысының орынбасары болып ақын Жангелді Немеребай сайланды.  Екі жылға тарта уақыт ішінде өңірімізде небір әдеби шаралар ұйымдастырылып,  ақын-жазушылардың кітаптарының тұсауы да кесілуде. Жалпы, аймақтағы одақтың жұмыс барысы қалай өрбуде,  Екі жылда не істелініп, не қойды? Алдағы жоспарлар барысы туралы ақын ініміз Жангелді Немеребаймен сұхбаттасқан едік.

– Еліміздің  барлық  облысындағы  Жазушылар одағының филиалы жұмыстарына едәуір өзгерістер жасалғанын білеміз. Осы тұрғыда сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда?

–  Қасиетті қара  шаңырақ Жазушылар одағы  кеңестік дәуірден бері барлық облыста жұмыс жасады. Тәуелсіздік алғанан кейін тұрымтай тұсымен, балапан басымен  күй кешкен уақытты  одақ  мүшелері  басынан өткерді. Кезінде Талдықорған өз алдына облыс болып тұрғанда  бұл филиал «Аққұс» деп аталып, басшылық басында  Әбен Дәуренбеков,  Болат Дәкер, Нағашыбек Қапалбек   сынды аға буындар болды. Ол дәуірдегі филиал жұмысының қандай болғанынан хабарым жоқ.  Менің  білетінім  филиал  басшылығына  ақын  Ерлан  Жүніс, қазіргі таңда  басқарып отырған  танымал ақын, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты  Әміре Әрін келген  кезеңдер. Ендігіде бұл істің басы-қасына өзімде бел сыбана араласып жүрмін. Бүгінде өңірде  100-ден аса  Жазушылар одағының мүшесі бар. Олардың арасында біразы бақилық болды. Аға буынның ізін жалғап  келетін жастар легінен де одақ  мүшелігіне өткендер бар.  Соның  жиырма шақтысы Талдықорған қаласында тұрады.  Жазушылар одағына қабылдаудың өзіндік шарттары да  бар. Бұрынғы кездегі тәртіп бойынша  екі кітабын шығарғандар   одақ мүшелігіне қабылдана беретін. Биылдан  бастап, бұл шартқа өзгеріс еніп, ендігіде  үш кітап  шығарғандар  қабылданатын болды. Мұнымен ғана шектелмей,  әдеби ортада мойындалған қаламгер ретінде танылуы тиіс.

– Жәке,  қазір жазушы мен  ақындар  көбейді.  Қаржысы барлардың бәрі кітап шығарғыш болды. Ол оқылымды  болып, аудиториясын тауып жатса игі. Осындай адамдар мүшелікке өтіп кетіп  жатқан жоқ па?

Мысалға, одаққа мүшелікке қабылдаған бірер ақынның өлеңдерін оқып, қарным ашты. Бұл жайында не дейсіз? Сонымен қатар филиалдағы  штаттық бірліктер туралы да айтсаңыз?

– Жазғандарын сүзгіден өткізетін арнайы комиссия бар. Біз мүшелікке лайық деген  адамдардың құжаттарын одаққа жібереміз. Онда арнайы комиссия талқыға салады. Бұл қоғамда еш нәрсеге таңғалмайтын болдық. Тамыр-таныс арқылы өтіп жатса,  оны өткізгендердің ар-намысы білсін…

Ал,  біз одаққа мүшелікке өткізе алмай жүргендердің қатарында филология ғылымының кандидаты,  ақын Дүйсен  Аңсабаев  және жаркенттік ақын апайымыз, балалар жазушысы  Бағдат Айтмұқаева, ақын Төлеужан Ғұмаровта  бар. Бұл шаруа түрлі себептермен тежеліп тұр. Мүмкін  құжаттарын филиал арқылы емес, өздері апарып өткізгендіктен шығар. 

Енді филиалдың тыныс тіршілігі туралы сөз етсек, біз  облыстық Мәдениет басқармасының қарамағына кіреміз. Кішігірім болсада басқарма ішінен жеке кабинет  берді.  Ал, филиалда жеке бірліктер жоқ. Біз оны Жазушылар одағының өзі  беруі керек деп ойлағанбыз. Сөйтсек,   әр облыстың әкімдігі  өздері қолдау танытады екен.  

– Сөзіңіз аузыңызда,  Жамбыл,  Қарағанды облыстарында филиалдың бірлік штаты әрі  қаржы мәселесі  ішкі саясаттың қамқорлығына беріліпті.  Тіпті мініп жүрген көліктеріне дейін берілген  деседі. Сіздер де осындай ұсыныстарыңызды  облыс әкіміне жеткізуді ойлаған жоқсыздар ма?

– Жоқ, облыс әкіміне ондай ұсыныс айтылмады. Жоғарыда айтқанымдай, біздің филиал Мәдениет басқарма-сы қамқорлығына алғаннан соң  әдеби шараларымыз жанданды. Үлкен және жас буындардың шығармашылық кештерін өткіздік. Әдеби кітаптардың шығуы жайындағы кеңестік жиындар өткізілді. Сондай-ақ, филиал мүшелері кітап шығару комиссиясына қосылды. 

– Бұл өткізілген шаралардың барлығы мәдениет басқармасының үлесіне кірмей ме? Негізі,  мәдениет пен әдебиет бір десек те, қандай бір шара өткізу үшін ол қаражатқа барып тіреледі ғой?..

– «Осы болды Құлманбеттің өлген жері»  –  дегендей,  сіз мені тығырыққа тірей бердіңіз ғой. Егер филиал бұл шараларды жеке ұйымдастырса, оған қаражат қажет болар еді. Сондықтан мұндай жұмыстың  бәрін Алматы  облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткіземіз. Мәселен,  «Жапырақ жауған күз», «Ақпанда жауған аппақ қар»,  «Біз күткен көктем» тағы басқада тағылымды кештердің жоғары деңгейде өтуіне мәдениет басқармасының қосқан үлесі зор.

– ФБ желісінен Әмина Адайханның одаққа мүшелікке өтпей қалғанда жазған өкпе-ренішін оқып едім.   Бұл жайлы не дейсіз?

– Бұл жерде санға емес сапаға жұмыс жасау керек. Біз жергілікті жерден мүшелікке қабылдап билет бере алмаймыз. Тек  құжаттарын  ғана қабылдап, лайықты болса,  ұсына аламыз. Ал,  Әмина Адайхан одаққа мүшелікке өтуге  ниет танытқанда  пікір жазып бергенмін.  Екінші пікірді белгілі лирик ақын Исраил Сапарбай жазыпты. Ол да тиісті  құжаттарын  филиал арқылы емес, өз аяғымен апарып берді.  Негізі, мүшелікке қабылдарда біз одақ басшыларын арнайы  шақырамыз. Сол кісілердің қатысумен  салтанатты түрде тапсырылады. Ал, енді Әмина ақынның мүшелікке өтуі болашақтың еншісіндегі шаруа деп білеміз.

– Кей ақын-жазушылар шығармашылық кештерін немесе шығарған кітабының тұсауын кесуге сіздерді шақырып жатады.  Қазақ шақырған жерге құр қол барма деуші еді. Осы орайда кеш иесіне сый-сияпат көрсетуде филиал  қоржынында қаржы қарастырылған ба?

– Дұрыс айтасыз. Мәдениет басқармасының өзінің бір жүйеге қойылған бағдарламалық жоспары, жұмыстары бар. Атап айтқанда, өткен жылдан бастап Мәдениет басқармасының бас-шысы Марлен Көлбаевтың қолдауымен «Janr» жетісу әдеби клубы құрылды. Оның жетекшісі болып жазушы Есболат Айдабосын тағайындалды. Клуб жұмысының  бірлік штаттары жоқ болғанымен, оның заңды түрде жұмыс істеуі үшін мәдениет басқармасы  құжаттарын заңдастырып берді. Болашақта аталмыш клубпен атқаратын әдеби жобалар жоспарлануда.

 – Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рахмет.  

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ